Қазақы болмыстың қаймағын бұзбай, ұлттың рухани қазынасын ұрпақ санасына сіңіруге бар ғұмырын арнап келе жатқан белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен жүздесіп, тағылымға толы әңгімесін тыңдау көптен көкейімізде жүрген еді. Қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен терең танымын кейінгі буынға жеткізген қаламгер күні кеше Тараз төріне табан тіреп, «Даңқ» залындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында болды. Осы сәтті пайдаланып, батырдың келінімен сұхбаттасып, ұлттық құндылықтар, тәрбие тағылымы және бүгінгі қоғамның рухани ахуалы туралы кеңінен әңгімелескен едік.
– Зейнеп апа, уақыт атты жүйрік көш ешкімді күтпейтіні белгілі. Дегенмен, адам ғұмырының әр белесі артқа бұрылып қарағанда өз өрнегімен, өз естелігімен қымбат. Бүгінде өткен жолыңызға көз тастап, балалық шағыңыз- дан бастап тағдыр Сізге сыйлаған тәлім мен тәрбие таразысына үңілсеңіз, өзіңізді қандай адаммын деп бағалар едіңіз? Сізді бүгінгі Зейнеп Ахметова етіп қалыптастырған өмір мектебі туралы әңгімелеп берсеңіз…
– Мына тоқтауы да, байлауы да жоқ уақыт керуені алға қарай озған сайын адамның жасын да ұлғайта береді ғой. Күні кеше ғана мөлдіреген жүзімдей жап-жас келіншек едік, бүгін бүріскен мейіздей болып қалдық. Десе де мейіздің де пайдасы зор (күліп). Аллаға шүкір, өткен өміріме еш өкінішім жоқ. Әрине, бір қалыпқа түскен, зырылдап өте шығатын өмір еш жерде, ешқашан болмаған. Кез келген ғұмырдың өз өкініші, жеңісі мен ұтылысы болады. Оның барлығы бір адамның басынан өтпей қоймайды. Жалпы алғанда, мен – маңдайлы адаммын. Өте керемет ата-ананың бауырында, үлкен отбасында өмірге келдім. «Жоқ» деген сөзді естімей, емін-еркін өстім. Оның үстіне, анам марқұм өмірінің соңына дейін қазақтың бүкіл салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үкісін қисайтпай ұстанған адам еді. «Қызы бар үй қандай болады екен» деп армандап жүргенде көрген «арпа ішіндегі бір бидайым», – деп еркелетіп, аялы алақанымен аялап тұрып, лезде сол алақаны жұдырыққа айналып шыға келетін. «Сен әкеңнің үйінде шолжаңдап жүргеніңмен, бұл үйге қонақсың. Ертеңгі күні бір босағаны аттап, бір үйдің отын жағасың. Сол кезде отыңның басында алдымен маған сөз келтірме», – деп кішкентай шағымыздан еркелете жүріп, қыз бала үйренуге тиістінің бәрін үйретті, болашақта қиналмай, бір әулеттің қазанын ұстап, бір үйдің тірлігін дөңгелетіп әкететіндей етіп тәрбиеледі. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегендей, Құдайға тәубе, ата-анадан көрген мықты тәрбие қалыпқа сыймайтын, атаның өзі айтқандай, көктемдей құбылмалы мінезі бар ерекше жанның отының басына келін болып түскендегі ғұмыр жолыма алтын діңгек болды. Иісі қазаққа ортақ, алты алаштың ардақтысы болған адамның, аз уақыт болса да қолына су құйып беріп, шайын қайнату, ол кісінің ертелі-кеш үнін есту, дидарын көріп отыру Алла Тағаланың менің маңдайыма берген бақыты, үлкен ерекшелігі деп білемін. Мен – анамның мектебінен, атамның университетінен өткен жанмын.
