Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңа қазақстанның жаңа бағдары

0 50

Қазақстан тарихында әрбір жаңа кезең елдің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуымен тығыз байланысты. Мемлекеттің іргесін бекемдеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі – Ата Заң. Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды құжат ретінде тарихтан орын алды.

Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде: «2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымыз- да тұрған реформаларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Осылайша, біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз.
Жалпы, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгеріс- тер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз.
Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салуға қатысты референдум кезінде халқымыздың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұрғысынан мұқият саралай отырып қабылдаймын. Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды», – деген болатын.
Президент пәрменінен кейін ағымдағы жылдың 15 наурызда еліміздің қоғамдық- саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – республикалық референдум өтті. Бұл күні Қазақстан азаматтары елдің болашағына қатыс- ты маңызды шешім қабылдап, жаңа Конституция жобасына өз таңдауларын білдірді. Референдум – халықтың еркін білдіретін ең жоғары демократиялық тетіктердің бірі. Сондықтан бұл саяси науқанға азаматтар белсенді қатысып, жаңа Ата заңның қабылдануына өз үлестерін қосты.
Жалпыхалықтық дауыс беру барысында тұрғындар жаңа Конституцияның қабылдануын қолдау немесе қолдамау жөнінде өз пікірлерін ашық білдірді. Осылайша, халықтың еркі негізінде жаңа Конституция қабылданып, еліміздің құқықтық және саяси дамуында жаңа кезең басталды. Бұл тарихи таңдау мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына бағыт-бағдар беріп, заң үстемдігі, әділдік және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарын жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты шарада сөйлеген сөзінде: «Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!» – деген еді.
Мемлекет басшысы Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат екенін атап айтты. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі.
– Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек. Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беру нау- қанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын! Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді, – деді Президент.
Президент шын мәнінде, халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегия- сы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын, жастардың белсенділігі туралы айтты.
– Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия. Сонымен қатар азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз.
Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды. Қазақстанның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Референдумның табысты өтуіне орай менің атыма достас мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халқымызға қолдау көрсетіп, тілектестіктерін жеткізген әріптестеріме ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, жаңа Конституция- ны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптас- тыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның аражігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі.
Соңғы жылдары елімізде жүргізілген саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде қабылданған Ата Заң мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруды көздейді. Конституциядағы өзгерістер билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің құзыреті кеңейіп, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі арта түсті.
Ата Заңның басты ерекшеліктерінің бірі – адамның құқықтары мен заң алдындағы теңдігін нақтылай түсуі. Әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы, сөз еркіндігі, еңбек ету, білім алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау құқықтары конституциялық деңгейде тағы да бекемделді. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, әр адамның заңмен қорғалуына кепілдік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігі күшейтілді. Мемлекеттік органдар халық алдында жауапты болуы тиіс деген қағидат нақты көрініс тапты. Бұл – жемқорлықтың алдын алуға, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететін маңызды өзгерістердің бірі.
Жаңа Конституция ел экономикасының тұрақты дамуына да құқықтық негіз қалайды. Кәсіпкерлікті қорғау, жеке меншіктің қол сұғылмаушылығы, әділ бәсекелестік пен инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалмаған. Экономикалық тұрақтылықтың негізі – заңның үстемдігі мен меншік құқығының қорғалуы екені тағы бір мәрте айқындалды.
Ата Заңның күшіне енуі әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Конституцияны құрметтеу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның міндеті. Заңды сақтау, өз құқығын білу және өзгенің құқығын құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгісі.
Бүгінгі таңда жаңа Конституцияның күшіне енуі – құқықтық мемлекет құру жолындағы кезекті тарихи белес. Оның әрбір нормасы халықтың игілігіне қызмет етіп, елдің тұрақты дамуына негіз болуы тиіс. Заң үстемдігі салтанат құрған жерде ғана әділет орнап, мемлекет қуатты болады.
Қорытындылай айтқанда, 1 шілдеден бастап күшіне енген Ата Заң – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің құқықтық іргетасы. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, қоғамдағы әділдік пен ашықтықты орнықтыруға бағытталған. Конституция талаптарын құрметтеп, оны бұлжытпай орындау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы әрі ел болашағына қосқан үлесі.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.