Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қызыл жалыннан қаймықпаған Ғазиз

0 52

Адам баласының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күн сайын көзге көрінбейтін үлкен жауапкершілікті арқалап жүретін мамандықтар бар. Солардың бірі – өрт сөндіруші-құтқарушы қызметі. Қарапайым жұрт бейқам ұйқыда жатқанда бұл мамандық иелері кез келген уақытта дабылға дайын отырады. Кез келген қоңырау олардың тыныш таңын төтенше жағдай орнына апарар жолға айналдыруы мүмкін.

Төтенше жағдай қызметкерлері өртті ауыздықтап қана қоймай, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Осындай жауапты да абыройлы жолды таңдаған азаматтардың қатарында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Ғазиз Әлімқұлов та бар.
Ғазиз Момбекұлы 1982 жылдың 24 шілдесінде түгел түркі жұртының түпқазығы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Сазтөбе ауылында дүниеге келген. Ұстаздық ұлы жолды мәңгілік мұрат тұтқан әкенің, ақ халатты абзал жандардың қатарында мейірбике болып қызмет атқарған ананың өнегелі тәрбиесін көріп өскен Ғазиздің бала күнінен елге қызмет етуге деген талпынысы да ерекше еді.
Болашақ өрт сөндіруші 1999 жылы туған ауылындағы А.Макаренко атындағы орта мектепті үздік нәтижемен тәмамдайды. Осылайша Түлкібаста түлеп ұшқан азамат 2000 жылы арман қуып, әсем қала Алматыға аттанады. Жастық жігері мен білімге деген құштарлығын серік еткен ол 2004 жылы Алматы экономика және статис- тика академиясын аяқтап шығады.
Жастық жігері мен талап-талпынысы тасып тұрған талапты жас жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын 2004-2005 жылдары Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында орналасқан Б.Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімінде өтейді. Осында жүріп жас сарбаз әскери өмір мен қатар спортқа деген қызығушылығын да шыңдап, «ҚазСпас-2005» чемпионатына қатысып, елеулі жетістігі үшін осы чемпионаттың медалімен марапатталады.
Өмірдегі бір оқиға, бір сәттік жеңіс кейде адам тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып әкетуі мүмкін. Бала кезінен погон тағып, әскери қызметші болуды армандаған Ғазиздың өмір жолы – соған айқын дәлел. Жастық шағында чемпион атануы оның төтенше жағдайлар саласына келуіне жол ашып, кәсіби өмірінің жаңа белесін бастауына себеп болды.
– Адам болған соң бала кезден әр нәрсені армандап өседі ғой. Менің де бала күнгі қиялымда әскери салада қызмет етсем деген арман болды. Сала мамандарының айбыны мен асқақ бейнесі, киім үлгісі мен тәртібі мені ерекше қызықтыратын. Кейін әскери борышымды өтеп жүріп, «ҚазСпас-2005» чемпионатына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінген соң, Төтенше жағдайлар саласына деген қызығушылығым арта түсті.
Осылайша 2006 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп келемін. Уақыт бір орнында тұрған ба? Содан бері аттай желіп, жиырма жылдан аса уақыт өте шығыпты. Кәсіби біліктілігімді арттырып, маман ретінде шыңдалу мақсатында 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алдым. Бұл оқу ордасында алған теориялық білімім мен тәжірибелік машығым қыз- мет барысында үлкен септігін тигізді, – дейді Ғазиз Момбекұлы.
Біз кейде көшеде өрт сөндіру көлігінің дабылын қосып, жылдамдықпен өтіп бара жатқанын көзіміз шалады. Бұл – бір жерде қызыл жалын тұтанып, қою қара түтінге оранған нысанда адам өмірі үшін арпалыс басталғанының белгісі. Осындай сын сағаттарда талай мәрте батылдығы мен кәсіби шеберлігін танытып, шаһар тұрғындарына екінші өмір сыйлаған азаматтардың қатарында Ғазиз Әлімқұлов та жүреді. Мәселен, 2011 жылы қаладағы Б.Қойбақов көшесі, №4 үйдің төртінші қабатында болған өрт кезінде Ғазиз үш иінді және таяқ сатылардың көмегімен қызыл жалын мен қою түтіннің арасынан ер адамды қауіпсіз жерге алып шыққан. Ал өткен жылы Ә.Әйтиев көшесі, №8 үйдің үшінші қабатында болған өрт кезінде 1939 жылы туған қарт әйелді қою қара түтіннің арасынан құтқарып қалған ерлігі өз алдына бөлек әңгіме.
