Қазақ даласында ғасырлар алмасып, заман өзгерсе де халқымен бірге жасайтын ұлы тұлғалар болады. Олар өз дәуірінің ғана емес, келешек ұрпақтың да рухани шамшырағына айналады. Сондай даралардың ең биігінде – Хәкім Абай тұр. Ол – ақын ғана емес, ойшыл, ағартушы, композитор, аудармашы, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаған кемеңгер тұлға.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» Осы бір жолдарды оқыған сайын қазақтың кең даласы, қоңыр желі, қоңыр үні, қоңыр тіршілігі көз алдыңа келеді. Осы өлең жолдары – бір ақынның ғана жыры емес, бұл – ұлтын жүрегінің төріне көтерген алып тұлғаның жан айқайы.
1845 жылдың тамыз айында Шыңғыстау- дың баурайында дүниеге келген сәбиге Ибраһим деген есім берілді. Анасы Ұлжанның еркелетіп «Абай» деуі кейін тұтас ұлттың жүрегіне жатталған ұлы атқа айналды. Әжесі Зере тәрбиелеген, анасының ақ сүтін бойына сіңірген бала жастайынан зерек болып өсті. Зере әженің ертегісі мен батырлар жыры, Ұлжанның даналығы оның дүниетанымының алғашқы мектебі болды.
Әкесі Құнанбай елге ықпалды, сөзі өтімді адам еді. Ол баласының ел ісіне араласқанын қалады. Бірақ Абай ел басқарудан бұрын адам тәрбиелеудің, халықтың санасын өзгертудің әлдеқайда маңызды екенін түсінді. Сондықтан ол қолына найза емес, қалам алды. Қылыш емес, сөзді қару етті.
Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген кезінде шығыс әдебиетінің жауһарларымен танысты. Кейін орыс мектебінде білім алып, әлем әдебиетінің биік шыңдарын игерді. Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете шығармаларын оқып, олардың идеяларын қазақ дүниетанымымен ұштастырды. Осы арқылы қазақ әдебиетінің тынысын кеңейтті.
Жалпы Абай өз халқын ерекше сүйді. Бірақ шынайы сүйіспеншілік кейде ащы шындықты айтудан басталатынын жақсы білді. Сондықтан ол қазақтың бойындағы еріншектік, күншілдік, рушылдық, мақтаншақтық секілді мінездерді ашық сынады. Оның мақсаты – халықты кемсіту емес, кемелдендіру еді.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ал бес дұшпан – өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ – қазіргі қоғам үшін де өзекті мәселе. Ғасырлар ауысқанымен, адам табиғаты өзгерген жоқ. Сондықтан Абайдың өсиеті де мәңгілік.
Хәкім Абай «толық адам» туралы ілім қалыптастырды. Оның түсінігіндегі толық адам – жүрегі мейірімге толы, ақылы кемел, еңбегі адал жан. Бүгінгі қоғамға дәл осындай азаматтар қажет. Себебі технологияны дамытуға болады, экономиканы көтеруге болады, бірақ адам бойындағы ар-ождан мен иманды ешбір техника алмастыра алмайды.
Абайдың қырық бес қара сөзі – қазақ ойының энциклопедиясы. Онда дін де бар, ғылым да бар, тәрбие де бар, психология да, философия да бар. Әр қара сөз – жеке өмір сабағы. Абай адамды ең алдымен өзін тәрбиелеуге шақырады. «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал» деген ойы бүгінгі адамның да рухани бағдары болуға тиіс.
Мұхтар Әуезов: «Абай – қазақ халқының мыңдаған жылдық мәдениетінің ең биік шыңы» деген еді. Расында, Әуезовтің өзі де ұлы эпопеясын жазу арқылы Абайды әлемге танытты, жеткізді. Сонымен бірге Абайдың әндері – қазақ музыкасының алтын қорындағы жауһарлар. «Желсіз түнде жарық айды» тыңдағанда қазақ даласының түнгі тыныштығы сезіледі. «Көзімнің қарасында» мөлдір махаббаттың лебі еседі. «Айттым сәлем, Қаламқаста» сұлулық пен сезім үндеседі. Ал Абай аудармалары да қазақ әдебие- тіне үлкен серпіліс әкелді. Ол Пушкиннің «Татьяна хатын», Лермонтовтың көптеген өлеңдерін қазақы дүниетанымға жақындатып тәржімалады. Бұл жай ғана аударма емес, ұлттық әдебиеттің жаңа тынысы еді.
Бүгінде Абайдың шығармалары ондаған тілге аударылып, әлемнің көптеген елінде оқылып жатыр. Оның есімімен көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары аталады. Жидебайдағы тарихи-мәдени қорыққа жыл сайын мыңдаған адам барып, ұлы ақынның рухына тағзым етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайдың мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани байлық» деп атап көрсеткен болатын. Шынында да, Абайдың айтқан ақиқаты ұлтқа бөлінбейді. Ол бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеді.
