Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алты Алаштың «Ақиқаты»

0 86

Қазақ баспасөзінің шежіресіне көз салсақ, уақыттың талай дауылы мен дәуірдің сан қилы өзгерісін бастан өткеріп, ұлтпен бірге жасап келе жатқан басылымдар бар. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – «Ақиқат» журналы. Ғасырдан астам уақыт бойы қазақ қоғамының тынысын тамыршыдай тап басып, елдің саяси-әлеуметтік өмірін, рухани ізденісін, мәдениеті мен тарихын сөз етіп келе жатқан бұл басылымның ғұмыры – бір журналдың ғана емес, тұтас ұлт баспасөзінің тағылымды тарихы.

Алаштың айнасына айналған «Ақиқаттың» түп тарихы сонау 1921 жылдың 15 қыркүйегінен бастау алады. Сол күні кезінде қаймана қазақтың астанасы болып, ұлт зиялыларының ізі қалған Орынборда «Қызыл Қазақстан» журналының кіндігі кесіліп, ұлт баспасөзінің тарихында жаңа бір белес басталды. Төте жазумен басылған журнал сол кездегі ел өмірінің өзекті мәселелерін қозғап, саясат пен шаруа- шылықтан бастап, білім мен ағарту, әйел теңдігі, денсаулық, әдебиет пен өнерге дейінгі сан алуан тақырыпты қамтыды. Әрине, ол дәуірдің өз саяси шындығы, өз талабы мен өз идео- логиялық бағыты болды. Аталған журналдың бас редакторы Дәуіржан Төлебаевтың айтуынша, жаңа биліктің саясатын түсіндіру басылымның негізгі міндеттерінің бірі саналғанымен, оның беттеріне сол кезеңдегі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігін, арман-мүддесі, ұлттық сананы жаңғырту мәселелеріне де орын берілген.
– «Қызыл Қазақстанның» тұңғыш редакторы Абдолла Асылбеков бастаған Ерғали Алдоңғаров, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Хамза Жүсіпбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Жанайдар Сәдуақасов және басқа азаматтар ұлттық сипаттағы өзекті мәселелерді көтере білді. Олар отаршылық саясаттың кеңес өкіметі тұсында да жалғасуы, жер мәселесі, әлеуметтік теңсіздік, ашаршылық сияқты өткір тақырыптарды қозғап, қазақ халқының сол кездегі жай-күйін ашынып айтты. Басылымда қазақ журналистикасының тұғырлы тұлғаларының қолтаңбасы қалды. 1950-80 жылдары, Мұхаметжан Әбдіхалықов, Ахмет Елшібеков, Құрманбек Сағындықов, Мұқан Мамажанов, Кәкімжан Қазыбаев басшылық еткен уақыт, журналдың беделді саяси басылым атанған кезі еді. Мұнда партия-кеңес билігіндегі лауазымды тұлғалардан бөлек, көрнекті ғалымдардың танымдық-тағылымды мақалалары жарияланды. Редакция қызметкерлері өз естеліктерінде: «Партияның тапсырмасымен шалғай ауыл-аймақты аралап, жоспардағы тақырыпты жазсақ та арасына халықтың мұң-мұқтажын сыналап кіргізіп жіберетін едік», – деп еске алады, – дейді Дәуіржан Жұмажанұлы.
Уақыт көші алға жылжыған сайын журналдың атауы да сан рет өзгеріп, «Қазақстан большевигі», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», кейін «Қазақстан коммунисі» деген атауларды иеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарында журналдың шығуына үзіліс жасалып, 1947 жылы қайтадан оқырманымен қауышты. 1952 жылдан бастап «Қазақстан коммунисі» деген атаумен шығып, бұл атау 1991 жылға дейін сақталды.
