«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
(Қазақстан Республикасының Конституциясы)
Зайырлы мемлекет – дін мен мемлекеттің істері бір-бірінен бөлек жүргізілетін, діни сенімге немесе қандай да бір діни идеологияға тәуелсіз, бейтарап саясат ұстанатын мемлекет. Бұл діннен бас тарту емес, керісінше, барлық дін өкілдерінің құқықтарын теңестіретін ашық әрі толерантты қоғам.
Зайырлы мемлекеттің басты сипаттары мен қағидаттарының қатарында негізгі 5 бағытты атап өтуге болады:
— Дін мен мемлекеттің бөлінуі: мемлекеттік органдар діни рәсімдерге араласпайды, ал діни ұйымдар саяси шешім қабылдауға немесе мемлекеттік басқаруға ықпал етпейді;
— Діндерге қатысты бейтарап ұстаным: Зайырлы мемлекетте діни бірлестіктердің барлығына тең жағдай жасалып, белгілі бір дінге басымдық берілмейді;
— Заң алдындағы теңдік: азаматтардың құқықтары мен міндеттері олардың қандай дінді ұстанатынына (немесе мүлде ұстанбайтынына) байланысты шектелмейді;
— Ар-ождан бостандығы: әркімнің қалаған дініне сенуге, ешбір дінді ұстанбауға немесе атеист болуға толық құқығы бар;
— Құқықтық жүйе: елдегі заңдар діни догмаларға емес, зайырлы құқықтық нормаларға негізделеді.
Қазақстан халқының ар-ождан бостандығына құқықты қамтамасыз ету, сондай-ақ діни қызмет және діни бірлестіктер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу – Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның негізгі мақсаты. Алайда аталған Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркімнің діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Зайырлы мемлекеттің басты сипаттары мен қағидаларын қолдану тәртібі аталған Заңның «Мемлекет және дін» атты 3-бабында ашып көрсетілген және дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекетке және діни бірлестіктерге қойылған талаптар айқындалған.
Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген қағидатының негізінде облыс орталығында дін мәселелері бойынша ақылдасу-кеңесші орган ретінде Тараз қаласы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс- тар жөніндегі Кеңес құрылып, өз жұмысын алқалы түрде арнайы жоспарға сәйкес жүргізуде. Кеңестің негізгі мақсаты – азаматтардың діни қызметпен айналысу және діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу құқығын қамтамасыз ету, рухани келісімді нығайту мен конфессияаралық қатынастарды үйлестіру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру. Кеңестің жұмысшы органы ретінде ішкі сая- сат бөлімі белгіленген.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында діни ахуалды тұрақтандыру мақсатымен бірнеше бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Олар:
1) Түрлі конфессиядағы діни бірлестіктердің жұмысын мониторингілеу, талдау және Заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
2) Қала тұрғындарының діни сауатын арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
3) Жастар саясаты аясында қала жасөспірімдері мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында түрлі іс-шараларды ұйымдас- тыру;
4) Қала аумағында діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату, ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу, ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейімдеу (функционалдық мақсатын өзгерту) жұмыстарының Заң талаптарына сәйкестігін зерделеу;
5) Қала аумағында Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгізу;
6) Интернеттегі діни ақпараттардың көптүрлілігі жағдайында азаматтардың дұрыс діни ақпаратты таңдауына көмектесу және теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау бағытында Facebook, Instagram, YouTube, Telegram сияқты платформалардағы ақпараттарға мониторингілеу мен талдау жүргізу, ресми діни контенттерін жариялау және резонансты мәселелер бойынша кері байланыс орнату, тағы басқалар.
Жалпы, зайырлы мемлекет қағидатын сақтау – ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі. Сондықтан қоғамда діни алауыздыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, заң талаптарын құрметтеу және рухани келісімді нығайту – әр азаматтың ортақ міндеті.
Мемлекет пен дін арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік қоғамның рухани дамуына оң ықпал етіп, ел болашағының берік негізін қалыптастыруға қызмет етеді.
Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы