Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс қарқыны – тұрақты дамудың дәлелі

0 49

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер жан-жақты көтеріліп, оның шешу жолдары нақты тапсырмалар түрінде бекітілді. Бұл құжат мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде тиімді шаралар қабылдауға негіз бола отырып, еліміздің әрбір өңіріндегі, соның ішінде Тараз қаласындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Әсіресе, Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударды. Өз сөзінде Президент бүгінгі таңда бұл салада тек қарқын ғана емес, сонымен қатар сапа, жаңа технологияларды енгізу және заманауи қалалық ортаны құру маңызды екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн.
Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек.
Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет.
Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс.
Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, – деген Мемлекет басшысы бұл салада ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған кемшіліктердің болуы қоғамдық өмірдің сапасына айтарлықтай әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар Үкімет пен жергілікті биліктің бұл бағыттағы жұмысын сынға алып, жағдайды түбегейлі өзгерту үшін кешенді шаралар қабылдаудың қажеттігін атап өтті.
Осылайша Жолдаудан туындаған тапсырмалардың қатарына 2029 жылға дейін елде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу мақсаты қосылды. Бұл – Президенттің тікелей пәрмені.
Жолдауда айтылғандай, 2024 жылы елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал құрылысқа 965 млрд теңге бөлінді. Осылайша 160 мыңнан астам адамның баспаналы болуына мүмкіндік туды. Нәтижесінде бір жылда елдегі құрылыс қарқыны 10 пайызға өскен. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш.
Жоғары нәтиженің тіркелуіне өткен жылы қараша айында Президенттің «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қоюы серпін бергені жасырын емес. Құжат азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдірді. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.
Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және өзге де халықтың әлеуметтік осал топтарына ұсынылды. Бұл мақсатта әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды.
Одан бөлек, 2 300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды.
Аталмыш нәтижеге жетуге Жамбыл облысының қосып отырған үлесі аз емес. Айталық, биыл облыс көлемінде кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 19,8 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде 2 035 азамат баспаналы болады деп жоспарлануда.
Бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 58 мыңнан астам азамат тіркелген. Оның ішінде 31 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар. Бұл мәселе аймақ азаматтары үшін өте маңызды екені белгілі. Сондықтан жергілікті билік халықтың баспанаға деген сұранысын азайту мақсатында тұрғын үй құрылысын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Биыл облысымызда тұрғын үй құрылысы бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалдамалы тұрғын үйлер салу, кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу және дайын пәтерлерді сатып алу арқылы азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Мәселен, Сарысу ауданында 90 пәтерлі бір жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.
Сонымен қатар облыс көлемінде кредиттік тұрғын үй құрылысына айрықша көңіл бөлінуде. Бұл мақсатқа 14,9 миллиард теңге қаралып, 30 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жалпы саны 1 355 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ дайын тұрғын үйлерді сатып алу арқылы тұрғындарды баспанамен қамту жұмыс- тары да жалғасады. Бұл бағытқа 4,9 миллиард теңге қарастырылып, 350 пәтер сатып алу көзделіп отыр.
Осылайша мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған қолдау шаралары жылдан-жылға артып келеді. Бұл тек жаңа үйлер салумен ғана шектелмей, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы баспана ұсынуға басымдық беруге жол ашып отыр.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта өңірде жалпы саны 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде жыл соңына дейін 35 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 1 685 пәтерді құрайды.
Бұл бағытта Тараз қаласында да ауқымды құрылыс жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, жаңа шағынаудандарда тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп келеді. Мәселен, «Ұлы дала» (15) шағынауданында 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұнда жалпы саны 695 пәтер ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар А.Асқаров көшесінің аяғында 4 тұрғын үй салынып, онда 180 пәтер қарастырылған. Ал «Балауса» (14) шағынауданында 17 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұл нысандарда 600 пәтер болады. Бұдан бөлек, Сарысу және Қордай аудандарында да тұрғын үй құрылысы қолға алынған. Ауылдық жерлерде де құрылыс қарқынын арттыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Нәтижесінде жыл басынан бері өңірде екі тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерген. Оның бірі – 80 пәтерлі, екіншісі – 45 пәтерлі тұрғын үй. Аталған нысандар Тараз қаласының «Ұлы дала» (15) шағынауданында орналасқан.
Тұрғын үй құрылысы – тек құрылыс саласының ғана емес, жалпы өңір экономикасының дамуына әсер ететін маңызды бағыт. Себебі жаңа үйлердің салынуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инженерлік инфрақұрылымның дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Осы мақсатпен облыста тұрғын үй құрылысын тек сан жағынан көбейтуге емес, сапасына да ерекше мән беріліп отыр. Қазіргі таңда салынып жатқан нысандардың барлығы заманауи талаптарға сай жүргізілуде. Сонымен қатар тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер жолын қарастыру мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Өңірде тұрғын үй салумен қатар инженерлік-коммуникациялық инф- рақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарға су, газ, электр желілері мен кәріз жүйелері тартылып жатыр. Бұл, өз кезегінде, жаңа тұрғын үйлердің сапалы әрі жайлы болуына мүмкіндік береді.
Халық үшін тек баспананың болуы ғана емес, оның өмір сүруге қолайлы болуы да маңызды. Сондықтан тұрғын үйлер орналасқан аумақтардың инф- рақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді. Жаңа шағынаудандарда мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар салу мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер ететіні белгілі.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үй құрылысының артуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Жалпы алғанда, өңірде құрылыс саласының қарқынды дамуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта жаңа тұрғын үйлердің саны көбейіп, баспанаға мұқтаж азаматтардың қатары азая түседі деп күтілуде. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, аулаларды абаттандыру және тұрғын үйлердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасын табады.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.