Журнал тарихын тек қоғамдық- саяси басылымның шежіресі деп қарау аздық етеді. Басылым беттерінде әдебиет пен өнердің мәселелері қозғалып, қазақ қаламгерлерінің шығармалары жарық көрді. Журналда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске жаңа көзқарас, 20-30-жылдардағы жаппай аштықтар жайында, сол кездердегі қазақ көтерілістері туралы ашық, ащы деректерге толы толғамдарға орын берілді. Сонымен бірге қазақтың қайталанбас классик жазушылары Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» секілді көркем дүниелердің алғашқы жарияланған орындарының қатарында осы басылымның болуы оның қазақ әдебиетінің тарихымен де етене байланысын көрсетеді. Тұрар Рысқұлов тәрізді мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тарихи-саяси мақалалары да журнал бетінде жария- ланып отырды. Демек, «Ақиқаттың» сарғайған беттерін парақтаған адам бір ғана кезеңнің саяси тынысын емес, қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің, қоғамдық ойының қалыптасу жолын да көре алады.
– 1986 жылы өткен КОКП XXVII съезінен кейін жұрттың одақтағы жаңа өзгерістер дәуіріне аяқ басамыз деп желпініп жатқан кезі еді. Партия директивалары мен үкімет қаулы-қарарларында: «Жеке басқа табыну зардаптарынан елді хабардар ету, репрессия кезіндегі жазықсыз жазалау- ды жариялы түрде көрсету, одан бергі тоқырау жылдарындағы томаға-тұйық тірліктен арылу жөнінде ашық айтылсын», – деген нұсқаулар беріліп жатқанымен, сондай дерек, мәлімет, анықтама сақталған ведомстволық орындар қорқасоқтап, редакциялардың өтініш хаттарын кері ысырды да отырды. Содан соң редакцияға Орталық Комитеттің Насихат бөлімі мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің, Партия тарихы институты және Бас архив басқармасының жауапты адамдарын шақырады. Осы отырыста: «Партиямыз бен үкіметіміз ел басқарудағы бұрынғы кеткен кемшіліктерді көрсетіңдер. Ондай солақайлық енді қайталанбасын. Ашып жазыңдар», – дейді. «Біздің журнал қызметкерлері бұған дайын. Оған дәлел – сөз еткелі отырған тақырыпқа арналып жасалған редакцияның кешенді жоспары. Бірақ, өкінішке қарай, аталмыш іске сіздер әзір емес болып шықтыңыздар. Өтініш хаттарымызды кері ысырасыздар. Мәлімет, анықтама беру жөніндегі әңгімені ұзын арқау, кең тұсауға салып келе жатырсыздар. Сонда партияның алдымызға қойып отырған міндетін қалай жүзеге асырамыз? Орталық Комитеттің бізге жетекшілік етіп отырған бөліміне ертең не деп есеп береміз? «Тиісті мекемелер есіктерін тарс жауып алған. Кіргізбейді», – десек, ұят. «Өтінішімізге құлақ аспайды», – деп шағымдану әбестік. Не істейміз?» – деп мәселені төтесінен қойған. Сөйтіп, мазмұны терең басқосудан соң құзыр- лы мемлекеттік органдардың өкілдері өздерінде сақталып келе жатқан тарихи құпия құжаттарды журналға жариялауға ұсынуға келіседі, – дейді Дәуіржан Төлебаев.
Ал 1991 жыл – ел тарихындағы ғана емес, журнал тарихындағы да айрықша кезең. Сол жылы Орталық партия комитеті тарап, журнал бұрынғы атпен шығуын тоқтатқанда «Басылымды қалай сақтау керек?» деген мәселе туындайды. Сол уақытта журналдың бас редакторы Камал Смаилов Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ерік Асанбаевпен жолығып, екі газеті бар Жоғарғы Кеңес енді екі теориялық-саяси журналды алса да көптік жасамайды деген ұйғарымға келеді. Ендігі мәселе – журналдың атын өзгерту. Редакцияда өткен талқыда «Саясат», «Сана», «Ой көкжиегі» деген атаулар ұсынылады. «Ақиқат» деп атауды Камал Смаилов ұсынады. Сөйтіп журналдың аты өзгереді. Бұл 1991 жылдың 15 қыркүйегі еді. Сол күн журналдың жай ғана атау ауысуы емес, мазмұндық тұрғыдан жаңа дәуірдің басталуы еді. Кеңестік жүйенің қалыптасқан ұғымдары мен саяси ұстанымдарының орнына тәуелсіз елдің жаңа тынысы келді. Мемлекеттілік, ұлттық тарих, тіл мен мәдениет, руханият, экономика, демок- ратиялық даму, қоғамның жаңғыруы секілді мәселелер басылымның басты тақырыптарына айналды.
