Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақ киносының құлагері

0 139

Кино – уақыттың үнін, ұлттың рухын, қоғамның болмысын келер ұрпаққа жеткізетін ең құдіретті өнердің бірі. Бір ғана кинотуынды тұтас дәуірдің тынысын, халықтың салт-дәстүрін, өмір салтын, арман-мұратын көрермен жүрегіне әсерлі жеткізе алады. Сондықтан кино – тек ойын-сауық құралы емес, ұлттың рухани қазынасын сақтап, тарихи жадын жаңғыртатын мәдени құндылық.

Қазақ кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ұлттық кинематографияның биік белесіне айналған тұлғалардың бірі – көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев. Қазақ киносына ұлттық мінезді, бала көңілдің тазалығын, ауыл өмірінің шынайы бояуын әкелген дара суреткер Абдолла Қарсақбаев 1926 жылдың 2 қазанында Алматы облысының Қарақастек ауылында дүниеге келген. Болашақ режиссер 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлық факультетін бітірген. 1947-1983 жылдары «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де…», «Қанатты сыйлық» және «Ботагөз» қатарлы көркем фильмдерін қоюға атсалысады.
Режиссердың есімін әлемге танытқан туынды – «Менің атым Қожа». Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде түсірілген бұл фильм қазақ балалар киносының алтын қорына енді. Қожа – тентек болғанымен, жүрегі таза, арманы асқақ қазақ баласының жиынтық бейнесі. Сондықтан да бұл фильм бірнеше буын көрерменнің сүйікті шығармасына айналды. Картина халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып, қазақ киносының абыройын асқақтатты.
«Бiрiншiден, мен тек балалар туралы фильм түсiргем жоқ, үлкендерге де арналған бiр қауым картиналар түсiргенмiн. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен де қуан- басам, ренжiмеймiн. Өйткенi мен балалық шағымды сағынамын», – деген екен Абдолла Қарсақбаев өзiнiң бiр сұхбатында.
Әрине, балаларға арнап кино түсіру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі шығармашылық міндет. Себебі бала жүрегіне жол табу, оның жан дүниесін, арман-қиялын, кіршіксіз көңілін дәл танып, сол әлемді табиғи қалпында үлкен экранға шығару үлкен талант пен терең жауапкершілікті талап етеді. Баланың көзқарасымен ойлап, оның сезімін шынайы жеткізу – режиссердан ерекше шеберлікті, мол ізденісті және шексіз сүйіспеншілікті қажет етеді.
Белгілі журналист Гүлзина Бектасованың айтуынша, Абдолла Қарсақбаев балаларға арналған фильмдер ғана түсiрiп қойған жоқ, Тоқаш Бокиннiң өмiрiне арналған «Қилы кезең» де – режиссердың сүбелi еңбегi.
– Солай бола тұра, қазақ баласы Қарсақбаевты балалар киносының атасы деп санайды. Оның есiмi қазақ киносының тарихында Алтын әрiптермен жазылып қалды. Дүниеге келгенiне алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, «Менiң атым – Қожа» үш ұрпақтың да сүйiктi картинасына айналған бiрегей туынды. Экранға шыққанына бiрталай жыл өтсе де, онымен тең келiп, көрерменiн дәл солай баураған көркемфильм әлi күнге түсiрiлген емес. Бұл фильмнiң тұңғыш рет Франциядағы Канн фестивалiнде диплом алғанын ескерсек, «Менiң атым Қожаның» осал болмағандығы. Бiр қызығы, аталмыш фильмнiң Каннда жүлде алғанын сол сәттерде Ұлы режиссердың өзi бiлмеген де екен, – дейді журналист.
Қарсақбаевтың қажырлы еңбегімен таспаланған тағы бір көркем фильм – «Алты жасар Алпамыс». Фильмнің оқиғасы қарапайым болғанымен, оның астарында үлкен өмірлік мән жатыр. Алты жасар Алпамыстың мектепке деген ынтасы, білімге деген құштарлығы, достыққа деген адалдығы көрерменді бейжай қалдырмайды. Режиссер бала психологиясын асқан дәлдікпен ашып, әр кейіпкердің табиғи болмысын шынайы бейнелей білген.
«Алты жасар Алпамыс» – балалар фильмі ғана емес, ұлттық тәрбиенің көркем үлгісі. Бұл туынды жас ұрпаққа білімнің қадірін, дос- тықтың қасиетін, еңбекқорлық пен адамгершіліктің мәнін үнсіз-ақ ұғындырады. Осындай көркемдік қуатының арқасында фильм 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофес- тивальде жоғары марапатқа ие болып, бала психологиясын терең бейнелеген үздік фильм ретінде бағаланды.
Қазақ кино өнеріндегі тағы бір кесек туындының бірі – Абдолла Қарсақбаевтың Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасы негізінде түсірген «Даладағы қуғын» фильмі. Көрермен жадында «Бандыны қуған Хамит» атауымен сақталған бұл картина 1979 жылы жарық көріп, қазақ киносының алтын қорынан лайықты орын алды.
