Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жүгенсіз жасөспірімді қалай жөнге саламыз?

0 94

Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың терең тамырлануы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта саналы адам қалыптастыру елдің басты міндеттерінің бірі болатын болса, оны іске асырудағы мақсат жасөспірімді жаңа рухта, жаңа көзқараста тәрбиелеуден айқын көрінеді.

Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір оғаш қадамына селт етпей сергек қараған жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруына байланысты себеп не? Болашақ өмірі мен тағдырын бейтарап қалдырмайтын кез келген адамның осы сұраққа жауап іздейтіні анық. Мамандардың айтуы бойынша, жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге баруы көбіне отбасындағы тәрбиенің әлсіздігіне, әлеуметтік ортаның теріс ықпалына және бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты туындайды екен. Сондықтан кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азат Пірматовтың айтуы бойынша, полиция органдары мен білім беру ұйымдары тарапынан профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілгенімен, кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы, жұмысбастылығы, сондай-ақ жасөспірімдердің бақылаусыз қалуы олардың қаңғыбас- тыққа, жағымсыз ортаға бейімделуіне және құқық бұзушылық жасауына себеп болып отырған көрінеді.
– 2026 жылдың Балалар жылы деп жариялануына байланысты жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осы бағытта кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде балаларға қатысты қылмыстар саны 9,8 пайыз- ға төмендеді.
Облыс аумағындағы 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден астам полиция қызметкері бекітіліп, білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Нәтижесінде профилактикалық есепке 207 жасөспірім және бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 114 ата-ана алынды. Сонымен қатар 13 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына жолданып, 33 ата-ана құқықтарынан айырылды.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың 114 отырысы өткізілді. Қазіргі таңда есепте 300 қолайсыз отбасы және 232 жасөспірім есепте тұр.
Ал рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 4 966 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 4 924 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде жүру бойынша – 4 180, ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамауы бойынша – 735, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол беру бойынша – 142, ұсақ бұзақылық бойынша – 135, алкоголь өнімдерін тұтыну бойынша – 28 және буллинг және кибербуллинг бойынша 24 дерек тіркелді, – дейді Азат Жаңабекұлы.
Жалпы, аталған ахуалға байланысты жүргізілген талдау нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың негізгі себептері айқындалған. Олар – ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, қараусыз қалу, асоциалды ортаның әсері, бейресми көшбасшылардың ықпалы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы теріс ақпараттың таралуы, тұрмыстық жанжалдар, сондай-ақ жекелеген отбасылардың материал- дық жағдайының төмендігі.
Осыған байланысты кешенді профилактикалық шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарында 4 431 дәріс пен түсіндіру кездесулері өткізілген. Халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар, буклеттер мен брошюралар таратылған. Сонымен қатар интернет-ресурстарда 1 304 бейнеролик жарияланып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бейнематериалдар көрсетіліп жатыр екен.
Бұл ретте «Тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге баса назар аударылып отыр екен. Осыған орай білім беру ұйымдары және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар өзара іс-қимылды күшейтіпті.
– Сондай-ақ полиция қызметкерлері тарапынан бейресми көшбасшыларды ерте анықтау, жасөспірімдердің түнгі уақыттағы жүріс-тұрысын бақылау, буллинг, кибербуллинг және бопсалау фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жандандырылды. «Жас сақшы» жобасы аясында құқықтық тәрбие беру және патриоттық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар 19 мамыр күні республикалық деңгейде «Жас сақшы» жобасы аясында форум өткізілді.
Осы тұста ерекше тоқталып өтер жайт, «Соңғы қоңырау» шарасы. Бұл – оқушылардың өміріндегі ең жарқын әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары дәл осы мерекелік кезеңдерде жасөспірімдердің қатысуымен түрлі құқықбұзушылықтар мен келеңсіз оқиғалар тіркеліп келеді. Әсіресе, автокөлікпен шеруге шығу үрдісі көптеген жағдайда жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына, қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін.
Сандарды сөйлетер болсақ, облыс аумағында биылдың өзінде жол-көлік оқиғаларынан 182 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен. Осыған байланысты ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылардың көлік жүргізуіне жол бермеуге, қоғамдық орындарда жол жүру тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қоғамдық тәртіпті сақтау және спирттік ішімдікке жол бермеуге баса назар аударуына шақырамыз, – дейді А.Пірматов.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе, жеткіншектердің дұрыс тәрбие алып, болашаққа дұрыс жол салуына көңіл бөлу қажет. Себебі бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан әрбір балаға оң мен солын үйрету, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқықтық сананы нығайту бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу аса маңызды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.