Қауіпсіз қала, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті құрметтеуден басталады. Өйткені көне шаһардың көшелері, аулалары, саябақтары мен демалыс орындары – баршаға ортақ кеңістік. Сондықтан қоғамдық жерде өзін мәдениетті ұстау, өзгелердің тыныштығын бұзбау және заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті.
Көшеде қоқыс тастау, тыныштықты бұзу, қоғамдық мүлікке зиян келтіру немесе айналадағы адамдарға құрметсіздік таныту ұсақ әрекет болып көрінгенімен, мұның бәрі ортақ тәртіпке кері әсер етеді. Заң талаптары ең алдымен адамдардың бір-біріне қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруы үшін қажет.
Бұл ретте Тараз қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалаумен Жамбыл облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы айналысады. Орталықтың негізгі міндеті – азаматтардың қылмыстар мен оқиғалар туралы өтініштері мен хабарламаларын қабылдау және тіркеу кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтар мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюды ұйымдастыру, сондай-ақ полиция күштері мен құралдарын тиімді басқару арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында орталық пен аумақтық кезекші бөлімдерінің «102» арнасына 50 мыңнан астам түрлі сипаттағы хабарлама келіп түскен екен. Хабарламалардың басым бөлігі немесе 35 813 қоңырау Тараз қаласына тиесілі. Осылайша жедел әрекеттің нәтижесінде полицияның кешенді күштері 1 645 қылмысты «ізін суытпай» ашқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 377 қылмысқа артық.
Жамбыл облысы полиция департаменті Жедел басқару орталығының аға инспекторы, полиция майоры Азат Смағұловтың айтуы бойынша, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 413 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді екен. Олар қоғамдық орындарда, көшелерде, әлеуметтік маңызы бар нысандарда және адамдар көп шоғырланатын орындарда орнатылған.
– Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары камералар арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіп, құқықбұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауды, күдікті тұлғалардың қозғалысын бақылауды және полиция нарядтарын оқиға орындарына жедел бағыттауды қамтамасыз етеді.
Бейнебақылау жүйелерін тиімді пайдалану нәтижесінде жыл басынан бері 19 460 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша – 156, 449-бабы бойынша – 56, 440-бабы бойынша 36 хаттама рәсімделіп, жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілері бойынша 19 205 құқықбұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар бейнебақылау камералары қылмыстарды ашуда маңызы зор. Бейнематериалдар күдікті тұлғалардың қозғалысын анықтауға, оқиғаның мән-жайын нақтылауға, қылмыстың жасалу механизмін қалпына келтіруге және дәлелдемелік базаны нығайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде полиция күштері мен құралдарының жедел әрекет ету тиімділігі артып, құқықбұзушылықтарға ден қою уақыты қысқаруда, – дейді Азат Дәулетұлы.
Қауіпсіз қала жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігі айтылатыны белгілі. Бұл ретте Ювеналды полиция қызметкерлері күн сайын ойын-сауық нысандары және жастар көп жиналатын орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз жүру фактілері, алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуы және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау қызметі заман ағымына қарай цирландырылып келеді. Айталық, Ішкі істер министрлігінің «Омниканалдылық» жобасы аясында Жамбыл облысында «Заң және Тәртіп» сервисі тұрақты жұмыс істеуде. Аталған сервис азаматтарға eGov Mobile, Kaspi.kz, Halyk Bank мобильді қосымшалары және «102» арнасы арқылы полицияға құқықбұзушылықтар туралы жедел хабарлама жолдауға мүмкіндік береді.
Осылайша жылдың алғашқы алты айында сервис арқылы 692 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 395 хабарлама немесе 57 пайызы – eGov Mobile, 255 хабарлама немесе 37 пайызы – Kaspi.kz, 30 хабарлама – «102» арнасы, 12 хабарлама – Halyk Bank мобильді қосымшасы арқылы жолданған. Өтініштердің басым бөлігі құқықбұзушылықтар мен жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілеріне қатысты болған. Сонымен қатар балалардың қатысуымен болған оқиғалар бойынша – 27, тұрмыс- тық зорлық-зомбылық бойынша – 22, жол-көлік оқиғалары бойынша 19 хабарлама тіркеліпті.
Қаланың жайлылығы оның тазалығымен де тікелей байланысты. Бұл ретте экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында да бейнебақылау жүйелері тиімді пайдаланылуда. Мәселен, камералардың көмегімен қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу және қоқысты белгіленбеген орындарға төгу бойынша 38 құқықбұзушылық анықталып, 24 азаматқа ескерту беріліп, 14 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осылайша бейнебақылау камералары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда оң нәтижелер көрсетіп келеді. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта да бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін одан әрі кеңінен пайдалану, жасанды интеллект элементтерін енгізу, цифрлық сервистердің әлеуетін арттыруға ден қойылатынын айтады.
Заңға бағыну тек жауапкершіліктен қорқу емес, өзгенің құқығын құрметтей білу деген сөз. Қоғамдық тәртіп күнделікті қарапайым әрекеттерден басталып, азаматтардың ортақ мәдениетіне айналған кезде ғана нәтижелі болады. Тәртіпті қала – тұрғындарына жайлы, қонағына қауіпсіз және келешек ұрпаққа үлгі болатын қала.