Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Түн ұйқыны төрт бөлген… туған күн

Қуанышты тойлау керек, бірақ айналаны да ойлау керек

0 87

Бұрындары көнекөз қарияларымыз «қазақта туған күн тойлау деген атымен болмайтын» деп жататын. «Біреуден жасын сұраса, «сиыр жылының көктемінде дүниеге келіппін» деген сияқты жауап беретін» дейтін. Кеңес үкіметі келгелі жыл сайын өмір есігін ашқан күнді атап өту дәстүрге айналды. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деп ырымдайтын қазақ әр жақсылықты көппен бірге өткізгенді дұрыс көрінетіні белгілі. Бірақ соңғы жылдары сол туған күн тойлау мәселесі шектен шығып кеткендей.

Жалпы, туған күннің неше атасын көріп жүрміз ғой. Әркім шама-шарқы, қиялы жеткенше дүркіретіп салтанатты шаралар жасап жатады. Әртістерді жалдайды, түрлі шоу бағдарламалар өткізеді, есік алдына шардан «сарай тұрғызып», гүлді таудай қылып үйеді. Қызылды-жасылды шамдардан, шырақтардан құралған аркалар алдырып, қуаныш иесін қаумалап құттықтап жатады. Әрине, қалтаң көтеріп тұса, қалағаныңды істе. Сенің қанша қаражат жұмсап, оны қайда жарататыныңа ешкім араласпайды. Алайда көбісі бұл әрекеті айналаның мазасын алып жатқан-жатпағанын ойлай бермейді.
Олай дейтініміз, қазір түнгі саған 00:00 болғанын сағатқа қарамай-ақ білетін болдық. Сағат тілі түнжарымды көрсеткеннен аулада тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ отшашу атылып, ызың-қиқу шу басталады. Дауысы алты қырдың арғы жағына естілердей музыка қойылып, ысқырып, айқайлап, жаңа жасқа қадам басқан азаматтың асты-үстіне түсіп жатады. Дұрыс-ақ, қуанышы қойнына сыймай тұр ғой. Дегенмен, осы әрекеті көрші-қолаңның ұйқысын бұзып, тынышын қашыратыны тойшыл қауымның есінен шығып кете береді.
Қаладағы ағайынның көпшілігі пәтерде тұратыны белгілі. Бір үйде орта есеппен 80 пәтер бар деп есептесек, мұндай «концертті» жоқ дегенде екі күнде бір көреміз. Оған көршілес тұрған үйлерді қоссаңыз, бір күнде бірнеше туған күн аталып өтіп жатады. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» дегендей, әр шаңырақта түрлі жағдай, түрлі тағдыр бар. Бір үйде жаңа туған нәресте болса, енді бір үйде науқас адам, не болмаса қария бар. Басы жастыққа жаңа тиіп, көзі енді іліне бергенде жаңағыдай шудан оянған адамның қайта ұйқыға кетуі екіталай. Оған күн ұзақ кезекшіліктен келген, күн шықпай жұмысқа кететін көпшіліктің, не таңертең сабаққа баруы қажет балақайларды қосыңыз. Осыдан кейін ұйқысы қанбаған адамның қайбір өндіріп жұмыс істейтінін, ұйқылы-ояу баланың басына қайбір білім қонатынын ойлай беріңіз.
Біз өзі «шаш ал десе, бас алатын» халықпыз ғой. «Тойладық па, түбі түскенше тойлау керек» деген сана қалыптасып қалған. Осыдан келіп елімізде түн тыныштығын бұзуға болмайтыны туралы заң бар екенін «ұмытып кете береміз». Жалпы, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі бойынша жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-тен таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынған. Заңнама талаптары сақталмаған жағдайда жауапкершілікке тарту да қарастырылған.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевтың айтуы бойынша, тұрғындардың дәл мұндай жағдайда тәртіп сақшыларына хабарласуына толықтай құқығы бар екен.
– Түнгі уақытта тұрғынжайларда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында белгіленген уақыттан тыс шу шығарған жағдай болса, азаматтар «102» нөміріне хабарласып, шағым түсіруіне болады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 437-бабына сәйкес, осындай заңбұзушылыққа жол берілсе, жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде дәл осы құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін көтеріледі, – дейді полиция подполковнигі.
Бұдан бөлек, тойлаушылардың атып жатқан отшашуларына байланысты да бірқатар мәселе туындайды. Өйткені, азаматтық пиротехникалық бұйымдар арнайы рұқсаты бар сауда нүктелерінен ғана алынуы қажет. Егер оны растайтын құжат болмаса, оған да жаза қарастырылған. Мысалға, елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін ҚР ӘҚБтК 436-бабының 2-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді. Ал отшашу ұстаған азамат 16 жасқа толмаса, аталған баптың 3-бөлігі бойынша ата-анасына немесе оларды алмастыратын тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сол секілді лицензиясыз пиротехникалық бұйымдарды сатқан азаматтар да жауапкершілікке тартылады. ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша олар 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Жуырда аталған мәселеге қатысты Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те өз пікірін білдірген еді. Шаһар басшысы қала аумағында тек бірнеше сауда орнына ғана пиротехникалық бұйымдарды сатуға лицензия беріп, қалған сауда нүктелерін заң аясында жауапқа тарту туралы ұсыныс тастады. Жаңа жыл түні күлі көкке ұшқан көпқабатты үй мен ойын-сауық орнында болған өртті мысал еткен Бақытжан Әмірбекұлы тілсіз жаудың тұтануына көбінесе отшашулардың бейберекет сатылуы себеп болып жатқанын жеткізген болатын.
Расында, 2026 жылдың 1 қаңтарына қараған түні облыс орталығында 5 қабатты үйдің шатыры отқа оранып, Жамбыл даңғылы бойындағы кафенің кіреберісін қызыл жалын шарпығанына барлығымыз куә болдық. Бейресми деректер бойынша екі жағдайға да пиротехникалық бұйымдарды пайдалануда қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған екен. Аяғында мереке күні 50-ден аса пәтер зардап шегіп, мүлік иелеріне жыл басы жайсыз басталды.
Қарап тұрсаңыз, қала әкімінің ойы ой-ақ. Мәселен, көршілес жатқан Қытай елінде тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды атуға әлдеқашан тыйым салынған екен. Мерекелік отшашу ұйымдастыруды мемлекет өз мойнына алып, тек белгіленген жерде, белгіленген уақытта ғана думан болатынын сол елдің азаматтары айтып отыр. Есесіне оқыс оқиғалардың саны еселеп азайыпты. Ал біздің қазаққа салсаң отыз күн отшашу атудан тайынбайды. Оған жыл сайын Жаңа жылда куә болып жүрміз.
Бірді айтып, біріне кетті демессіздер. Мұның барлығы тойлаудан шығып жатқан мәселелер. Біздің айтпағымыз, жоғарыда атағандай, қуанышты тойлау керек, алайда айналадағы елдің жайын да ойлау керек.
Десе де, өзімізден де кінә бар. Тәртіп сақшылары айтқандай, түн тыныштығын бұзғандарды тезге салудың жолы – «102» номеріне хабарласып, шағым білдіру. Алайда біздің азаматтар полицияға хабарласып, уақыт құртқаннан гөрі бір минут күтіп, өз еркіне жібере салғанды жөн көреді. Бірақ бұл бір рет қана болып жатқан жайт емес. Күнделікті тарсыл-гүрсілді тоқтатудың жолы заң аясында әрекет ету ғана секілді. Ал сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.