Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қылмысқа қылбұрау

0 50

Такси жүргізушісінен 4,5 келі марихуана тәркіленді

Жамбыл облысының полиция қыз- меткерлері аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласында 53 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Chevrolet Cobalt маркалы көлігі тоқтатылған. Аталған азамат осы автокөлігімен қаланың ішінде такси жүргізушісі болып жұмыс істеген.
Көліктің жүксалғышын тексеру кезінде полицейлер өсімдік тектес зат салынған пакетті тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 4 келі 649 грамм кептірілген марихуана болып шықты. Сондай-ақ медициналық сараптама күдіктінің психоактивті заттарды қолданғанын растады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.


Тараздық «Тореттоның» тұлпары тұраққа тоғытылды

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Тараз қаласы көшелерінің бірінде жүргізушінің дрифт элементтерін қолданып, қауіпті маневрлер жасағанын көрсеткен тікелей эфирді анықтады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, заңға қайшы әрекеттердің жолын кесті. Құқық бұзушыға қатысты жол жабынын бүлдіргені және көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра көлік жүргізгені үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Полиция әлеуметтік желілерде танымал болуға ұмтылу айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге тиіс екенін ескертеді. Заң талаптарын бұзғаны үшін оның қандай мақсатпен жасалғанына қарамастан жауапкершілік көзделген.


72 бас мал ұрлаған қойшы құрықталды

Жамбыл облысында полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ірі көлемдегі мал ұрлығы әшкереленді. Байзақ ауданындағы шаруа қожалығының қорасынан бірнеше рет мал ұрланып, келтірілген жалпы шығын көлемі 72 бас қойды құраған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш ер адам анықталып, ұсталды. Олардың бірі қораның орналасуын және малды бағу тәртібін жақсы білетін, шаруа қожалықта бұрын қойшы болып жұмыс істеген.
Тергеу барысында ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері мал ұрлығы бойынша 18 қылмыс ашылып, 32 азамат ұсталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 10 адамдар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды.

Айгерім Ораз,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының
2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.