Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отбасы тыныштығы – қоғам тұрақтылығының негізі

0 74

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, ал оның тыныштығы мен берекесі әрбір адамның бақытты өмір сүруінің басты кепілі. Дегенмен, қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Отбасындағы түсініспеушілік, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал, ата-ене мен келін арасындағы келіспеушілік кей жағдайда адамның психология- лық және әлеуметтік жағдайына елеулі әсер етеді. Осындай қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатымен Тараз қаласында Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы жұмыс атқарып келеді.

Орталық өз қызметін 2014 жылдың 22 қазанында бастады. Бүгінде мекеме тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға қауіпсіз орта мен қажетті көмекті қамтамасыз етуде. Мұнда келген әрбір қызмет алушының жеке мәліметтері мен өмірлік жағдайлары толық құпия сақталады. Жартылай жабық мекеме болғандықтан, қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, орталық аумағы тәулік бойы күзет бақылауында болады.
Қазіргі таңда орталықта әлеуметтік қыз- меттердің сегіз бағыты бойынша көмек көрсетіледі. Атап айтқанда әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеу- меттік-құқықтық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-экономикалық қызмет түрлері ұйымдас- тырылған. Бұл қызметтердің барлығы азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өз болашағына сеніммен қарауына бағытталған.
– Орталыққа жүгінетін азаматтардың басым бөлігі тұрмыс- тық зорлық-зомбылық мәселесімен келеді. Мұндай жағдайда ең әуелгі көрсетілетін көмек түрі – психология- лық қолдау. Себебі зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамның жан дүниесінде қорқыныш, күйзеліс, сенімсіздік сияқты ауыр сезімдер қалыптасады. Сондықтан мамандар ең алдымен азаматтың эмоцио- налдық жағдайын тұрақтандыруға, оның өзіне деген сенімін қалпына келтіруге күш салады. Қажет болған жағдайда құқықтық, медициналық және әлеуметтік көмектер де қатар көрсетіледі.
Жылдар бойы жүргізілген жұмыстар көрсеткендей, орталыққа жүгінушілердің мәселелері негізінен өзгеріссіз қалып отыр. Көп жағдайда отбасылық жанжалдар, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктер немесе ата-ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер негізгі себептердің қатарында кездеседі. Дегенмен, кез келген отбасылық мәселеге біржақты баға беруге болмайды. Әрбір жағдайдың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан мәселені шешуде екі тараптың да көзқарасын ескеру маңызды. Отбасындағы түйткілдердің алдын алу үшін өзара түсіністік пен құрметтің орны ерекше, – дейді «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгерім Усербаева.
Оның айтуынша, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң шығарылса да орталыққа қайрылатын жандардың саны азаймай отыр екен. Осы орайда үйден қашып, пана іздеген нәзікжандылар баласын құшақтап туыстарын жағалайды, болмаса әлеу- меттік көмек көрсету орталығының есігін қағудан басқа амалдары қалмайтын көрінеді.
Орталық ашылған күннен бастап 2026 жылдың ақпан айына дейін барлығы 1 865 қызмет алушыға көмек көрсетілген. Оның 540-ы әйел болса, 1 325-і – балалар. Мамандардың жүйелі жұмысының нәтижесінде 759 қызмет алушы, оның ішінде 216 әйел мен 543 бала өз отбасына қайта орналастырылып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алған. Сонымен қатар сенім телефоны арқылы 2 066 азаматшаға психологиялық және құқықтық кеңес беріліпті. Бұл көрсеткіштер орталықтың қоғамдағы маңызды рөлін және тұрғындардың білікті көмекке деген қажеттілігін айқын аңғартады. Бүгінде орталықтағы қызмет алушылар саны – 31, оның ішінде 7 әйел, 24 кәмелетке толмаған жасөспірім бала бар екен.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында орталық құқық қорғау органдарымен, білім беру және денсау- лық сақтау мекемелерімен, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ауқымды жұмыстар жүргізуде. Семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстары, кездесулер мен түсіндіру шаралары халықтың құқықтық сауатын арттыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Бүгінде орталық 51 орындық жатын жаймен қамтамасыз етілген және тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді. Мұнда келген әрбір азаматтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, құпия- лығы толық сақталады. Қиын жағдайға тап болған жандарға уақытша баспана ғана емес, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі, – дейді Айгерім Талғатқызы.
Орталықтың негізгі жетістіктерінің бірі – қызмет алушылардың өмірінде оң өзгеріс- тердің болуы. Мұнда уақытша паналаған азаматтардың көпшілігі қиын кезеңнен өтіп, өз отбасына қайта оралып немесе дербес өмір сүруге қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізіп жатады. Мамандардың қолдауы мен көрсетілген қызметтердің нәтижесінде көптеген азамат өз өмірін жаңа арнаға бұрып, болашаққа сеніммен қадам басуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар әртүрлі ұйымдармен бірлесе жүзеге асырылады. Соның ішінде «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығымен жүргізілетін жұмыстардың маңызы зор. Қызмет алушылар түрлі оқыту курстарына қатысып, сертификат алып, кәсіби біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болуда. Жаңа мамандық игеру немесе еңбек дағдыларын дамыту олардың әлеуметтік және экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, өмірде өз орнын табуына көмектеседі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Орталық көптеген ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен және құзырлы органдармен бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Семинарлар, кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары мен түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал етуде.
Мамандардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі ең тиімді жол – оның алдын алу. Ол үшін отбасы мүшелерімен жүргізілетін жұмыстарды күшейту қажет. Себебі отбасыдағы өзара сыйластық пен түсіністік – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Балаларға кішкентайынан мейірімділік, жауапкершілік және құрмет құндылықтарын сіңіру арқылы ғана болашақта зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыруға болады.
Қиын жағдайға тап болған әрбір азамат көмек сұраудан қорықпауға тиіс. Кез келген мәселенің шешімі бар. Уақытылы көрсетілген кәсіби қолдау адам өміріндегі күрделі кезеңді еңсеруге көмектеседі. Сондықтан өмірлік қиын жағдайға душар болған азаматтарға білікті мамандардың көмегіне жүгіну маңызды.
Әрбір адам бақытты болуға лайық. Ал бақытты өмірдің басты шарты – өзара сыйластық пен құрмет. Бір-бірін түсініп, қадірлей білген қоғамда зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Сондықтан әр отбасының берекесі мен тыныштығын сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.