– Анаңыз сұңғыла жан болған екен. Атаңыз- дың кемеңгерлігі мен көрегендігі, өткір болмысы анаңыздың да бойында болғанын аңғарамыз…
– Иә, анам ұлттық қадір-қасиетті бойына жинаған нағыз қазақ әйелі болды. Егер мен анамның тәрбиесін көрмегенімде, ата секілді адамның тұрмыс-тіршілігіне төзу, сол шаңырақтың түтінін түзу шығару қолымнан келмес еді. Міне, ұлттық тәрбиенің пайдасы қайда жатыр. «Анасына қарап қызын ал» деген сөз де текке айтылмаған. Бізде қазір осы мәселе ақсап тұр. Қызын тәрбиелеудің орнына алдымен өзіне тәрбие керек әйелдер көбейді. Ұлттық тәрбиеден, ұлттық құндылықтардан айырылып бара жатырмыз. «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейді. Батыс келіп жалаңаштап, Шығыс келіп тұмшалап, екі ортада онсыз да тарыдай шашырап жүретін бір уыс қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Ұлттың ұлттығын сақтап қалатын тетік – ең алдымен, қыздың тәрбиесі, осы мықты болуы керек. Анамыз: «Қызы тексіз, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Сөйтіп, ұрпақ жидіп-жүнжиді», – дейтін. Міне, қандай тәрбие! Қазір «Зәке» атанып, біреулерге «Зейнеп апа», «Зейнеп әже» болып азды-көпті қазақтың есігі мен төрін көріп, құрметке бөленіп жүрсем, соның бәрі, қасиетінен айналайын, қазақтың ұлттық тәрбиесі, ұлттық тағылымның әсері деп ойлаймын.
– Шығармашылығыңыздың арқауы күнделіктен бастау алғаны барша оқырманға аян. Жалпы, күнделік жазу қай кезден басталды?
– Күнделік жазу балалық әуестіктен басталды. Бірнеше жыл жазып жүрдім де, зерігіп, күнделік толтыруды тастап кеттім. Есейе келе қайта жаздым. Ол шақта күнде емес, ерекше әсер еткен, ұмытуға болмайтындай оқиғаларды ғана жазатын болдым. Ал атаның қолына келгенде: «Бұны ықтиятты түрде қолға алу керек. Өйткені атам – қайшылықтардан тұратын, қалыпқа сыймайтын адам. Өзге тұрмақ, өзі ертең не болатынын білмейді. Қашанғы қасында жүретінімді кім білсін?! Сондықтан әр сөзін, әр әрекетіне дейін қалт жібермей, жаза берейін» деп ойладым. Сәттерді ұстап қалғым келді. Сырты әбден май-май болған күнделік дәптерім асүйдің тартпасында тұратын. Ас әзірлеп жатсам да арасында қолымды сүртіп-сүртіп, «осыны ұмытып қалмайықшы» деп атаның әр қимыл-әрекетіне дейін жазып жүрдім. Мақтанғаным емес, менің сол ұқыптылығым, саққұлақтығым қанша кітапқа негіз болды. Оқырман атаны «батыр», «жазушы» ретінде жақсы білгенімен, үй ішіндегі болмысын таныту менің ғана пешенеме бұйырыпты. Ең толымды етіп жазылғаны да атаммен тұрған жылдардағы күнделіктер еді.
Мен жазушы болуды ешқашан мақсат тұтқаным жоқ. Атамның қолына көшіп келгенімізде Бақытжанның бір-екі кітабы шығып үлгерген. «Қанша дегенмен, Бақытжан – жазушы. Ертеңгі күні әкесі туралы жазбай қоймайды. Сол кезде менің жазып алғандарым оған шикізат болсын» деген ой болды менде. Ата өмірден өткен соң араға уақыт салып: «Бұл – ешкімде жоқ материал. Мен ғана жазған дүниелер бар мұнда. Атаның оң қабағы көтерілгенде не болады, мұрты жыбырлағанда, шашы тікірейгенде не болады? Соның барлығын қағазға түсіріп алуға мүмкіндігім болыпты. Осында жазылғандарды керек кезде қолданарсың», – деп күнделіктерімді Бәкеңе бердім. Бәкең: «Болмайды. Бұл келіннің көзқарасымен жазылған әрі мен Алматыда туып-өскенмін. Орысша оқыдым, ормандай қалың орыстың арасында өстім, ал сен таза қазақи тәрбиеде өсіп, ауылдан келдің. Екеуіміздің психологиямыз сәйкес келмейді. Одан да бұны өзің жаз», – деп алудан бас тартты. «Қой! Мен жазушы емеспін, жазып көргенім жоқ», – деп шошып кеттім. «Мен саған роман, повесть жаз деп отырғаным жоқ қой. Оқиға да, әрбір сәт те күн-күнімен жазылып тұр. Бас жағына әуен беріп, соңына қорытындысын қоссаң, негізгі арқауы дайын тұр», – деген Бәкең, міне, осылайша, жазудың жауапты бір саласына жол салып берді. Кейіннен өзі де: «Мен саған ең қиын жанрды үйреттім», – дейтін. Ол кітапқа айналып, алғашында шағын, сегіз баспа табақ, жиырма мың дана кітап жарық көрді. Халықтың атаға деген махаббатының мықтылығы сонда, кітап лезде таусылып, қайта толықтырылып, алпыс мың тиражбен оқырманға жол тартты. Кітаптың көп таралыммен шығып, оқырман ықыласына бөленуі менің мықтылығымнан емес, атаның мықтылығы, атаның өмірінің көпке беймәлім бөлшегін арқау еткенімнен еді. Сонымен қатар әдебиет тарихында досы, жары, баласы, қызы жазған естелік бұрыннан бар, ал келіннің қайын атасы туралы жазу ешқашан болмаған екен… «Шуақты күндер» – қазақ-совет әдебиеті тарихындағы келіннің тұңғыш естелік-эссесі. Атаның биік рухы, аруағы желеп-жебеді де, жай ғана қазан-ошағын ұстап жүрген қазақтың қарапайым келіні танымал болып шыға келді.
