Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында отыз бес жыл бойы қызмет атқарған Парламенттің өзіндік орны бар. Осы кезеңде елдің құқықтық негізі қаланып, көптеген маңызды заңдар қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің даму жолындағы тарихи кезең.
Сонымен қатар өткен жылдарға тек жетістік тұрғысынан ғана емес, қордаланған мәселелер тұрғысынан да әділ баға беруіміз қажет. Солардың бірі – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен ұлттық құндықтардың нығаюы.
Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын белгіленгенімен, оның қоғамдық және саяси өмірдегі қолданысы әлі толық деңгейде жетті деп айту қиын. Әсіресе, мемлекеттік биліктің ең жоғары өкілді органында мемлекеттік тілді еркін меңгермеген немесе оны күнделікті қызметінде қолданбаған азаматтардың болуы қоғамда орынды сауал туғызады.
Әрине, барлық депутаттарға бірдей күнә тағу әділетсіздік болар еді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге елеулі үлес қосқан, қазақ тілінде заң жобаларын талқылап, ұлттық мүддені қорғаған халық қалаулылары аз болған жоқ. Алайда мемлекеттік қызметте жүрген әрбір азаматтың мемлекеттік тілді толық меңгеруі қоғамның заңды талабы.
Өйткені халық өзінен үлгі алатын тұлғаларға қарай бой түзейді. Егер елдің саяси элитасы мемлекеттік тілді құрметтеп, оны күнделікті қызметінің негізгі тіліне айналдырса, бұл жастардың да ана тіліне деген құрметін арттырады. Ал керісінше жағдай ұлттық сана мен тілдік ортаға кері әсер етуі мүмкін.
Бүгінде қоғамдық-саяси институттардың жұмысы жаңаша сипат алып келеді. Осындай кезеңде ұлттық деңгейдегі кеңестер мен құрылымдардың құрамын жасақтау барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, халқына сөзімен де, ісімен де үлгі бола алатын азаматтарға басымдық беру маңызды.
Мемлекеттік тілді білу ешкімді шеттету немесе артықшылық беру құралы емес. Бұл – Конституцияда белгіленген мемлекеттік тілге деген құрметтің көрінісі, ел алдындағы жау- апкершіліктің өлшемі. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейде қазақ тілін толық меңгеру қалпы талапқа айналғанда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты іс жүзінде нығаяды.
Ұлттық құндылықтарды сақтау мен мемлекеттік тілді дамыту – бір реттік науқан емес, ұлттық болашағына бағытталған ұзақмерзімді стратегия- лық міндет. Сондықтан мемлекеттік тілге құрмет көрсету әрбір азаматтың ғана емес, ең алдымен мемлекет басқаруына қатысатын тұлғалардың азаматтық әрі кәсіби парызы болуға тиіс.
Сәкен МЫРЗАБАЙ,
«Желтоқсан ұшқыны» ҚБ мүшесі