Қазіргі жастардың қолында смартфон бар, интернет бар, жасанды интеллект бар. Бірақ осының бәрін дұрыс пайдалану үшін ең алдымен сана керек. Ал сананы тәрбиелейтін – кітап. Рухты тәрбиелейтін – Абай. Ұлы ақынның өмір жолына қарасақ, ол ешқашан жеңіл өмір сүрген жоқ. Жақындарынан айырылды, ел ішіндегі тартысты көрді, жалғыз- дықтың азабын тартты. Бірақ соған қарамастан халқын сүйуден, оған қызмет етуден танған жоқ. Нағыз ұлылық та осында.
Бүгін біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатыр- мыз. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ұлттық құндылықтар жаңғырып келеді. Осындай кезде Абайдың аманаты бұрынғыдан да маңызды. Өйткені тәуелсіздіктің ең берік тұғыры – рухани тәуелсіздік. Ұлы ақынның шығармаларын қайта-қайта оқыған сайын бұрын байқалмаған жаңа ойды табасың. Оның әр сөзі – терең теңіз. Сол теңіздің түбінде ұлттың болашағына керек асыл қазына жатыр.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп өзі айтқандай, қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының артында қалдырған рухани мұрасы ғасырлар өтсе де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның әрбір өлеңі, әрбір қара сөзі – халқына қалдырған аманаты, ұлттың рухани қазынасы. Абай – бір ғана дәуірдің ақыны емес, ол – уақыттан биік тұрған тұлға. Оның шығармалары қазақ қоғамының кешегісін де, бүгінгісін де, ертеңін де бейнелейтін өміршең дүниелер.
Абай өмір сүрген кезең қазақ даласы үшін күрделі уақыт еді. Ру таласы, мансапқорлық, надандық, жалқаулық, әділетсіздік қоғамның дамуына кедергі болды. Ақын осы келеңсіздіктерді ашық сынады. Ол халқына өкпелеген жоқ, қайта елін сүйгендіктен оның кемшілігін айтты. Сондықтан да оның әрбір өлеңі халықты оятуға, сананы жаңартуға бағытталды.
«Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Бұл туындыларда ақын адам болмысының биіктігін, білімнің құдіретін, еңбектің қадірін, әділеттің салтанатын жырлады. Абай үшін адамның ең үлкен байлығы – оның ақылы мен ары еді.
Абайдың қара сөздері – қазақ философиясының алтын діңгегі. Онда ол адам болмысы, иман, тәрбие, ғылым, еңбек, мінез туралы терең ой қозғайды. Әсіресе «Он жетінші», «Он тоғызыншы», «Отыз жетінші» қара сөздерінде адамгершілік пен рухани кемелдік мәселесін ерекше атап өтеді. Ақынның «Толық адам» ілімі – бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған рухани бағдар.
Абай тек ақын емес, сонымен қатар аудармашы, сазгер, ойшыл болды. Ол қазақ даласына жаңа ән мәдениетін әкеліп, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты әндер қалдыр- ды. Бұл әндерде поэзия мен әуен үйлесіп, қазақ өнерінің биік деңгейін көрсетті. Бүгінде Абай мұрасы әлемдік деңгейде зерттеліп, оның есімі жаһандық руханият картасында ерекше орын алады. Оның идеялары – адамзатты ізгілікке, білімге, еңбекке шақыратын мәңгілік үндеу. Абайды оқу – тек әдебиет оқу емес, ол – өзіңді тану, өз ұлтыңды тану, адам болудың мәнін ұғыну. Сондықтан да Абай мұрасы – ешқашан ескірмейтін, керісінше уақыт өткен сайын тереңдей түсетін рухани қазына.
Биыл да елімізде 10 тамыз – Абай күні кең көлемде аталып өтуде. Бұл – мерекелік шаралардың жиынтығы ғана емес, ұлттың рухани жаңғыруының белгісі. Себебі Абай – қазақтың мәңгілік темірқазығы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі уақыт өткен сайын құнын арттыра түсетін асыл мұра.
Анығы Абай өлген жоқ. Ол – қазақпен бірге жасап келеді. Қазақтың жүрегі соққан сайын Абайдың жыры да бірге жаңғырады. Қазақтың баласы білім іздеген сайын Абайдың өсиеті де бірге өмір сүре береді. Қазақтың даласында әділдік, еңбек, ғылым, адамгершілік туралы сөз айтылған сайын Абайдың рухы асқақтай түседі.
Абайдың мұрасы – тек өткеннің ескерткіші емес, бүгінгі күннің де, ертеңгі болашақтың да рухани шамшырағы. Оны оқу, түсіну және өмірде қолдану – әр қазақтың парызы. Себебі Абайды тану арқылы біз өзімізді, ұлтымызды және адамдық болмысымызды тереңірек ұғына түсеміз. Ұлы ақынның аманаты – елдікті сақтау, білімге ұмтылу, адамгершілікті биік қою. Сол аманат орындалған сайын Абай да, оның асыл сөзі де мәңгі жасай бермек.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