Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Асыл әже

0 83

Ардақты ана атанып, немере-шөбере сүйіп, айналып-толғанып отырған асыл әжелердің бірі Рыскүл Қадірбекқызы – Шайқорық ауылындағы сыйлы ардагерлердің бірі. Шайқорық бұрын Жамбыл ауданына қараған. Сондықтан Рыскүл әжені облыс пен ауданға да құрметті адам десек те жарасады. Ол өңіріміздегі мәдени іс- шаралар мен қоғамдық жұмыстарға келгенде белсенділігімен, ел руханиятына керек істерге араласқанда елгезектігімен, тіпті, ән салатын өнерімен де үлес қосып, үнемі көпшіліктің басы- қасында жүреді. «Әжелер ансамблі» байқауларында оза шауып, бас бәйгеге алған сый-сияпаттары мен Алғыс хаттары да жетерлік. Әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес.

– Мен 1976-1985 жылдары Шайқорық орта мектебінде физика-математика пәндерінен сабақ бердім. Сонымен бірге кешкі мектептің меңгеруші қызметін қоса атқардым. Әрине, екі жұмысты қатар алып жүру оңай болмады. Бірақ басшылар сенім артып, жауапты жұмыс- ты тапсырған соң, оның үдесінен шығып, өзімнен кейінгі ұрпаққа ақ батамды беріп, абыроймен табыстадым. Одан кейін ауылдағы «Ягодка», кейіннен «Ақбота» деп аталған балабақшаның меңгеруші болып қызмет еттім. Бүлдіршіндердің бағбаны болдым. Ол жерде он үш жылдай қызмет атқардым. Осы балабақшада еңбек етіп жүрген кезімде бала тәрбиесі ісі жөнінде облыстық семинар өткіздім. Семинарға қатысушылар оған жоғары баға берді. Еңбегінің еленгенін кім жек көрсін, бағаның үлкені «Қазақстан Республикасының білім озаты» деген төсбелгіні салтанатты жағдайда тапсырылуы болды, – дейді Рыскүл әже.
«Еңбек бәрін жеңбек». Рыскүл әже бұдан бөлек Жамбыл ауданы әкімдігінің ұсынуымен «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен, «Жамбыл ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Жамбыл аудандық мәслихатының «Құрмет» грамотасына да ие болған. Ауданның бұрынғы-соңғы әкімдері аймақтың саяси-қоғамдық өмірі мен мәдени іс-шараларынан қалыс қалмай, барлық игі істерге қатысып жүрген Рыскүл Нұрманова- ға өздерінің Алғыс хаттарын да беріпті.
– Мен бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданындағы Түймекент ауылында дүниеге келдім. Кейін әкеміз Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылына көшіп барыпты. Атам Нұрман екінші дүниежүзілік соғыстан аман-есен келген жалғыз ұлы Қадірбектің құрметіне «суымның тұнығы», «ырыс алдым» деп, атымды Рыскүл қойыпты. Әкем Қадірбек, анам Жексенбайқызы Мейрамкүл өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, өнерлі адамдары болды. Домбыра шертіп, қазақ-қыр- ғыз әндерін айтатын. Суырыпсалма ақындықтары да бар еді. Екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Мен – тұңғышымын. Барлық ұл-қызының жоғары білім алуына жағдай жасап, тәрбиелі, мәдениетті етіп өсірді. Қазір барлығы өмірден өз орындарын тапты. Барлығы да ата-анамыз сияқты шетінен өнерлі. Бірнеше музыкалық аспапта ойнап, ән айтады, өлең де шығара береді.
1963 жылы сол Ұланбелдегі орта мектепті «жақсы» деген бағамен бітіріп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түстім. Қазақтың көптеген белгілі зиялы қауымын түлеткен осы үлкен оқу орнын 1967 жылы бітірген тұста Талас ауданындағы Ойық аулының жігіті Рамазан Байдәулетов деген азаматқа тұрмысқа шығып, отау құрдық. Рамазан да осы оқу орнының түлегі болатын.
Еңбек жолымды Ойық орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастадым. Одан кейін жас кадрлардың өміріне тән көшіп-қону «дәуірі» басталды. Сөйтіп 1970-76 жылдары Шамалған ауылындағы кешкі мектепте, Талас ауданындағы Үшарал совхозының 4-бөлімшесіндегі мектепте, Мойынқұм ауданының Кіші Қамқалы ауылындағы мектепте физика-математика пәндерінен сабақ бердім. Сөйтіп жас кезімізде еліміздің шалғай өңірлерін де, орталыққа жақын қоныстанған ауылдарын да көріп, қиын да қызықты еңбек жолының үлкен сынынан өттім. Басқа түскен қиындықтардың бәріне шыдау, табандылық таныту, түптеп келгенде жеңіске деген құштарлық бұрынғы Әулиеата, Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласының іргесіндегі Шайқорық ауылына көшіп келіп, түбегейлі орныққан кезімізде көп пайдаға асты. Неге десеңіз, еселі еңбектің бір көзі елмен тіл табысудан басталады. Сол көпшілікпен тіл табысып, жұмыс істеудің арқасында, құдайға шүкір, бүгінде абыройсыз емеспін.
Рамазан екеуміз 5 ұл-қыздың ата-анасы болдық. Тек бір ғана өкінішім, сол ұл-қыздарының өсіп-өнгенін құдай қосқан қосағым Рамазан көре алмай, өмірден ерте өтіп кетті, – дейді Рыскүл әже қамығып.
«Орнында бар оңалар». Ұлды ұяға, қызды қия- ға қондырған Рыскүл әже бүгінде көптеген немере-шөбере сүйіп отыр. 2002 жылы аудандық «Әжелер сыны» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Зейнеткерлікке шықтым деп қол қусырып отырмай, Шайқорық ауылынан 2002 жылы «Ақ әжелер» ансамблін құрып, қазіргі таңда сол әнші әжелермен бірге әртүрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Әжемізді ауылда өтетін 8 наурыз – Аналар мерекесінің, Наурыз мейрамының және басқа да мерекелік мәдени іс-шаралардың гүлі десек те жарасады. «Ақ әжелерін» бастап, үнемі аудан, ауылға ортақ елдік қуаныштың ортасында жүреді. Өйткені әжеміздің «әу» деп айтатын әнінің тыңдаушылары жетерлік. Әсіресе, Рыскүл әжеге «Дей салдым-айды» айтыңызшы» деп өтінетіндер көп. Рыскүл әже ондайда құдай береген дауысы мен әдемі әндерін аямайды.

