Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті. Әсіресе адамдар көп шоғырланатын сауда орындары мен кәсіпкерлік нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының мүлтіксіз сақталуы ерекше маңызға ие. Осы бағытта Тараз қаласында алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өңірде өрттің алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтер күн сайын ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау.
Осы жұмыстар аясында Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановтың бастамасымен адамдар көп шоғырланатын сауда нысандарында арнайы рейдтік-профилактикалық іс-шара өтті. Рейд барысында «Март» сауда үйі, «Toi-Toi» ойыншықтар дүкені және «Daniyal Damu» көтерме сауда орталығында өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалу деңгейі жан-жақты зерделенді.
Іс-шараға Әулиеата аудандық полиция бөлімінің бастығы Мерген Қойкенов пен Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Әміров қатысып, кәсіпкерлер мен нысан иелеріне алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы, эвакуациялық шығу жолдарының әрдайым ашық болуы, электр желілері мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсынымдар беріліп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Осындай мазмұндағы профилактикалық жұмыстар Жібек жолы ауданында да жалғасын тапты. Аудан әкімі Қарлығаш Аралбекованың қатысуымен өткен іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметкерлері, аумақтық инспекторлар және кәсіпкерлікті қолдау мен ауыл шаруашылығын дамыту бөлімінің мамандары жұмылдырылды.
Бірлескен рейд барысында аудан аумағындағы ірі сауда және кәсіпкерлік нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілді. Мамандар кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндіріп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратты. Сонымен қатар нысандардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі зерделеніп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар берілді. Бұл жұмыстар кәсіпкерлердің жауапкершілігін артты- руға, өрттің алдын алуға және адам өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Профилактикалық жұмыстар кәсіпкерлік нысандарымен ғана шектелмейді. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері тұрғындар арасында да кең көлемде түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Кезекті рейд барысында құтқарушылар Тараз қаласының тұрғындарымен кездесіп, тұрмыста өрттің алдын алу, электр желілері мен тұрмыстық электр құралдарын қауіпсіз пайдалану, газ жабдықтарын дұрыс қолдану, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау мәселелері жөнінде кеңінен түсіндірді.
Жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі және төтенше жағдайлар саласы мамандарының бірлескен іс-қимылы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Өйт- кені өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі әрі адам өмірі мен қоғам тыныштығын қамтамасыз етудің басты кепілі.
Еркін САЙЫН