Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беріп, билік пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты мемлекеттік органдардың халықтың талап-тілегіне дер кезінде ден қоюын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жай ғана тіркеп қоймай, оларды жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау арқылы тұрғындардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту екені белгілі.
Бүгінде аталған тұжырымдама еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Тараз қаласында да Президент айқындаған қағидаттарды іс жүзінде орындауға ерекше мән беріліп, тұрғындармен тиімді әрі ашық кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Қала әкімдігі мен оған қарасты бөлімдер, коммуналдық мекемелер және аудан әкімдіктері халықпен тұрақты әрі нәтижелі байланыс орнатуды күнделікті жұмыстың басты басымдығы ретінде айқындап отыр.
Қазіргі цифрлық дәуірде халықтың басым бөлігі қажетті ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алады. Осыған байланысты Тараз қаласы әкімдігі ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде әлеуметтік желілердегі жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Қала әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембектің айтуы бойынша, қала әкімдігінің ресми Instagram және Facebook парақшаларында шаһардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік- экономикалық тыныс-тіршілігі, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, абаттандыру жұмыстары, тұрғындарға қатысты маңызды жаңалықтар мен ресми хабарламалар уақытылы жарияланады екен. Сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сауалдары мен арыз-шағымдарына мүмкіндігінше жедел жауап беру мақсатында «Алтын сағат» қағидаты басшылыққа алынып, көтерілген мәселелердің дер кезінде қаралуына басымдық берілуде.
– Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасының аудиториясы тұрақты түрде артып келеді. Қазіргі таңда онда 102 мыңға жуық жазылушы тіркелген. Ал Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаның оқырмандарының саны 7 300-ге жеткен. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың жергілікті атқарушы орган қызметіне қызығушылығы жоғары екенін және ақпараттың негізгі бөлігін цифрлық платформалар арқылы тұтынатынын көрсетеді.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін әкімдіктің ресми әлеуметтік желілерінде ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 1 269 жазба жарияланып, 588 бейнеролик дайындалды. Сонымен бірге 620 ақпараттық баннер әзірленіп, 327 материал түрлі интернет-сайттарда жарияланды. Осылайша тұрғындарға маңызды мәліметтерді дер кезінде жеткізу, атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету және қоғаммен тұрақты байланыс орнату бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды, – деген Нұрдос Болатұлы жұмыс жүргізілген жерде түрлі мәселелердің туындайтынын да жасырмады.
– Әлеуметтік желілердегі тұрғындардың өтініштері мен сын-пікірлері тұрақты бақылауға алынған. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Instagram әлеуметтік желісіндегі түрлі парақшаларда Тараз қаласы әкімдігінің ресми парақшасын белгілеу арқылы барлығы 1 272 сыни жарияланым жарияланған. Ал Facebook әлеуметтік желісінде 127 мәселе көтерілген. Ол мәселелердің барлығы тұрақты түрде зерделеніп, жауапты бөлімдер мен мекемелерге жолданып отырды. Нәтижесінде қазіргі уақытқа дейін көтерілген 1 253 сұраққа заңнамада белгіленген мерзімдерде толық әрі уақытылы жауап ұсынылды. Тек 19 сұраққа ғана әкімдік тарапынан жауап берілмеді. Оның басты себебі – аталған мәселелердің Тараз қаласы әкімдігінің құзыретіне жатпауында. Атап айтқанда, 13 шағым – «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 3 шағым – Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына, 1 шағым – облыстық экология басқармасына, 1 шағым – Жамбыл облысының санитария- лық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және 1 шағым Тараз теміржол бекетінің құзыретіне қатысты болғандықтан, әкімдік тарапынан ресми кері байланыс ұсынылмады.
Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласы әкімдігіне жалпы 3 152 өтініш пен арыз-шағым келіп түскен болатын. Бұл көрсеткіш облыс орталығы ретінде шаһар тұрғындарының ғана емес, бүкіл өңір халқының негізгі мәселелері ең алдымен, қала әкімдігіне жолданатынын айқын аңғартады, – дейді Н.Сембек.
Жалпы, қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің мамандары әлеуметтік желілерде көтерілген барлық сауалдың уақытылы қаралуын және олардың оң шешімін табуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Талдау нәтижесі көрсеткендей, тұрғындар көтеретін мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруа- шылық және құрылыс салаларына қатысты екен. Сонымен қатар «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі, «Жамбыл су» мекемесі және өзге де коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты сұрақтар да жиі көтерілетін көрінеді.
– Ағымдағы жылдың 1-30 маусымы аралығының өзінде Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі түрлі парақшаларда Тараз қаласы әкімдігінің ресми аккаунты белгіленген 350 арыз-шағым тіркелді. Оның ішінде 105 өтініш-шағым Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолданды. Ал «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне қатысты – 84, Тараз қалалық Полиция басқармасына – 62, Жібек жолы ауданы әкімдігіне – 20, «Жамбыл Су» мекемесіне – 18, облыстық денсаулық сақтау басқармасына – 15, Әулиеата ауданы әкімдігіне – 10, Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне – 9, білім бөліміне – 8, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне – 7, тұрғын үй қатынастары бөліміне – 5, «Таразтрансэнерго» кәсіпорнына – 4 және жер қатынастары бөліміне – 3 шағым жіберілді. Сонымен қатар биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап маусым айының соңына дейін Жамбыл облысы әкімдігі мен облыс әкімінің Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларының пікірлер бөлімінде Тараз қаласына қатысты барлығы 107 арыз-шағым жарияланды. Аталған өтініштердің барлығы уақытылы қаралып, 107 сауалға толық жауап ұсынылды.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғындармен кері байланыс орнатудағы маңызды тетіктерінің бірі – «Жамбыл-109» бірыңғай диспетчерлік қызметімен өзара тығыз ықпалдас- тық. Бұл орталық арқылы тәулік сайын келіп түсетін тұрғындардың сауалдары мен шағымдары күнделікті зерделеніп, олардың әрқайсысы жауапты мемлекеттік органдар мен коммуналдық мекемелерге жолданып отырады. Осылайша тұрғындардың өтініштерін жедел қарау және шешу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштерін қабылдау мен бақылау- дың тиімді цифрлық құралына айналған «IKomek 109» платформасы арқылы да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері аталған платформа арқылы барлығы 5 070 өтінім тіркелген. Оның ішінде 2 419 өтінім белгіленген мерзімде орындалып, толық жабылған. Тағы 1 570 өтінім кешіктіріліп орындалғанымен, толығымен шешімін тапқан. Ал қазіргі уақытта 1 081 өтінім бойынша жауапты мекемелер тарапынан жұмыстар жалғасып жатыр.
Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – бүгінгі таңда «IKomek 109» платформасында мерзімі өтіп кеткен өтініштердің болмауы. Бұл тұрғындардың өтініштері тұрақты бақылауда екенін, әрбір мәселенің кезең-кезеңімен қаралып, жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде белгіленген тәртіппен орындалып жатқанын көрсетеді, – дейді қала әкімдігі медиа орталығы директорының міндетін атқарушы Назерке Болат.
Қорыта айтқанда, қоғам мен билік арасындағы сенімді қарым-қатынас- тың беріктігі, ең алдымен, халықтың өтінішіне қаншалықты жедел әрі нәтижелі жауап қайтарылатынымен өлшенеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың тиімділігі қабылданған бағдарламалар мен іске асқан жобалардың санымен ғана емес, әрбір тұрғынның мәселесіне деген жауапкершілікпен, ашықтықпен және нақты нәтижемен бағалануда. Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласында қалыптасқан кері байланыс жүйе- сі тұрғындардың үнін естуге ғана емес, оны нақты іске ұластыруға бағытталған басқару мәдениетінің орнығып келе жатқанын көрсетеді.
Әлеуметтік желілердің мүмкіндігін тиімді пайдалану, цифрлық платформаларды күнделікті жұмыс үдерісіне енгізу, диспетчерлік қызметтермен ықпалдастықты күшейту және тұрғындармен үздіксіз байланыс орнату мемлекеттік қызметтің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Бұрын азаматтардың өтініштері тек қағаз жүзіндегі хат-хабарлар арқылы қаралса, бүгінде әрбір пікір, ұсыныс немесе сын бірнеше минут ішінде жауапты мамандардың назарын аударып, тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынады. Мұндай тәсіл мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектеріне құлақ асып, оларды нақты нәтижеге жеткізу бағытындағы жұмыстар Тараз қаласының тұрақты дамуы мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде өз жалғасын таба бермек.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