Ғазиз Момбекұлының осы саладағы қызметі тек өзінің кәсіби жолымен шектелген жоқ. Оның өрт сөндіру саласындағы еңбегін көріп, ағасының азаматтық қорғау қызметіндегі жауапкершілігі мен ерлігіне куә болып өскен інілері де біртіндеп осы мамандыққа бет бұрды. Бүгінде олардың әрқайсысы төтенше жағдайлар қызметінің түрлі буынында ел тыныштығы мен адам қауіпсіздігін күзетіп жүр. Атап айтқанда, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Әлімқұлов облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілік өрт сөндіру қызметінде абыройлы міндет атқарып келеді. Ал тағы бір інісі – азаматтық қорғау капитаны Жанболат Әлімқұлов Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Сазтөбе ауылында орналасқан №29 өрт сөндіру бекетінің бастығы қыз- метін атқарады. Ағасының жолын жалғаған азаматтардың қатарындағы немере інісі – азаматтық қорғау капитаны Қайсар Ергешбай Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №20 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып қызметін абыроймен атқарып жүр.
Сондай-ақ Ғазиздың бұл жолдағы ең үлкен қуанышының бірі – өзінің тұңғыш ұлы осы мамандықты таңдап, азаматтық қорғау ісіне ден қоюы. Бүгінде әке жолын жалғаған Нұрбақыт Момбеков Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық академиясының 1-курс курсанты. Осылайша бір кездері әскери саланы армандаған талапты жастың өмір жолы бүгінде тұтас бір әулетті азаматтық қорғау қызметімен тоғыстырып отыр.
– Әкемнің қызметін бала кезімнен көріп өстім. Оның өрт сөндіру саласындағы еңбегі, қиындыққа қарамай адам өмірін құтқаруға ұмтылысы мені әрдайым жігерлендіріп келеді. Әкемнің әріптестері мен ел азаматтарының оған деген құрметін көрген сайын, менің де жүрегімде «әкеме ұқсап елге қызмет ететін азамат болсам» деген арман қалыптасты. Сондықтан мен осы саланы таңдап, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық академиясына оқуға түстім. Бұл оқу ордасында білім алып, болашақта әкем секілді өз ісіне адал, қиын сәтте елге сүйеніш бола алатын маман болғым келеді, – дейді Нұрбақыт Ғазизұлы.
Ғазиз Момбекұлының төтенше жағдайлар саласындағы жылдар бойғы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қызметіне адалдығы мен саладағы 10, 15 және 20 жылдық еңбегі үшін «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар төтенше жағдайларға қосқан үлесі үшін де талай мәрте арнайы Алғыс хаттарға ие болған.
Оның өмірлік серігі Гүлжан Лесова да өз мамандығына адал жан. Ол Тараз қалалық перинаталдық орталығында мейірбике болып қызмет атқарып, ана мен бала денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп келеді. Осылайша еңбектің бағасын білетін, бір-біріне әрдайым қолдау көрсететін ерлі-зайыптылар екі ұл тәрбиелеп отыр. Балалары әкесінің елге қызмет еткенін, анасының адам жанына араша болып жүргенін көріп өсуде. Осындайда «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығы еске түседі.
– Өрт сөндіру саласының өзіндік қиындығы да, қызығы да бар. Ірі өрттер, биік ғимараттардан адам құтқару, қызыл жалын мен қою түтіннің арасынан адам іздеу – жүрекке салмақ түсіретін сәттер. Халқымыздың өрттен, табиғи апаттардан зардап шегіп, дүние-мүлкінен, кейде жақындарынан айырылғанын көру жанымды ауыртады. Осындайда адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екеніне анық көз жеткізесің.
Ал қызметтің қызығы – бірге жүрген әріптестерім, достарым, кезекшілік күндеріндегі сан түрлі оқиғалар мен естеліктер. Қиындықта бір-бірімізге сүйеніп, қуанышты бірге бөлісетін әріптестер уақыт өте келе жақын жандарға айналады. Осы жылдар ішінде талай жағдайды бастан өткердім. Бірақ ең есте қалатыны – қауіптен арашалап, адам өмірін сақтап қалған сәттер. Сол кезде өзіңнің осы мамандықты не үшін таңдағаныңды жүрегіңмен сезінесің, – деп Ғазиз ағамыз әңгімесін тебірене айтып тұрғанда аяқ астынан дабыл қағылып, басқарма қыз- меткерлеріне кезекті шақырту түсті.
Мұндайда әр секундтың бағасын жақсы білетін ол бізбен асығыс қоштасып, жарық шамдары жарқырап, дабылы безілдеген өрт сөндіру көлігіне бет алды. Көлік те көп бөгелмей, қала көшелерін бойлай зулап бара жатты. Біз оның соңынан қарап тұрып: «Иә, ол тағы да қызыл жалынмен бетпе-бет келеді, әріптестерімен бірге адам өмірін арашалауға аттанды», – дестік.
Қиын сәтте «112» нөмірін теріп, көмек күтетін біз үшін олардың әр шақыртуға дер кезінде жетуі – үйреншікті нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда сол жылдамдықтың артында машақатты еңбек, темірдей тәртіп, батылдық пен адам өміріне деген жауапкершілік жатыр. Ендеше ел тыныштығын күзетіп, өз өмірін қатерге тігіп жүрген Ғазиз Момбекұлы сияқты қарапайым да қайсар азаматтардың еңбегін ешқашан естен шығармасақ игі.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.