– Бауыржан атамыздай болмысы бөлек, мінезі қатал тұлғамен бір шаңырақ астында өмір сүру жас келінге оңай болмағаны анық. Сол кезеңдерде сізге күш-қуат беріп, сабырыңызды сарқылтпаған қандай қасиет еді?
– Түсіну мен сыйластық шыңдады. Әрине, атаны бірден ұға қойдым десем, өтірік болады. Ол кісіні зерттей бастадым. Ата бір сөзің үшін сені мақтап отырып, келесі сөзің үшін быт- шытыңды шығаруы мүмкін. Ол кісі кез келген жаман адамның бойынан да бір қасиетті көре білетін, керемет деген адамның да пенделігін байқайтын. Алғашында қорқып жүрдім. Атаның дауысы шықса, тізем дірілдейтін. Сондықтан болар, жығылып-сүрініп жүріп бірдеңені қисайтып, тағы бірдеңені бүлдіріп алып дегендей… Бірте-бірте атаның болмысын тани түсіп, түсіністік сыйластыққа ұласқанда қаймықпай, қай жерде не айтуды, қандай да бір әрекет жасауды біліп тұратын болдым. Кейде үйге келген кісілердің бодауында кетіп, соларға ашуланғанда менің де қосақ арасында қоса кетіп қалатын сәттерім болатын. Түсінесің. Үйге келген адамға есік ашатын менмін. Ол адамдардың келуі бірдей болғанымен, кетуі әртүрлі. Кейбіреуінің кірген есігін таба алмай қалатұғын кездері болды. Оның бәрін кітаптарымда жазғанмын. Жуалыдағы музейге атамның барлық затын өз қолыммен тапсырдым. Ал бүгінде «Даңқ» залының екінші қабатында орналасқан атамның музейіне 700-ден астам затын тапсырыппын. Алдағы уақытта да атамның жәдігерлерін музей қорына табыстауды жоспарлап отырмыз. Бұл жердегі әрбір заттың өз тарихы бар.
– Бүгінде ұмытыла бастаған талай салттың мәнін жаңғыртып, оның тәрбиелік һәм рухани құндылығын жұртшылыққа танытып жүрсіз. Халықтық мұраның тереңіне бойлап, оның шынайы болмысын ашудағы басты ұстанымыңыз қандай?
– Оның барлығы көзіміз ашылғаннан анамыздың бойымызға сіңіргені ғой. Анамыз: «Жоғары оқу орнында оқисың ба, оқымайсың ба, өзің білесің. Оқысаң, өзің үшін оқисың. Ал ұлттық дәстүрді ұстануға міндеттісің», – дейтін. Ес білгелі қазақтың ғұрыптары, ырым-тыйымы тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол арқылы-ақ салт-дәстүрдің әр деталінің мән-мазмұнын танып өстік. Қазір әсіредіншілдер қазақты шектен тыс шатастырып, дәстүрімізге шүйлігіп жүр. «Дін, дін» деп, небір ағымдағылар нағыз Ислам дініне жат тірлік жасап, ғайбатты да, астамсуды да асырып көрсетіп келеді. Мен Құдайға шексіз сенетін адаммын. Қазақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен Алланың құдіретін дәл берген. Қазақ ешқашан Құдайын ұмытпаған, дәстүрін де берік ұстанған.