«Сен де арманда, қалқатай-ей,
мен де арманда,
Екі арманда жылайды айрылғанда,
дей салдым-ай.
Кішкентайдан бірге өскен-ей құрбым едің,
Нең кетеді артыңа қайрылғанға,
дей салдым-ай.
Ей, екеуім-ай, екеуім-ай,
Үкілі кер жүрмейді жетегіме,
дей салдым-ай.

Қош болғайсың, қалқатай-ей,
қош болғайсың,
Бозжорға аттың тізгінін бос салғайсың,
дей салдым-ай.
Ұмытпай жүр, қалқатай-ей,
ұмытпай жүр,
Екінші рет кез болсаң, еске алғайсың,
дей салдым-ай.

Ей, екеуім-ай, екеуім-ай,
Үкілі кер жүрмейді жетегіме,
дей салдым-ай…»

Ән әуесқойлары ду қол шапалақтайды. «Жұп болсын!» деп тағы бір ән шырқауын сұрайды. «Жұпқа» да қанағаттанбаған жұрт Наурыз мейрамына тігілген ақ боз үйдің шаңырағын әнмен тербеп, әуелете береді. Орталарында – әрине, Рыскүл әжей.
– Менің тағы бір қуанышым, бақытым десем де болады, Шайқорық деп аталатын ауылым мен ауылдастарымның Тараздай тарихи тамаша қала халқының қатарына қосылып, үлкен өркениет пен мәдениеттің, ғылым мен техниканың қызығын көретін «қалалық» атанғаны болды. Тамыры терең сүйікті Тараз атты қаламның керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктеп, халқының саны миллионға жетсін, әумин! – дейді Рыскүл әже қуанышын жасыра алмай.
Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жақсылығы қатар жүретін өмір жолын асыл әжеміз Рыскүл Қадірбекқызы абыроймен еңсерді. Мектепте оқушыларға сапалы білім, балабақшада сәбилерге саналы тәрбие беріп, жас ұрпақтың қиялын қияға самғатып, білімді де мәдениетті азаматтар етіп қатарға қосқан ананы қалай дәріптесек те жарасады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.