Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ынтымақ пен татулықтың алтын діңгегі

0 60

Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт мемлекет. Елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Жалпы, Жамбыл облысында әр кезде ынтымақ пен татулықты сақтауға баса назар аударылып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Облыста түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамыту мақсатында көптеген этномәдени бірлестіктер жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта өңірде 87 этнос пен этникалық топ өкілдері өмір сүреді. Сондай-ақ 41 этномәдени бірлестік тіркелген. Бұл бірлестіктер ұлтаралық татулықты нығайтып, қоғамдық келісімді сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Берекесі бекем «Әулиеата» бірлестігі

Облыстағы алғашқы этномәдени орталықтардың қатарында грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс қауымдастықтары құрылып, өз жұмыстарын бастаған. Кейін олардың саны көбейіп, бүгінде өңірдегі этнос- тардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттайтын маңызды ұйымдарға айналды. Бұл қатарда «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі өңірдегі адам саны көп әрі белсенді орталықтың біріне айналып үлгерді.
Халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын сақтау мен дамыту – мәдени орталықтың негізгі бағыттарының бірі. Қоғамдық бірлестік қызметінің басты мақсаты – білім беру, танымдық және рухани даму салаларында бірлестік мүшелері мен қазақ халқының өзара іс-қимылын үйлестіру.
Сонымен қатар көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысын ұйымдас- тыруға қолдау көрсету, ұлттық спорт түрлерін дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау – бірлестіктің маңызды міндеттерінің қатарында. Ұйым «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметіне белсенді қатысып, өзге этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі.
Сондай-ақ мемлекеттік және халықтық мерекелерді, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру барысында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды дамытуға, облыстағы қоғамдық ұйымдармен әртүрлі бағыттар бойынша серіктестікті кеңейтуге басымдық беріледі.
Ағымдағы жылдың І жартысында бұқаралық ақпарат құралдарында «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар, республикалық және облыстық сессиялары, білім беру саласына қатысты 11 сюжет пен авторлық жарияланым жарық көрді. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысына байланысты 3 ақпараттық сюжет әзірленді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар тұрақты түрде жаңартылып, ақпараттық-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жалпы, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ақпараттық бағыттағы жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді.
Бірлестік қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, үкіметтік емес ұйымдармен және өзге этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар аталған мекеменің ұйымдастыратын шараларға тұрақты түрде атсалысып, мақсат-міндеттерін насихаттауға және этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға үлес қосуда.
Атап айтқанда, бірлестік «Достық керуені» жобасы, «Бірлік» жастар лагері, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі күні, Наурыз мерекесі, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді маңызды мәдени-көпшілік шаралардан шет қалған емес. Орталық жанынан құрылған «Дулати жастары» театры мен «Асыл ана» вокалдық ансамблі де рухани-мәдени бағыттағы жұмыстарға белсенді араласуда. Бұдан бөлек, «Қоғамдық келісім» КММ жанынан ашылған «Жастар театрының» құрамында түрлі этнос өкілдерінен құралған жастар өнер көрсетіп келеді.
Жалпы, қазақ мәдени орталығы мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып, жергілікті атқарушы билікпен, барлық деңгейдегі мәслихаттармен және «AMANAT» партиясымен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жолындағы жүйелі еңбектің нақты көрінісі.

Орны ерек «Өзбек орталығы»

Тараз қаласында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұйымдардың бірі – «Өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі. Бұл бірлестік шаһардағы белсенді этномәдени құрылымдардың қатарында болып, өзбек этносының тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуді басты мақсат етеді.
Қоғамдық бірлестіктің қызметі тек мәдени мұраны дәріптеумен шектелмей, мүшелердің білімін арттыру, танымдық көкжиегін кеңейту және рухани дамуына ықпал ету бағытында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ұйым азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға белсене қатысып келеді.
Бірлестік қайырымдылық қызметті де назардан тыс қалдырмайды. Әлеуметтік осал топтарға, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ардагерлер мен зейнеткерлерге қолдау көрсетіп, қоғамдағы ізгілік пен мейірімділіктің артуына ықпал етуде. Бұдан бөлек, мәдениет пен білім саласындағы мекемелерге де ұйымдастырушылық әрі әлеуметтік қолдау көрсетуді әдетке айналдырған.
Жастар тәрбиесі – бірлестіктің негізгі басымдық беретін бағыттарының бірі. Ұйым жас ұрпақтың кәсіби бағдар алуына, білім жолын таңдауда дұрыс бағыт ұстануына қолдау білдіріп, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін кеңейтуге атсалысуда.
Бүгінде орталық мүшелері мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қазақ тілін дамытуға бағытталған түрлі бастамаларға белсене қатысуда. Атап айтқанда, «Мәміле» пікірталас клубы, «Мың бала» жобасы және «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы сияқты маңызды алаңдарда өз белсенділіктерін көрсетіп жүр.
Тараз қалалық «Өзбек орталығы» бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізіп, қоғаммен тығыз байланыс орнатқан. Сондай-ақ бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға, этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Ауқымды шараларда белсенділік танытып, өзге этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Абырой биігіндегі «Архыз»

«Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі қарашай-балқарлардың «Бірлік» Жамбыл облыстық филиалы облыс аумағындағы саны аз болғанымен, белсенді этномәдени қауымдастықтардың қатарында. Ұйым «Қоғамдық келісім» КММ-нің идеяларын іске асыруды басты мақсат етіп, қарашай-балқар этносы өкілдерінің мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара байланысын нығайтуға, олардың әлеуметтік мүдделерін қорғауға және қоғамдық келісімді дамытуға үлес қосып келеді.
Филиал үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып, мәдени, білім беру және жастар бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруда. Сонымен қатар ақпараттық-консультациялық, ғылыми-әдістемелік және баспа қызметтерін дамытып, этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға атсалысуда.
Ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – қарашай-балқар этносының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын сақтау және дамыту. Бұл бағытта облыстағы этностың бірегей мәдени мұрасын дәріптеу және оны жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бірлестіктің белсенді мүшелерінің барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Солардың бірі – Алина Айдаралы. Ол мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, түрлі байқаулар мен фестивальдерге, айтыстарға тұрақты қатысып келеді. Бірнеше мәрте республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанып, бас жүлделерді иеленген.
Жалпы алғанда, «Архыз» рес- публикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы өңірде этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдық белсенділікті арттыруға зор үлес қосып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты ел дамуының негізгі тірегі ретінде атап келеді. Сондықтан Жамбыл облысындағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы – ел бірлігін бекемдей түсетін маңызды қоғамдық институттардың бірі.

Назерке ОҢҒАР,
Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» КММ
ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің
жетекші сарапшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.