Фильм түсiрілген кезде режиссер Қарсақбаев Хамиттiң ролiне Досхан Жолжақсыновты бекiтедi. Дарынды, талапкер жастың бағын ашқан Хамит ролi болса, Досхандай талантты актердың дарынын тап басып таныған да режиссер Қарсақбаевтың көрегендiгi деп айтуға болады. Күнi бүгiнге дейiн жұртшылықтың өзiн «Хамит» деп танитынын Досхан Жолжақсынов та жасырмайды. Бұл да болса режиссер мен актердың бiрлескен жеңiсi деп қабылдағанымыз абзал.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы- мен қарасақ, бұл фильм мүлде жаңа қырынан танылып отыр. Кеңестік идеология үстемдік құрған кезеңнің өзінде режиссер дала батыры Құдіренің тұлғасын көркемдік астар мен шебер детальдар арқылы шынайы бейнелей алды. Сырт қарағанда кеңестік талапқа сай түсірілгендей көрінгенімен, фильмнің өн бойында ұлт рухын, еркіндік аңсаған халықтың болмысын аңғартатын нәзік ишаралар мол.
Ең таңғаларлығы – осындай көркемдік шешімдердің сол дәуірдің қатаң цензурасынан сүрінбей өтуі. Бұл – режиссердың шығармашылық батылдығы мен терең ойының, суреткерлік шеберлігінің айқын көрінісі. Абдолла Қарсақбаев заманның тар шеңберіне қамалмай, ұлттық рухты кино тілі арқылы жеткізе білді. Сондықтан бүгінгі көрермен фильмге тек көркем туынды ретінде ғана емес, тарихи ақиқаттың көмескі іздерін сақтап қалған құнды мәдени мұра ретінде де қарайды.
Қарсақбаев киносындағы халқымыздың тағдырлы белестерін көркемдік биік деңгейде бейнелеген шығармалардың қатарында «Қилы кезең» фильмі ерекше орын алады. Жалпы, «Қилы кезеңнің» басты құндылығы – тарихи шындықты көркемдікпен ұштастыра білуінде. Фильм көрерменді өткеннің қасіретін жай ғана тамашалауға емес, оны жүрекпен сезінуге жетелейді. Әрбір көрініс сол заманның ауыр тынысын сездіріп, халықтың басынан өткен сынақтарды көз алдыңа әкеледі. Шоқтығы биік туындысы 1966 жылы экранға жол тартқан болса, фильмнің жарыққа шыққанына биыл тұп-тура 60 жыл толыпты.
– Бір қарағанда Абдолла Қарсақбаевтың «Даладағы қуғыны» мен «Қилы кезеңінің» оқиғасы ұқсас секілді. Себебі екеуі де қызыл әскер тақырыбын көтерген. Алайда екі фильм- нің айтар ойы да, түйіні де бөлек. «Даладағы қуғында» Хамит дала батыры Құдірені жон арқасынан атып өлтірсе, «Қилы кезеңде» Жүніс бай чекист Тоқтардың құрығынан құтылып, шекараның арғы бетіне өтеді. «Даладағы қуғында» Құдіренің рөлі шеберлікпен шықса, «Қилы кезеңдегі» Жүністің образы ойландырмай қоймайды. Бір қызығы, кеңес басқыншыларына қарсы күрескен екі алыптың да рөлін өзге ұлттың өкілдері сомдаған. Құдірені қырғыз актері Ашыр Чокубаев, Жүністі ұйғыр актері Ахмет Шәмиев келістіріп тұрып кескіндейді. Екеуі де қазақтың нақ батыры қандай болатынын көз алдыңа әкеледі. Содан болар, күні бүгінге дейін қос киноны көрсек, Құдіре мен Жүністің айбынды түрін көріп, түйдек-түйдек сөзін естіп, бір марқайып қаламыз. Себебі екі батырды да Абдолла Қарсақбаев кино тарихына осындай бейнеде қалдырды.
«Қилы кезеңде» 1918 жылғы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы оқиға баяндалады. Қызыл комиссар Тоқтар Бәйтеновтің жазалаушы отряды Қытайға ауып бара жатқан Жүністің жолын бөгеуге әрекет етеді, – дейді ақын, журналист Серікбол Хасан өзінің «Қарсақбаевтың «Қилы кезеңі» атты мақаласында.
Қарсақбаевтың жақын дос, әріптестері оның мықты режиссер ғана емес, адал дос бола бiлген жан екенін де айтады. Өнер үшін от кешкен тұлға жiгiт шағынан аяғынан сал болып қалған өнердегi қанаттас досы Кененбай Қожабеков үшiн барын аямаған екен. Талантты актердың жалындаған жас шағында жауыздардың қолынан мертігіп, мүгедек болып қалуы Абдолладай режиссерге оңай соқпаса керек. Киностудия мен досының үйiнiң екi арасында шапқылап жүрiп, досын баладай мәпелеп күттi. Тiптi, «Менiң атым Қожа» фильмiнде Рахманов ағайдың ролiне бекiткен де Қарсақбаев екен. Ауруханадан жаңа шыққан, балдақпен әрең жүрген досын кинодан шеткерi қалмаса деген достық пейiл болса керек.
Ол бар болғаны елу алты-ақ жыл ғұмыр кешті. Егер тағдыр оған ұзағырақ өмір сыйлағанында қазақ киносы әлі талай жауһар туындылармен толығар ма еді?! Мұны ешкім дөп басып айта алмас. Алайда оның аз ғана ғұмырында ұлт өнеріне қалдырған мол мұрасы тұтас бір дәуірдің рухани қазынасына айналғаны ақиқат.
Биыл қазақ киносының көрнекті классигі, дарынды режиссердың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, режиссердың шығармашылық мұрасы қайта жаңғырып, жаңа қырынан насихатталуда. Ұлттық кино өнерінің алтын қорын қалыптастырған Абдолла Қарсақбаевтың есімі уақыт өткен сайын асқақтай түсетіні сөзсіз. Өйткені оның фильмдері – бір кезеңнің көркем шежіресі ғана емес, қазақ халқының болмысы мен рухын, мінезі мен дүниетанымын экран тілімен сөйлеткен мәңгілік мұра. Қазақтың жанын кино өнеріне сыйғыза білген суреткердің шығармашылық аманаты әлі талай ұрпақтың рухани азығына айнала беретіні анық.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.