Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

0 44

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деген сөзі әлі де ел жадында. Дана халқымыз да «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек.

Қазіргі заманда жаһандану қарқынды жүріп, әлемдік мәдениет пен технологиялар біздің күнделікті өмірімізге еніп отыр. Дегенмен, осы процесте ұлттық болмысымызды, дәстүріміз бен құндылықтарымызды сақтау бас- ты міндетімізге айналды. Ұлттық құндылық – халықтың рухани негізі, мәдениетінің айнасы, ұрпаққа аманат болып қалатын мұра. Қазақ үшін бұл – тіл мен тарихты қадірлеу, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді сақтау, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық пен бірлікті насихаттау.
Өркениетті ұлт ең әуелі тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сол себепті де мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғау- шы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Сондықтан елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламаның тетіктері қарастырылған. Бұған Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қосып отырған үлесі аз емес. Шаһарда аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, бағыты айқын, жоспары жұмыр.
Бұл тұрғыда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өзіне қарасты мекемелердің жұмысын жүйелі ұйымдастырып, қызметін үйлестіріп, тіл дамыту және мәдениет саласын қатар қарыштатып келеді. Бүгінде бөлімге қарасты 24 мәдени ошақ – 7 мәдениет үйі мен 17 кітапхана жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатымен биылғы қаңтар-мамыр айларында 1 104 мәдени-көпшілік шара (мәдениет үйі – 158, кітапханалар – 946) өткізіп, оған 115 039 көрермен (мәдениет үйі – 86 080, кітапханалар – 28 959) қатысты.
Қай заманда да адамзат алдында тұратын ұлы міндет – өмірін жалғас- тырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағын айқындайды. Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі қомақты.
Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, шаһар көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және мәдени-рухани жаңаруға сүбелі үлес қосу міндеті жолға қойылған. Ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдау, дамыту үйірме жұмысының басты міндеті саналады. Бұл қызметті Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі абыроймен атқарып келеді.
Қазіргі уақытта мәдениет ордасының құрамына кіретін қала аумағына қосылған 8 алапта жұмыс істейтін клуб құрылымдарының саны – 37. Аталған мәдениет ошақтарына 1 344 адам тұрақты түрде қатысады. Оның ішінде «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар 16 ұжым бар екенін ерекше атап өту қажет. Ол ұжымдардың қатысушыларының саны 1 022 адамды құрап отыр. Сондай-ақ аталған клуб құрылымдарында балаларға арналған үйірмелер 26 үйірме жұмыс істейді. Оған 1 200-ге жуық балдырған тұрақты түрде қатысып келеді.
Мемлекеттік мерекелерден бөлек, қалалық мәдениет үй ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көптеген мәдени іс-шара өткізді. Мысалға алсақ, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Мұқағали – мәңгілік өмір» атты әдеби-сазды кеш, Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына орай «Сәлем саған, туған ел» атты қалалық ән байқауы, «Әйелмен әлем әдемі», «Арулар – әлем шуағы», «Ер қаруы – бес қару», «Сырмақ сыры», Көрісу күніне арналған қойылым, «Наурыз жаршысы» және тағы да басқа көптеген мерекелік іс-шара, қалалық «Кішкентай ханзада мен ханшайым», «Тараз дауысы», Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына «Жамбыл жырлары» байқаулары, жастарға арналған «Тыңдашы», «Стендап» жобалары, «Жігіт сұлтаны-2026» қалалық байқауы, облыстық оңалту орталығында, мүгедектер мен қарттар үйлерінде демалыс концерттері секілді өзге де шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қалалық мәдениет үйі жанынан ашылған «Тараз жастар театр студиясы» ағымдағы жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде қала жұртшылығына «Бес бойдаққа бір той» атты комедия жанрындағы қойылым және Мұхтар Шахановтың «Танакөз» спектаклін ұсынды.
