Елімізде азаматтардың тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафоны басталғаны белгілі. Осыған байланысты Тараз қаласындағы №66 орта мектепте аталған марафонның ашылу рәсімі өтті.
Марафонның идеясын кеңінен насихаттау, белсенді оқырман оқушыларды үлгі ету мақсатымен өткен шараның ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысы мен Тараз қаласының Құрметті азаматы, республикалық «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Сұлушаш Құрманбекова жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Биыл еліміз үшін саяси, тарихи және қоғамдық маңызы зор оқиғаларға толы болды. 15 наурызда жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституция- сы қабылданды. Ата Заңымыздың үшінші бағытының екінші тармағында Қазақстан Республикасының адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуы мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған.
Бұған дейін еліміздің басты байлығы табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалар деп қарастырылса, бүгінде мемлекеттің ең басты капиталы – адам, яғни ел азаматтарының білімі, білігі, қабілеті мен жетістігі. Осыған байланысты Конституцияда белгіленген қағидаттарды жүзеге асыру мақсатымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осы Жарлықты орындау мақсатымен елімізде биылғы қыркүйек айынан келесі жылдың сәуір айына дейін «Кітап оқитын ұлт» марафоны өтеді. Алты айға жоспарланған ауқымды бастама аясында жеті бағыт бойынша оқуға 330 кітап ұсынылып отыр. Оның 165-і – қазақ тілінде, 165-і – орыс тілінде. Марафон екі лигада, екі бағытта қатар ұйымдастырылып, ел тұрғындарын кітап оқуға, білім мен рухани құндылықтарды дәріптеуге үндейді, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Шара аясында мектеп оқушыларының «Кітап time-66» жобасы аясында атқарған шығармашылық жұмыстары таныстырылып, «Кітап оқитын мектеп» алаңының тұсаукесері өтті.
Мазмұнды шара мектеп оқушылары дайындаған әдеби-музыкалық бағдарламамен жалғасып, әсерлі кеш оқушылар өнері тоғысқан тағылымды концерттік бағдарламамен түйінделді.
Жұматай КӨКСУБАЙ