Ұлттың өткенін ұлықтау бүгінгі буынның ғана емес, әр дәуірдегі ар-ожданы биік азаматтардың да қасиетті парызы болды. Әсіресе, кеңестік тоталитарлық жүйе ұлттық тарихты бұрмалап, Алаш арыстарының есімін атауға тыйым салған, олардың еңбектерін жоққа шығарған қиын кезеңде тарихи шындықты қорғауға бел буған азаматтар саусақпен санарлық еді. Олар үшін Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу жай ғана ғылыми ізденіс емес, ұлт алдындағы аманатқа адалдықтың белгісі болатын.
Мұндай жолға түсу қызметтен қуылу, қуғын-сүргінге ұшырау, тіпті, бас бостандығынан айырылу қаупімен пара-пар еді. Соған қарамастан, ұлттық руханияттың тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп, ақиқат жолынан таймаған қайсар ғалымдар болды. Солардың бірі әрі бірегейі – өмірін Абай мұрасын зерттеуге, Алаш рухын жаңғыртуға арнаған көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханов.
Қ.Мұхамедханов 1916 жылдың 5 қаңтарында қазіргі Абай облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі Мұхамедхан сол дәуірдегі көзі ашық, ұлт мәдениетін қадірлеген, Алаш қайраткерлерімен араласқан зиялы азамат болған. Оның шаңырағында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов секілді ұлт зиялылары жиі бас қосқан. Осындай рухани ортада тәрбиеленген Қайымның әдебиет пен ғылымға деген қызығушылығы ерте қалыптасты.
Бастауыш білімін Семейдегі қазақ мектебінде алған ол кейін педагогикалық бағыттағы оқуын жалғастырып, Семей педагогикалық институтының «Филология» факультетін үздік тәмамдайды. Студенттік жылдардан бастап-ақ Абай мұрасын зерттеуге ден қойып, қазақ әдебиетінің тарихын зерделеуге белсенді араласты.
Ғалым 1940 жылы Семейде Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастыру ісіне белсене қатысып, кейін оның директоры қызметін атқарды. Мұражай қорына Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді жинау, ақын ұрпақтары мен шәкірттері туралы деректерді іздестіру, тарихи құжаттарды сақтау сияқты маңызды жұмыстардың басы-қасында жүрді. Бүгінде құнды қор саналып отырған көптеген материалдың жиналуына Қайым Мұхамедхановтың өлшеусіз еңбегі сіңді.
Ғалымның шығармашылық жолындағы ең ірі еңбектерінің бірі абайтану ғылымын жаңа деңгейге көтеруі болды. Ол Абайдың ақындық мектебі туралы ғылыми тұжырым жасап, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әрхам секілді Абай шәкірттерінің шығармашылығын алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Бұған дейін ескерусіз қалып келген көптеген ақынның әдеби мұрасын жинақтап, олардың қазақ әдебиетіндегі орнын айқындады.
– Алғаш рет Абай музейіне барғанымда Қайым аға үш-төрт күн бойы Семейді аралатты. Үйіне апарып, құрмет көрсетті. Оның үйінің үлкен залында кресло тұратын. Алғаш барған кезімде сол креслоға отыра қалдым. Сол кезде ол: «Бұл креслоға Мұхтар Әуезов отыратын, содан бері ешкім отырған жоқ», – деп орнымнан тұрғызып жіберді. Кейін 50 жасқа толып, Қайымның үйіне тағы барғанымда: «Мұхтардың орнына енді отыруға лайықсың», – деп сол креслоға отырғызды, – деп еске алады жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай өзінің Қайым туралы естелігінде.
Қайым Мұхамедханов қазақ әдебиетіндегі текс- тология ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Ол Абай шығармаларының әртүрлі нұсқаларын салыстырып, түпнұсқалық мәтінді анықтау бағытында жылдар бойы еңбек етті. Соның нәтижесінде 1959 жылы жарық көрген «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты еңбегі әдебиеттану ғылымындағы аса маңызды зерттеулердің біріне айналды.
Ғалымның тағдыры кеңестік саяси қуғын-сүргіннің зардабынан тыс қалған жоқ. 1951 жылы Абайдың ақындық мектебі туралы ғылыми тұжырымдары сол кездегі саяси идеологияға қайшы деп бағаланып, өзі «ұлтшыл» деген жаламен сотталды. 25 жылға бас бостандығынан айырылып, «КарЛАГ»-қа жіберілді. Алайда ешбір қысым мен азап оның ғылымға деген адалдығын өзгерте алмады. Сталин қайтыс болғаннан кейін ісі қайта қаралып, 1955 жылы толық ақталып, елге оралды.
2006 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан Қайым Мұхамедханұлының отбасы құрастырып шығарған «Қайым туралы сөз» атты естелік кітапты жай ғана парақтап шықсаңыз-ақ төбе құйқаңыз шымырлай жөнелетін талай шындық пен оның болмыс-бітімі, адамдық қасиеті, ғалымға тән ерекшелігі бірінен кейін бірі менмұндалап қоя береді.
