Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым

0 58

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттіліктің айқын нышаны. Әрбір елдің өз тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және азаттығын танытатын қасиетті белгілері болады. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – халқымыздың өткенін ұлықтап, бүгінін айшықтап, болашағына бағдар беретін қастерлі құндылықтар.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда бекітілді. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса маңызды күндердің бірі. Көк байрағымыздағы ашық аспан түс- тес көгілдір түс бейбітшілік пен бірлікті білдірсе, алтын түсті Күн – өмір мен молшылықтың, ал қыран – еркіндік пен биік мақсаттың символы. Тудың сабына жақын орналасқан ұлттық өрнек халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің сабақтастығын көрсетеді.
Мемлекеттік Елтаңбада шаңырақ бейнесі ерекше орын алады. Шаңырақ – ортақ үйіміздің, береке мен ынтымақтың белгісі. Одан тараған уықтар еліміздегі татулық пен бірлікті бейнелейді. Қанатты тұлпарлар халқымыздың еркіндікке ұмтылысын, батылдығы мен асқақ арманын танытады. Елтаңбаның әрбір элементінен қазақ халқының тарихы мен дүниетанымын көруге болады.
Ал Мемлекеттік Әнұран – жүрекке ерекше сезім ұялататын рухты рәміз. Әнұран шырқалған сәтте әрбір азамат бойындағы елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген құрметін сезінеді. Әсіресе халық- аралық жарыстарда көк туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шыр- қалғанда, әрбір қазақстандықтың жүрегін мақтаныш сезімі кернейді.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанды құрметтеудің бір көрінісі. Рәміздерге деген құрмет баланың отбасынан, білім ордасынан басталып, қоғамда жалғасын табуға тиіс. Өскелең ұрпақ мемлекеттік рәміздердің мағынасын терең түсініп, оларды қастерлеуді азаматтық парыз деп қабылдауы қажет.
Бүгінде көк байрағымыз әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін танытып тұр. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың азаттық жолындағы арманының жүзеге асқанын айғақтайтын қасиетті құндылықтар.
Туымыз – тұғырымыз, Елтаңбамыз – елдігіміздің белгісі, Әнұранымыз – рухымыздың үні. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді мақтан тұту – әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі Отанға деген сүйіспеншіліктің белгісі. Рәміздеріміз әрдайым биікте желбіреп, елдігіміз бен бірлігіміздің символы болып қала берсін!

Г.АЙТБАЕВА,
Тараз қаласы әкімі аппаратының
құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық
қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.