Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық некенің азабы

0 54

«Он үште – отау иесі» деп ой топшылаған дана халқымыз о бастан отбасы мәселесіне айрықша мән берген. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп ұлағат қалдыруы да сондықтан. Өмірге шыр етіп келген сәби балауса, балғын кезінен бастап ұлттық тәрбиемен қанаттанады. Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой, тоқымқағар, тілашар, құда түсу, қыз айттыру, отау тігу қуаныштарының бәрінде өнеге өрнектері жатыр.
Қарап отырсаңыз, осының өзі тұнып тұрған тәрбие емес пе? Түптеп келгенде, үлгілі отбасы – Отанның олжасы. Ұлттық ұлағатпен сусындап, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып отырған отбасылар қазір де баршылық. Ол үшін қуанамыз. Алайда ата-бабамыз атын да білмеген «азаматтық некеге» бой үйреткендердің тірлігі еріксіз қынжылтады. Мұндай жұптарды отбасы деп айтуға аузың да бармайды.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 5-тарауы 25-бабының 2-тармағында ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің отбасын құру ниетінсіз, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен қиылған неке жалған неке деп атап көрсетілген. Яғни, «азаматтық неке» заң жүзінде мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан да ол халық арасында «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те аталады. Бұл сөздердің астарынан «ойнастық» ұғымын көру әсте қиын емес. Бұл құбылыс жер қайысқан жаһандастыру толқынымен «жабайы батыстан» келгені белгілі.
Өкініштісі сол, бүгінде қазақ қоғамына азаматтық некелесу үрдісі етене еніп бара жатыр. Мамандар оны ашыналықтың «өркениетті» түрі деп ашына айтуда. Яғни, көңілің қалаған адаммен заңды түрде неке қидырмай-ақ, бір шаңырақтың астында ғұмыр кеше бересің. Мұндай қарым-қатынастың келешекте кездесетін кедергілерінің көп екені де белгілі.
Бұл жерде опық жейтін – әйелдер. Мысалы, отбасы болған соң шаңырақта бала тууы мүмкін. Сонда ер азамат әкесі болып есептелмейді. Яғни, басы бос. Ертеңгі күні ол басқа адаммен қол ұстасып кете барады. Алимент төлеу жауапкершілігіне де тартылмайды.
Кейде жүрегінде иманы бар әкелер кездесіп жатады. Олар мұндай жағдайда заңды түрде өз мүддесін қорғай алмайды. Емханаға барсын, шетелге қыдырып шықсын, бәрібір ол әкесі екенін дәлелдей алмайды. Бұл жерде балаларға да қиын. Сондықтан азаматтық некедегі жұптарды отбасы деп айту қиын. Ақыры, бір-бірін ұнатты ма, болашаққа мақсат құрды ма, онда некелерін заңдас- тыру керек.
Мамандардың пiкiрiнше, «азаматтық некедегi» нәзiк жандылар көбiнесе күйеуiм бар деп сенедi, ал ер адамдар оларға тек көңiлдесiм деп қана қарайды екен. Осындай қарым-қатынастағы ер мен әйелдi отбасы деп те атауға қалай ауыз барады? Әрине, «азаматтық неке» жағдайында балалы болып жататын жұптар бар. Бірақ осы кезде дүниеге келген баланың әкесi екенiн мойындаудан ер адамдар бас тартып, яки керісінше бойжеткендер өз ішінен шыққан шаранасынан үркіп, ат-тонын ала қашады. Осындай келеңсiз жағдайлардың кесiрiнен қаншама сәбидiң тағдырына «некесiз туған» деген жаман атақ жамалса, ал қаншама сәби жарық дүниені көрместен жатыр iшiнде тұншығып өледi.
Осы орайда көтеріліп отырған мәселе төңірегінде психолог Еркеназ Асылбековаға «Азаматтық неке туралы көзқарасыңыз қандай? Қарым-қатынастың бұл түрі жалпы қазақ қоғамына қаншалықты қажет деп ойлайсыз?» – деген сұрақтар қойдық.
– Азаматтық неке – психология тілінде фобия болып есептеледі. Фобия дегеніміз – адам бойындағы қорқынышты бақылаудың шамадан тыс көбеюі. Түсінікті тілде айтсақ, үйленуден қорқу. Қорқудың астарында жауапкершілік алмау жатыр. Бұл, әсіресе, ер азаматқа пайдалы. Ал азаматтық некеге баратын жастардың өскен отбасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаған. Үйде жиі шиеленістің болуынан бала жалығып, жас кездің өзінде-ақ «үйленсем, осындай өмір сүргеннен сүрмеген жақсы» деген ой түйіп қояды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі статистикаға сүйенсек, елімізде 40-60 жас аралығында 380 мыңнан астам сүрбойдақ кездескен. Ал қазір сол сүр бойдақтың орнын азаматтық неке ауыс- тыруда. Бұл басқа елдерден келген ұғым болғанымен, қазіргі отбастарындағы психологиялық мәселені көрсетеді.