Әлбетте, қалалық мәдениет үйі халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында нақты жоспармен жұмыс істеуде. Жыл бойы айтулы даталарға, мемлекеттік мерекелерге арналған шаралар, түрлі байқаулар мен фестивальдер, кездесулер, жаз айларында балалардың демалысы дұрыс арнада өтуі үшін балалар лагерьлерінде, саябақтарда «Көне қамал» кешенінде мәдени шаралар, киноқойылым, мульттоптамалар көрсету ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Қай заманда болсын адамзат өркениетінің дамуына ықпал еткен ең ұлы құндылықтың бірі – кітап. Кітап – білімнің қайнар бұлағы, рухани қазына, ұлттың мәдени жады. Бүгінде кітап- хана қоғам өмірінде ерекше маңызға ие мәдени орталыққа айналып келеді.
Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.
Расында, қоғамның рухани дамуында кітапхананың атқаратын рөлі қашанда маңызды. Кітапхана – ғылым мен білімнің, парасат пен мәдениеттің ордасы. Қай дәуірде болмасын, ол ұлттың ой-санасын қалыптастырып, көркем ойдың, рухани байлықтың сақшысы болып келеді.
Бүгінгі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, жаңа идеялар мен шығармашылық бастамалардың орталығына айналды. Ақпараттық қоғам жағдайында кітапхана қызметінің ауқымы кеңейіп, оқыр- манға сапалы қызмет көрсетудің жаңа бағыттары енгізілуде. Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі де заман талабына сай жаңарып, оқырмандарға жан-жақты мүмкіндік ұсынуда. Мәселен, 2026 жылғы 5 айда кітап қорына 1 179 дана, оның ішінде қазақ тілінде 1156 дана кітап келіп түсті.
Ал жалпы айтар болсақ, қалалық кітапханалардағы кітап қоры 501 462 дана кітапты құрайды. Оның ішінде қазақ тілінде 238 467 кітап бар. Жоғарыда аталған уақыт ішінде оқырман саны 34 738 адамды құрап, олар руханият ордаларына 316 357 рет келген. Оқырмандарға 609 070 кітап, оның ішінде қазақ тілінде 481 462 кітап берілген.
Жүйедегі барлық кітапханалар жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген және интернет желісіне қосылған. Кітапханалық www.libr.e-taraz.kz web-сайты жұмыс істейді. «RWБИС» кітапханалық ақпараттық жүйесі бойынша Электрондық каталогқа кітаптар енгізілуде. Кітапханалық web-сайтқа әртүрлі айдарлар енгізіліп, барлық беттердегі материалдар үнемі жаңартылуда. Қазіргі уақытта «RWБИС» кітапханалық ақпараттық жүйесі Электронды каталог дерекқорына 1 179 дана, оның ішінде қазақ тілінде 1 156 дана кітап енгізілді. Кітап қорынан 39 жергілікті ақын-жазушының шығармалары келісімшарт арқылы 104 атаумен цифрландырылып, электронды форматқа енгізілді.
Бұдан бөлек, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бойынша 14 қызығушылық клубы жұмыс істейді. Олар – «Даналықтың бәрі кітапта», «Шабыт-Вдохновение», «Айгөлек», «Ой-толқын», «Очаг», «Ақ желкен», «Бәйтерек», «Сымбат», «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі», «Дарын», «Асыл қазына» «Junior KZ», «Сырғалым» және «Байлық». Аталған клубтар оқырмандар арасында өзара пікір алмасу алаңына айналып, қызығушылықтары бір азаматтардың бас қосып, уақыттарын пайдалы өткізетін мекені болып отыр.
Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Біз жаһандық сын-қатерге ұлттық өнер, мәдениет, салт-дәстүр, яғни ұлттық иммунитетімізді күшейту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Шындығында ұлттың мерейін көтеретін – оның мәдениеті. Бұл тұрғыдан келгенде Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жоспарлы жұмысын жүйелі жүргізуге, қала тұрғындарының мәдени өмірін қанық етуге, рухани-мәдени байи түсуіне күш сала береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.