– Камал Смаилов ағамыз өз естелігінде: «Ақиқат» – енді бұрынғыдай партия- лық, теориялық журнал емес, қалың оқырман жұртшылығына арналған білім қосатын, ой қозғайтын журналға айналды», – деп жазды. «Ақиқат» журналында қазақ тілінде алғаш рет Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты естелік кітабының екінші бөлімі, Мұстафа Шоқайдың күнделік жазбалары, «Алаштың азаматтары. Олар кімдер?» деген айдармен Алаш партиясы қайраткерлерінің аты-жөндері, «Жазықсыз жапа шеккендер» деп сонау жылдары ұсталып, тәркіленіп кеткен қазақ байларының тізімі, отызыншы жылдары Қазақстанда қанды қимыл-әрекет атқарған «үштіктердің» құрамы сияқты нақтылы да танымдық сипаты мол деректер жарияланды. «Қайтсек тәуелсіз мемлекет бола аламыз?», «Демократия мен бостандықты қалай, қайтіп нығайтамыз?», «Диктатура оралмай ма?», «Нарықтық экономикаға қалай кіреміз?», «Мына қиын сәттен қалай өтеміз?» деген секілді ойландырар тақырыптар қозғалды. Ұлттық ой-сана ұшталған шақта келелі, күрделі мәселелерді жаңаша қоя білді. «Қазақстанда феодализм болған ба?», «Қазақтану ғылымының іргесін қалайық» деген ой оятар мәселелер қозғалды. Осы тұста қазақ қоғамы үшін сенсация болған әйгілі «Бесеудің хаты», Тұрар Рысқұловтың хаты, Сәтбаевтың Сталинге хаты және басқа тың тарихи деректер жарық көрді. Бір сөзбен айт- қанда, бұл журналда кеңестік замандағы тарихтың күнгейі мен көлеңкесі кеңінен көрсетілді, – дейді Д.Төлебаев.
Ғасырлық белестің биігіне көтерілген «Ақиқат» – уақыттың талай өткелінен өтіп, елдің сан қилы кезеңдеріне куә болған, ұлт руханияты мен қоғамдық ойына өзіндік із қалдырған тағылымды басылым. Бір ғасырдан астам тарихын артқа тастаған журналдың алар асуы әлі алда деп сенеміз. Өйткені заман өзгергенімен, ақиқатты айтуға, елдің сөзін сөйлеп, ұлттың рухани мұратын ұлықтауға деген қажеттілік ешқашан кемімейді.
«Ақиқаттың» тарихын ақтарып отырып, 15 деген цифрға еріксіз мойын бұрдық. Кездейсоқтық па, кім білсін… Сонау 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынборда жарық көрген «Қызыл Қазақстан» араға тура 70 жыл салып, 1991 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Алаш даласына «Ақиқат» болып үн қатты. Бұл – тәуелсіздіктің таңы атуға санаулы айлар ғана қалған ел өміріндегі тағдыршешті уақыт еді. Демек, 15 қыркүйек – басылым тарихындағы жай ғана күн емес, екі дәуірдің арасын жалғаған тағдырлы дата. Коммунистік кезеңнің құрсауынан құтылып, азат аспанда қанат қаққан қазақтың көкірегіндегі ақиқат сол күні өз атымен қайта оралған шығар, бәлкім.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.