№63 орта мектепте қыз балаларға ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүрді дәріптеу, қыз бойындағы әдеп пен инабаттылықты қалыптастыруды мақсат еткен «Бұрымды қыз» психологиялық-тәлімдік сырласу кеші өтті.
Шара мектеп психологы, тәлімгер және «Қыздар клубы» жетекшісінің ұйымдастыруымен өткізілді. Кешке қонақ болған ақ жаулықты әже қыздарға өмірлік тәжірибесін бөлісіп, тағылымды әңгіме айтып, ақ батасы мен өсиетін жеткізді. Сондай-ақ қыз тәрбиесі, ибалылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау және өз қадірін білу туралы ақыл-кеңестерін айтты.
Кездесу барысында қыздар «Айна» психологиялық жаттығуына қатысып, өз бойындағы жақсы қасиеттерін бағалауға бағытталған тапсырмалар орындады. Сонымен қатар шаштың түрлі өрім үлгілерін көрсетіп, шашбау туралы мағлұмат алды. Шаш күтімі, тазалық және ұқыптылық жөнінде пайдалы кеңестер айтылды.
Кеш соңында қыздар кеш мейманымен бірге тәтті шай үстінде сырласып, еркін әңгіме құрды. Жылы жүздесу қыздарға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өзіне деген сенімін арттыруға, үлкеннің өнегесін тыңдап, өмірлік сабақ алуға мүмкіндік берді.
А.Омарбеков,
психолог,
А.Сейдахмет,
тәлімгер,
Ж.Әлмухамбет,
«Қыздар клубының» жетекшісі