«Баланың бөтені жоқ» деген бір ауыз сөзі қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, бауырмалдық, жанашырлық секілді ізгі қасиетінің анықтамасындай естіледі. Бұл – азаматтық сананы өсіруді, адами құндылықты тұғырына қоюды көздеген бірлестіктің ұраны. Бұл – тұтас халықтың дүниетанымы, ұрпаққа деген шексіз қамқорлығы. Себебі әрбір бала – елдің ертеңі. Бір баланың тағдырына бейжай қарау – болашаққа бейжай қараумен тең. Сондықтан бүгінгі жасөспірімнің жүрегіне жол тауып, оның өміріне сәуле түсіру – ең сауапты да жауапты іс.
Қазіргі қоғамда жасөспірімдер түрлі ақпарат ағынының ортасында өмір сүруде. Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны, адалдық пен жалғандықты ажырату кейде оңай емес. Осындай кезеңде олардың дұрыс бағыт таңдауына ықпал ететін тағылымды жобалардың маңызы ерекше. Осы орайда 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Жамбыл облысында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асқан «Сенің таңдауың» жобасы сондай өміршең бастамалардың бірі болды. Жоба өмірлік қиындықтарға тап болған және тәуекел тобына жататын жасөспірімдердің тұлғалық дамуына қолдау көрсетуді, өмірлік маңызды дағдыларын жетілдіруді, жауапкершілік сезімін қалыптастыруды және болашағына саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат етті.
Кейде үлкендер баланың сыртқы мінезіне қарап баға береді. Бірақ әр тұйықтықтың артында шертілмеген сыр, әр ашудың астарында тыңдалмаған реніш, әр қателіктің түбінде бағыт күткен жүрек жатады. Бұл жоба дәл сол жүректерге жол табуға ұмтылды. Жоба ұйымдастырушылары жасөспірімдерге ой айтудан бұрын, ой оятуға асықты. Сенімге негізделген қарым-қатынас орнатты. Себебі тәрбиенің бастауы – түсіне білуде, ал өзгерістің бастауы – сенімде.
Жобаға 14-16 жас аралығындағы Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» және «Балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебінің» 20 жасөспірімі қатысты. Әртүрлі ортадан келген бұл балаларды бір мақсат біріктірді. Ол – өз өмірінің бағасын түсіну, өз мүмкіндігін тану және дұрыс таңдау жасай білуге деген құштарлық.
Қазақтың тұңғыш педагогикалық оқулықтарын жазған заңғар тұлға Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбие- сі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», – деп жазады. Бұл сөздің мәні бүгінде бұрынғыдан да терең сезіледі. Себебі баланы тәрбиелеу оған дайын ақыл айтумен шектелмейді, оның жүрегіне сенім ұялатып, өз жолын табуына жағдай жасауды талап қылады.
«Сенің таңдауың» жобасының басты ерекшелігі де осында болды. Мұнда балаларға өмірдің дайын формуласын ұсынған жоқ. Керісінше әр жасөспірімнің өз таңдауын саналы түрде жасауына мүмкіндік берілді. Өйткені адамның өмір жолын өзгертетін күш – өз жүрегімен қабылдаған шешімі.
Жобаның негізгі идеясы – еркіндік пен жауапкершіліктің егіз ұғым екенін жасөспірімдердің санасына сіңіру еді. Бүгінгі күні еркіндікті кейде ешқандай шектеудің болмауы деп түсінетіндер бар. Алайда шынайы еркіндік – әрбір әрекетіңнің салдарын сезіну, жасаған таңдауыңа жауап бере білу.
– Алты айға созылған жоба барысында қатысушылар тұлғалық даму тренингтеріне қатысты. Психологтар мен тәжірибелі мамандар өткізген кездесулерде балалар өзін-өзі тануды, ішкі жан дүниесін түсінуді, эмоциясын басқаруды, дұрыс қарым-қатынас орнатуды үйренді. Олар пікірталастарға қатысып, топпен жұмыс істеді, түрлі өмірлік жағдаяттарды талдады. Әр сабақ олардың өзіне деген сенімін нығайтып, өзгелерге деген құрметін арттырды.
Көптеген жасөспірім алғашқы күндері өз ойын ашық айтуға қиналды. Кейбірі көпшілік алдына шығудан жасқанды. Бірақ уақыт өте келе олардың бойындағы тұйықтықтың орнын сенімділік басты. Бір-бірін тыңдай білуді, өз пікірін дәлелдеуді, ортақ шешім қабылдауды меңгерді. Бұл – жобаның ең құнды нәтижелерінің бірі. Жобада құқықтық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлінді. Заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың салдарын ұғындыру, түрлі тәуелділіктің алдын алу бағытындағы кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Олар кез келген әрекеттің жауапкершілігі болатынын түсінді. Сонымен қатар қатысушылар қаржылық және жобалық сауаттылық негіздерін меңгерді. Ақшаны жоспарлау, уақытты тиімді пайдалану, мақсат қою, идеяны жүзеге асыру, топпен жұмыс істеу сияқты өмірлік маңызды дағдыларды игерді. Бұл білім олардың ертеңгі дербес өміріне қажетті берік негіз қалыптастырды.
