Өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Бұл құжат ел дамуының жаңа бағытын айқындап, экономиканы жаппай цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, жаңа министрлік құру, деректер мен цифрлық активтердің құқықтық негізін қалыптастыру сынды ауқымды бастамаларды қамтыды.
Құнды құжатта Президент атап өткен бір палаталы Парламентке көшу – саяси жүйенің тұрақтылығын арттырады. Сенат өз функциясын орындады, алайда оның енгізілуі негізінен шетелдік тәжірибеге жақындастыру мақсатында болғаны белгілі. Президент бастамашы болған саяси реформалардың нәтижесінде еліміз бір палаталы Парламент жүйесіне көшті. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тарихи қадам. Жаңа саяси модель ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжатқа негізделіп жүзеге асуда. Осы реформалардың аясында алдағы 23 тамызда жаңа құрамдағы Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Алдағы саяси науқан елдің демократиялық дамуына тың серпін беріп, халықтың еркін білдіретін маңызды оқиға болмақ.
Сондай-ақ құнды құжатта Мемлекет басшысы демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет ететінін ерекше атап өтті.
– Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады. Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек, – деді Президент.
«Су – тіршіліктің нәрі» деп бекер айтылмайды. Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кезекті Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және су шаруашылығы саласын жаңғырту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президент су тапшылығы жағдайында әрбір тамшы суды ұқыпты пайдалану, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын жетілдірудің маңызын ерекше атап көрсетті.
– Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни атқарылатын жұмыс шаш етектен. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал оны тұтыну мәдениеті төмен, – деді Тоқаев.
Сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе екенін айтты.
– Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел әрекет етуіне арқау болуға тиіс. Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көреді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Жолдауда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім ерекше назар аударды. Бұл жай ғана жаңа құрылым емес – бұл бүкіл қоғамға сын-қатер және сигнал. Қазақстан цифрландыру мен инновациялар абстрактілі ұранға айналмайтын және күнделікті өмірдің бір бөлігі болатын елге айналуға ниетті. Мұндай өршіл мәлімдеме биліктің жаңа көкжиектер ашып, «болашақ экономикасын» қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді.
Активтерді қайтару жөніндегі комитетті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта құру туралы мәлімдеме де маңызды болды. Бұл қадамда мемлекет жазалау логикасынан сенімге және бизнеспен серіктестік саясатына кетіп, екпінді өзгертеді. Инвес- тициялар үшін қатаң бәсекелестік жағдайында дәл осындай позиция Қазақстанның сенімді және әділ әріптес ретіндегі имиджін нығайтуға қабілетті.
Президенттің өнеркәсіптегі өсім көрсеткіштері мен жаңа өндіріс- тердің іске қосылуы – бұл құрғақ статистика емес, индустрияландыру саясатының жұмыс істейтінінің айғағы. Автомобильдер, тұрмыстық техника, металлургия – ондаған жылдар бойы «әлсіз буындар» деп саналып, енді өсу нүктесіне айналған салалар. Бұл мысалдарда ең бастысы – Қазақстан біртіндеп «шикізаттық тұзақтан» шығып, жаңа индустриялық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар Жолдау аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік саясаттың қазіргі ахуалына тоқталып, оны түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, шектен тыс жеңілдіктер мен жүйесіз төлемдер мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға себеп болып отыр.
– Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдерді қолдан көбейту – елдің даму қаржысын босқа шашу екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп, аурухана және инфрақұрылым салуға бағытталуға тиіс қомақты қаражат әлеуметтік жеңілдіктерге артық жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысы кезінде енгізілген «толық емес отбасы» санатының ажырасулардың күрт өсуіне ықпал еткенін мысалға келтіріп, мұндай қадамдардың қоғамға зиян тигізгенін айтты.
– Әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеу- меттік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді, – деді ол.
Құнды құжатта Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісінде көшбасшыға айналып, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануға тиіс.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексі тек нормаларды өзгертумен шектелмей, ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа салық мәдениетін қалыптастыруы қажет.
– Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс, – деді Президент.
Жалпы, өткен жылғы Жолдау – жай уәделер жиынтығы ғана емес. Онда жаңару энергиясымен және Қазақстанның сын-қатерлерге төтеп бере алатыны және қазіргі заманғы мемлекет құру қабілетіне деген сенім сезіледі. Президент болашақ туралы алыс арман ретінде емес, бүгіннен бастап жасауға болатын шындық ретінде айтады.
Президент Жолдауының басты мақсаты – қуатты, әділ және технологиялық Қазақстанды құруға қол жеткізуге бағытталған. Ол қазіргі қиындықтарды шынайы бағалауды және ел дамуының маңызды бағыттарын қамтиды.
Президенттің бұл мәселеге стратегиялық көзқарасын терең бағалау керек және ұсынылған бас- тамалар әлеуметтік теңдік пен экономикалық тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізетініне сенім тудырады. Қоғамның барлық топтарын алға қойылған мақсаттарды талқылауға және орындауға тартудың маңыздылығы да ерекше назар аударуға лайық. Біздің міндетіміз – Жолдауда көрсетілген бағдарларға қол жеткізу үшін белгіленген мақсаттарды белсенді қолдау және іске асыру.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