Тағдырлы ғалым өз естелігінде: «Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді», – дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін?!. Олар мені сындырғысы келді. Бір күні ыстық карцерге қамады. Жалаңаш күйімде оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қаратүнек камераға енгізді. Тас еденнің суығы миыңа жетеді. Ортада жез табақ қағылған діңгек-орындықтан басқа ештеңе жоқ. Бір сәтте табаным жылына бастады. Жылу күшейді, табаның күйгенде шыдай алмай, билейсің. Жанымды қоярға жер таба алмай, діңгек-орындыққа атып шықтым. Жез табағың одан бетер жалындап тұр екен. Қабырғаның бәрі жалын шашады. Тынысым тарылып, тамағым құрғады, тілім аузыма сыймайды. Осы сәт темір есік сықырлай ашылды да екі езуі екі құлағына жеткен күзетші жыртық аяққа құйылған су ұсынды. Бір ұрттам суды жөнді іше алмадым, алып кетті. О дүниедегі нағыз тамұқ осы екен ғой деп ойладым. Арғы жағын білмеймін. Бұл менің басымнан кешірген қорлық-зорлықтың бір-ақ көрінісі ғой», – деген екен.
Енді бір естелігінде: «Бізде «марксизм» дейтін «школа» бар. «Мынау Мұхтардың ойдан шығарып жүргені», «мынау Мұхамедханов Мұхтардың құйыршығы», «бәлен-түген, өзін мақтау үшін тауып алған адамы», «мұнда пантюкризм толып тұрған, панисламизм, национализм», құдай сақтасын. Енді Мұхтар баяндамасын жасап жатыр, мен сөйлеп жатырмын, біздің сөзімізді ешкім тыңдамайды, газеттер ылғи бізді жамандап ұлтшылдар мойындамай жатыр. Сосын мені апарды да жапты түрмеге. Көрмегенім жоқ, «горячий» камера дей ме, неше түрлі қорлықтың бәрін көрсетеді ғой. «Мойында, Әуезовты айтып бер, сені арам жолға салған сол». Мен айтқам жоқ, мойындағам жоқ. Ату жазасы «смертный казнь отменяется», соған байланысты соттағанда 25 жыл түрме берді», – деп жазыпты.
Бостандыққа шыққан соң Қайым Мұхамедханов Семей педагогикалық институтындағы ұстаздық қызметіне қайта кірісіп, ғылыми ізденістерін жалғастырды. Ол өмірінің соңына дейін Абай шығармаларын зерттеп, шәкірт тәрбиелеп, көптеген ғылыми мақала мен кітаптар жазды. Оның «Абайдың ақын шәкірттері», «Мағауия Құнанбаев», «Абай мұрагерлері» және басқа да еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорына енді.
Ал белгілі алаштанушы Айгүл Ісмақованың айтуынша, бейбіт заманда да Қайым қатаң бақылауда болған.
– Қайым ағамен 1993-1995 жылдары Әдебиет институтында бірге қызмет істедім. Сонда байқағаным, бейбітшілік кезде де оның артынан адамдар аңдып жүретін. Бір сөзінде Қайым аға: «Менің жастық шағым өте қиын болды. Әуезовпен емен-жарқын әңгімелесе алмайтынмын. Себебі біздің кездесуімізге мүмкіндік бермеді. Әуезов үшін мені талай азапқа салды. Алайда мен ұстазыма да, оның ұстаздарына да адал болдым», – дейтін. Бірде Кеңес одағының азапты сәттері туралы фильм көріп отырғанда Қайым аға: «Бұл бергі жағы ғой, түрмеде одан да қатты азап көрсететін», – деп қалды. Тіпті, тырнағының астына ине сұққан кездер де болған екен. Ол кісі үнемі қолын жасырып жүретін, – деді А.Ісмақова.
Қайым Мұхамедханов тек әдебиет зерттеушісі ғана емес, ақын, драматург әрі аудармашы ретінде де танылды. Оның пьесалары қазақ театрларының сахнасында қойылып, көптеген әлем әдебие- ті үлгілерін қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар ол Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторларының бірі ретінде де тарихта қалды.
Ғалымның ең үлкен қасиеттерінің бірі ғылыми адалдық пен азаматтық батылдық болды. Ол қандай қиын кезеңде де тарихи шындықтан аттамады. Ұлттық мұраның тағдырына келгенде ешқандай ымыраға барған жоқ. Сондықтан Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы – тек ғалымның өмірбаяны ғана емес, қазақ руханияты үшін күрестің жарқын үлгісі.
Соңғы жылдары Қайым Мұхамедхановтың еңбегі лайықты бағаланып, оның есімі қазақ ғылымының көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, Абай мұрасын сақтап қалудағы қажырлы еңбегі, Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасын жаңғыртудағы қызметі бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына болып қала береді. Оның ғылыми еңбектері әлі күнге дейін зерттеу- шілерге бағыт-бағдар беріп келеді.
Көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 маусымында дүниеден өтті. Биыл тұлғаның туғанына 110 жыл толды. Әрине, ұлттың рухани құндылықтарын қорғауға бүкіл ғұмырын арнаған қайсар ғалымның өнегелі өмірі жас ұрпаққа ғылымға адал қызмет етудің, ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтаудың жарқын үлгісі болып қала береді.
Жұматай КӨКСУБАЙ