Басты түбірі – отбасы тәрбиесінің өз деңгейінде болмауын байқатады. Отбасы татулығы некеден құралады. Азаматтық неке «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, екінші мәрте отбасын құратын жанға қолайлы болуы мүмкін. Себебі оларда «Үйлене қалсам қалай болар екен?» деген ой тұрады. Осы орайда қыз балаларды өзін сыйлатуды қолға алуға шақырамын. Маман ретінде неке сенімділік пен болашаққа бағдаршам болуы керек деп кеңес беремін, – дейді психолог.
Азаматтық неке батыс елдерінде кең өріс алған. Ондағылар бірге тұру арқылы сынақ та жүргізіп көреді. Қарапайым тілмен айтқанда, егер лайықты болса, бірге ғұмыр кешеді. Лайықсыз болса, өз жолымен кете береді. Біз пікірлескен тұрғындардың бір парасы азаматтық некені қолдайтындарын айтып қалды. «Отбасы болған соң, ерлі-зайыпты бір-біріне үйренісуі керек. Үйреніспей болмайды. Ажырасудың бәрі содан басталады» – дейді олар. Ал енді он жыл бойы неке қидырмастан бірге тұрып жүрген жандар туралы не уәж айтармыз? Бұл тұрғыда өмір көрген жандардың ой-пікірі мүлде басқа.
– «Малым – арымның садақасы, арым – жанымның садақасы» деп санаған қазақ халқы үшін ар-намысы қашанда жоғары тұрған. Ар-намыстың бір бөлігі – пәктік. Мәпелеп өсірген қызы теңін тауып, тұрмыс құрғанға дейін ата-анасы әрдайым «Босағаңды адал атта!» – деп қызына ақылын айтудан жалықпаған. Бірақ бүгінде арулар осы бір нәзік мәселеге мән беріп, абыройларын сары майдай сақтап жүргені шамалы-ақ. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, бұл шымбайға батса да шындық. Бойжеткен қыз – болашақ ана, болашақ сүйікті жар емес пе? Тіпті, мектеп оқушыларының арасында мұндай жағдай көптеп ұшырасып жүр. Ата-ана – баласы үшін екі дүниедегі ең басты жауапты адам. Бала тәрбиесінің нашар болып қалыптасуын ортасына, заманның ағымына аудара салу дұрыс емес. Бағбан бақшасын уақтылы суғарып, түбін отап, арам шөбін жұлып, қысқасы бабын жасаған соң барып жемісін күтеді. Ұл-қызымыздың қайда барып, немен айналысып жүргенінен хабардар болып, түрлі алдамшы жарнамаларға еліктеп қалмауына көңіл бөлу керек, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ләззат Оразбекқызы.
Қалай десек те, біз қозғап отырған бұл үрдіс – шын мәнінде, қазақ қоғамына жат. Уақытша некеге асыл дінімізде де тыйым салынған. Исламда бір ғана неке бар, ол – өмірлік неке. Адам шаңырақ көтеріп, бала сүйеді. Отағасы отбасы мүшелері үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Сөйтіп, шаңырақ көтерген зайыбымен қол ұстасып, өмірінің ақырына дейін ғұмыр кешеді. Некенің басқа түрі де жоқ.
Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі неке және ерлі-зайыптылық мәселесімен айналысатын зерттеу ұйымдарының ұсынып отырған мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын «азаматтық некеге» тұрып, алданып қалған ондаған әйел арнайы орталықтарға көмек сұрап барады екен. Оның үстіне, бүгінгі таңда кәмелетке толмаған балалардың 20 пайыздан астамы некесіз туған деген де дерек бар. Мұның бәрі еліміздің демографиялық жағдайына орасан зор кесірін тигізері айдан анық.
Мемлекеттің сан мыңдаған отбасыдан тұратынын ескерсек, сол отбасының иесі – еркек, киесі – әйел. Қазақтың «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген мақалында терең тағылым жатыр. Бұл халық даналығы әрбір саналы адамға бас- ты бағдар болуы керек. Азаматтық некенің азабына шыланбай, адалдықтың ауылына ат байлайтын уақыт әлдеқашан жетті. Себебі соның салдарынан жезөкшелік пен азғындық көбейіп, СПИД секілді қисапсыз бәлекет алып келетін әртүрлі аурулар өршуде. Бұл – ұлтқа төнген қатер. Ал Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.