Жобаның тәрбиелік мәнін арттыр- ған ерекше бағыттың бірі – әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық болды. Қатысушылар қарттар үйіне барып, өмірдің талай белесін артқа тастаған қариялармен жүздесті. Олардың өнегелі әңгімесін тыңдап, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, жүрек жылуын сыйлады. Сол кездесулердің әсері балалардың жан дүниесінде ұзақ сақталары анық. Себебі олар сол күні үлкен өмірдің ең маңызды сабағын алды. Ол – мейірімділік. Тұлғаның шынайы байлығы жүрегіндегі ізгілікпен ғана өлшенетінін көркем түрде ұқты, – дейді жоба ұйымдастырушылары.
Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі», – дейді. «Сенің таңдауың» жобасы осы тәрбиенің барлығын қамтуға ұмтылды. Балалардың ой-өрісін кеңейтті, рухани дүниесін байытты, азаматтық көзқарасын қалыптастырды. Шығармашылық жұмыстар, спорттық іс-шаралар, топтық ойындар мен бірлескен еңбек арқылы балалар өздерінің бойындағы қабілеттерін аша түсті. Көшбасшылық қасиеттері дамыды. Бұрын өзіне сенімсіз болған кейбір қатысушылар жоба соңында өзгелерге үлгі боларлық белсенділік танытты.
Мәшһүр Жүсіп: «Адамның жақсы болуы – жақсы адамдармен жолдас болудан», – деген екен. Расында да, адамның ортасы оның болашағына ықпал етеді. Жоба барысында балалар жаңа достар тауып, өзара сенімге негізделген орта қалыптастырды. Әртүрлі әлеуметтік жағдайдан келген жасөспірімдердің бір-біріне бауыр басуы олардың адамгершілік қасиеттерінің нығаюына әсер етті.
Анығында, кейде адам өмірін өзгерту үшін үлкен қаражат емес, дер кезінде айтылған бір жылы сөз, шынайы қолдау жеткілікті. Осы жоба барысында әрбір жасөспірім өзін тыңдайтын, түсінетін, қолдайтын орта тапты. Бұл олардың өзіне деген сенімін арттырып, болашаққа деген үмітін күшейтті. Кез келген әлеуметтік жобаның нәтижесі есеппен емес, адам тағдырындағы өзгеріспен өлшенеді. «Сенің таңдауың» жобасы да өзінің өміршеңдігін балалардың бойындағы оң өзгерістер арқылы дәлелдей алды.
«Балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебінде» тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдердің тәрбие- шісі Құралай Әбдірова балалардың бойынан байқалған өзгерістерге ерекше қуанатынын жеткізді. Тәрбиешінің айтуынша, жобаға дейін тұйықтау, өз ойын ашық жеткізе бермейтін, ашуын ішінде ұстап жүретін кей балалар уақыт өте келе сабырлы болып, адамдармен еркін араласа бастаған.
– Орталықта тәртіп мәселесі бас- ты назарда болғандықтан, нақ осы салада жоба қатысушыларының өзгергенін күн сайын байқап жүрдім. Бұрынғыдай емес, болашақтары жайлы ойлана бастады. Орталыққа келген сайын жобада не үйренгендерін айтып береді. Әр оң өзгерісті байқаған сайын бағыт көрсеткен жоба жетекшілері мен ұйымдас- тырушыларына маман ретінде, осы қоғамның мүшесі ретінде шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әр баланың өмірінде осындай мүмкіндік болса екен деп тілеймін, – дейді Құралай Әбдіманапқызы.
Жамбыл жерінде жүзеге асқан бұл жоба жай ғана әлеуметтік бастама деуден жоғары, жас жүректерге бағыт берген тағылым мектебі болды. Ол балаларға өз өмірінің иесі болуды, дұрыс таңдау жасауды, әрбір шешімнің жауапкершілігін сезінуді үйретті.
Бүгінгі жасөспірімнің дұрыс таңдауы – ертеңгі елдің берік тұғыры. Азаматтық санасы жетілген, адами құндылықты тұтас бойына сіңірген саналы ұрпақпен мемлекеттердің болашағы өлшенеді. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – бір ғана отбасының немесе мектептің ғана емес, күллі қоғамның ортақ парызы.
«Сенің таңдауың» жобасы осы асыл мұратқа қызмет етті. Ол жасөспірімдердің бойына сенім ұялатып, жүрегіне мейірім дарытып, өміріне бағыт берген тәрбиелік мәні зор бастама ретінде өз жемісін берді. Ең бастысы, бұл жоба балаларға дайын жол көрсеткен жоқ, өз жолын табуға үйретті. Ал адам өз жолын тапқан кезде ғана оның болашағы жарқын болмақ.
Жобаның нәтижесінде «Балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебі» жеңімпаз атанды. «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» командасы ІІ орын, №7 мектеп-гимназия оқушылары ІІІ орынды иеленді. Алты айға созылған жоба барысында қатысушылар жауапкершілік, мейірім, жанашырлық секілді асыл қасиеттерді теориялық және практикалық тұрғыдан әбден сынап та, сіңіріп те көрді. Алғашқы сахна, алғаш рет өзге үшін жылау, ертеңгі күннің оң нәтижесі үшін бүгін дұрыс таңдау жасаудың маңызын ескеруді меңгерді.
Арайлым ШАБДЕНОВА