Қоғамда менің көңіліме қонбайтын тағы бір нәрсе – өз елімізде, өз жерімізде отырып, Тіл комитетін құрып, тілді қорғауы. Осы намысқа тимей ме? «Тілді қорғау», «тілді қолдау» деп қыруар қаржы бөлінеді. Ол ақша тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатыр. Содан тілдің көсегесі көгеріп жатыр дегенге сенбеймін. Қолымда заң шығаратын билік болса, ана тілін білуді әр қазаққа міндет етіп бекітер едім. Күнделікті тіршілікке қатысты барлық тетік қазақ тілін білмейінше қолжетімсіз болса, бұл мәселе өздігінен шешілер еді. Халқымызда әл үстінде жатқан адамды «тілден қалды» деп айтады. Ал тұтас бір ұлт тілден қалса, не болмақ? Қазақтың тілі қай жағынан жұтап жатыр, осыны көпшілік аңғармайды. Ежелгі жырауларымыздан бастап, бүгінгі ақындарға дейін қазақтың «беташар» салтына жыр арнамаған ақын некен-саяқ. Ол жырларда қаншама сөздік қор бар. Әсіредіншілдер «нағыз мұсылман боламыз» деп келінге «беташар» жасауды тыйып әлек. Осы өсиет-өнегеге тұнып тұрған бір ғана «беташар» арқылы қаншама сөз жойылып, келмеске кетпек.
«Орамалға келдім» дейтін сөз сәнге айналды. Айналайын-ау, қазақтың әйелдері ешқашан жалаңбас болған жоқ. Бірақ қазақтың қызы тұрмысқа шыққанша басына орамал салмаған. Жарастырып кәмшат бөрік, құндыз бөрік, моншақты сороба, шашақты қасаба, жырға, үкілі тақия – бірінен бірі өтетін сәнді баскиімдер киді. Соған лайықтап шашына күтіммен қарады. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» дейтұғын қолаңшаш, сүмбілшаш, алтыншаш, қарашаш – бәрі қазақ аруларының шашына тән сипат. Шашқа тағатұғын шашбау, шолпылар, тіпті соның сыңғырына дейін ақындардың өлеңіне тиек болған. Сол үшін де мұсылман болу үшін араб болудың қажеті жоқ деп айтамын. Інісінің қызын ағасының баласына әперетін халықтан не үйренесің әрі-беріден соң. Дәстүрге неге қарадай тиіседі бұндай ұябұзарлар? Өйткені дәстүрмен бірге тіл құрып кетіп жатыр. Дәстүр мен тіл – егіз. Айғайлап жүрген тіл жанашырлары осындай олқылықтарға тосқауыл болудың орнына түрлі шаралармен уақытты бағаламай, қаржыны да шашып жүр.
– Қазақ «тәрбие тал бесіктен емес, ана құрсағынан басталады» дейді. Сіз де осы ұстанымды еңбектеріңізде жиі қозғайсыз. Бүгінде денсаулығында немесе дамуында ерекшелігі бар балалардың көбеюіне қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Осы мәселені өз көзқарасыңызбен қалай түсіндірер едіңіз?
– Бұл – біріншіден, экологияға байланысты. Екіншіден, бүгінгі нәрестелер уыз ембейді. Қазір баласын емізбейтіндердің саны артты. Уыздың қандай қасиеті барын «Күретамыр» атты кітабымда егжей-тегжейлі жазғанмын. Уызда жеті атадан бергі күллі қасиет жинақталады екен. Дәмнің неше түрін жасайтын ғылым уыздың құрамын әліге дейін толық анықтай алмай келеді. Көбі ащы толғақтан қашады. Табиғаттың заңдылығы сонда, бала толғақпен өмірге келуі керек. Онда ана мен бала арасындағы байланысты нығайтатын көзге көрінбейтін күш жатыр. Босанған келіншектердің қырық күн күтінбейтіні, қалжа жемейтіні – бәрі-бәрі кері әсерін тигізбей қоймайды. Қанша уақыттан бері тынбай айтып келе жатырмын, балабақшадан бастап, мектептерде, университеттерде халық педагогикасынан сабақ өтілуі керек. Құдайға шүкір, егемендік алғалы бері қазақ мектептері, қазақ балабақшалары көбейді, бірақ ұлттық мектеп, ұлттық балабақша әлі бір жолға түспей тұр. Ұлттық мектептер ашып, ары қарай дамытайын дегендерге, неге екенін, тосқауыл көп, сүйеу жоқ, тіреу жоқ. Соған қарамастан, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігінің мықтылығымен жұмыс істеп жүрген жандар баршылық.
– Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілгені жөніндегі деректің шындыққа сәйкес келмейтінін бірнеше рет көтердіңіз. Тарихи тұлғаға қатысты мұндай қателік қалай пайда болды және оны түзету бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен 2017 жылы шыққан «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының қырқыншы бетінде атаға «Халық қаһарманы» атағы берілгені жазылған. Бұл – үлкен тарихи қателік. Энциклопедияға, оқулықтарға осы қалпында еніп жүр. Мектептерде: «2005 жылдан бастап Бауыржан Момышұлы Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атанды», – деп ұрандатып тұрады. Ол кітапты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған жоқ деп ойлаймын. Олай жазуы мүмкін емес. Өзге – өзге, атаның «Кеңес Одағының Батыры» атағын, «Алтын жұлдызды» Бақытжанның қолына тапсырған сол кісі ғой, шындап келгенде. Ал бұл мәліметті өзі жазды деп ойламаймын. Себебі ол кісі кімге не бергенін біледі. Сол кездегі баспасөз беттерін де қарап шықтық, бұндай жарлық еш басылымда жарияланбаған.
Кезінде Ержанның атынан жоғары жаққа хат та жаздық. Ешкім анықтап жауап бермеді, ұмтылмады да. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына жазылып, осы жайды анықтауға күшімді салдым. Себебі мен бұл қателікті дұрыстап кетпесем, болашақ ұрпаққа қалай қараймын?! Тарих та, атам да бұны кешірмейтін еді. Дегенмен, Президентіміз Жамбыл облысына келген сапарында атамның 115 жылдығы қарсаңында «Халық қаһарманы» атағын беретінін айтып, оны Алматыда отбасына салтанатты түрде табыстады.
– Бұрын ата-бала-немере арасындағы байланыс бекем болатын. Ата ұрпағының тәрбиесіне жауапты еді. Қазір неге осы ошақтың үш тағанындай болған ата-бала-немеренің арасы алшақтап барады?
– Бұл институттың іргетасын әбден босатып алдық. Өйткені психолог деген «мықтылар» шықты. Бүкіл елді шарлап, дәріс оқып жүр. Тіпті «ата-әжеге бала баққызу зиян» деп те жазды. Әрине, немересін жақсы көрмейтін халық жоқ. Бірақ біздің қазақтыкі басқа. Ата-әжелер тұңғыш немересін өзінің кенжесі ретінде бауырына салады. Себебі баланың ата-анасы кеше ғана үйленген, қалай тәрбиелеуді білмейді. Сол кезде ата-әже көмекке келеді. Олар әке-шешесін ұмыттырмайды, тек тәрбиелейді. Сол ата-әженің бауырында өскен балалар ерте есейеді. Оның сөйлеу мәнері, өмірге көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы мүлде басқа. Қазақтың небір марғасқалары ата мен әженің қолында өскен. Бір жағынан немере баққан үлкен кісілердің жасы да ұзара түседі. Неге десең, «Осы шырағымның ер жеткенін көрсем» деп армандайды. Сосын мектепке барғанын, оқу бітіргенін, тойын көргісі келеді. Сөйтіп, үміт алға сүйрейді. Психологтар ортадан кірікті де, оның бәрін зиян қылып көрсетті. Қазір көптеген ата-әже: «Әкесін бақтым, енді өзім үшін өмір сүргім келеді» дейтін болыпты. Үлкеннің беретін тәрбиесі болмағандықтан, обал мен ұятты жоғалтқандықтан да, қатыгез, ойсыз еліктейтін санасыз ұрпақ жетіліп келе жатыр. Ә дегенде бізде ұлттық идеология жасалмады. Марқұм Бақытжанның Ата заң қабылданған күні айтқан бір әңгімесі бар. «Жарайды, Ата заң қабылданды. Оны Қазақстанда тұратын барлық ұлт орындауға міндетті. Өйткені сен осы мемлекеттің нанын жеп, суын ішіп отырсың. Ал енді ата болған жерде, қалай ана болмайды?» –дейді. Мен таңғалып: «Ана заң деген не?» десем: «Ана заң – әрбір ұлттың сан ғасыр сарабынан өтіп келген ұлттық құндылықтары», – деді. Осы сөз үнемі есіме түседі де тұрады. Шынымен де, ана сүтімен бойға сіңетін «Ана заңы» ескерусіз қалған. Сондықтан неше түрлі имансыздық, тексіздік, қылмыс болып жатыр.
– Отбасындағы ананың, келіннің рөлі туралы жиі айтып, жазып та жүрсіз. Енді отбасындағы әкенің рөлі туралы айтып беріңізші. Қазіргі ер-азаматтардың келбеті қандай?
– Қазір ер-азаматтардың көбі – ынжық. Масылдыққа үйренген. Көшеде өзін-өзі жұмысқа жегуге сатып отыратындар бар. Былай қарасаң, тепсе темір үзетін азаматтар. Соларға қарап, намысың келеді. Бұрындары ерінің тауып келгенін әйел үйде ұқсатып, ағайын-туған арасындағы ынтымақты сақтап, балаларын шашау шығармай тәрбиелеп отырған. 90-жылдарда бұрынғы қоғамдық құрылыстың бой-бойы қақырап, іргесі сөгіліп, шаңырағы ортасына түскенде ер-азаматтар жұмыссыз қалды. Талайы араққа салынып кетті. Шырылдаған бала-шағасын асырау үшін әйелдер ала қоржынын арқалап, саудаға шықты. Сөйтті де әйел – базаршыл, еркек қазаншыл болды. Содан бірте-бірте еркектер жалқаулыққа үйренді. Бірінші орынға әйелдер шықты. Сауда деген адамның психологиясын өзгертпей қоймайды. «Сен – маған, мен – саған» деген ой қалыптасады. Қаншама әйел сауда жасаймын деп жүріп, отбасын тастап кетті. Міне, сол кезде біз бүтін бір ұрпақты жоғалтып алдық. Сол кездегі ұрпақтан түрлі қылмыскерлер шықты. Себебі оларды көше тәрбиеледі. Қазақ «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп бекер айтпайды ғой. Негізі ер-азаматтың басын зор ететін де, қор ететін де – әйел.
– Бауыржан атаның ең жиі айтқан тағылымды сөздері қандай еді?
– Ата бізге: «Қатарыңнан озсаң да, халықтан оза алмайсың. Сондықтан халықтың алдында басыңды иіп жүр», «Халықтың жолымен жүріңдер, адаспайсыңдар. Халықпен бірге болыңдар, жалғыздық көрмейсіңдер», – дейтін. Осы сөзі Шолпан жұлдыз секілді өмірлік бағыт-бағдарымыз болды. Қанша атақ-даңққа кенелсек те, халықтың алдында басымызды иіп келе жатырмыз. «Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтудан тайсалма», – дейтін. Менен журналистер қандай атақ-марапаттарым бар екенін сұрап жатады. Ондайдан мені Құдай сақтап қалған. Бірақ бүкіл дүние жүзінде ешкімде жоқ атағым бар. Ол – «Момышұлының келіні» деген атақ.
– «Күретамыр» әлі аяқталған жоқ деп жаздыңыз. Ендігі кітап не туралы болады? Қай тақырыптарды қамтиды? Қашан шығады?
– Мен жазушы емеспін. Жазушы деген Құдайдың берген қарым-қабілетінің арқасында тамшыдан – теңіз, жапырақтан шынар жасайды. Менде ондай емес: жапырақ па – жапырақ, шынар ма – шынар, сол күйі. Бүкіл кітабым – күнделіктерімнен алынған хикаялар. Тек қана болған оқиғалар. Тағы бір кітап жазып жатырмын. Бұл да біздің өміріміз. Өткен өмір елестері. Көне күнделік беттерінен. Шашырап түскен ойлар. Сосын «Күретамырды» ары қарай жалғастырамын. Ағаңның әзілдері туралы «Әзіліңді сағындық» деген кітабым болды ғой, соны да толықтырып жатырмын. Карантин уақытында елдің бәрі не істерлерін білмей сабылды, үйге сыймады. Ал мен екі ай үйде өткен уақытымды осы шығармашылығыма арнадым. Талай жарық көрмеген дүниені таптым. Барлығы қолжазба болғандықтан, оны басып, өңдеу, қайта қарау жұмыстарын атқарып жатырмыз. Дәл мына уақытта кітап шығады деп айта алмаймын.
– Көкірекке ой салған, тағылымы мол сұхбатыңыз үшін үлкен рақмет айтамыз. Ұлт мұратын ұлықтаған еңбегіңіз әрдайым ел жадында болсын!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА