Қазіргі таңда жастар саясаты кез келген мемлекеттің стратегиялық дамуындағы ең маңызды бағыттардың біріне айналғаны белгілі. Себебі елдің ертеңі, қоғамның болашағы, мемлекеттің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, жас буынның біліміне, белсенділігіне және азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан жастарды қолдау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беру әрдайым зор маңызға ие. Әсіресе, ауыл жастарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды жұмыспен қамту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және рухани тұрғыда қолдау көрсету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарында. Осыны негізге алған Қордай ауданында жас буынға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.
Бүгінде аталған өңірде 155 мыңнан астам халық өмір сүрсе, оның 55 мыңнан астамын жастар құрайды. Бұл аудан халқының 35,7 пайызын қамтиды. Жастардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратындықтан, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, еңбекке тарту және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр. Бұл тұрғыда аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында жастарға арналған жұмыс- тарды жоғары деңгейде ұйымдас- тырып, олардың сұранысына сай нақты жобаларды іске асырды.
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі – қоғамның әлеуметтік- экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Себебі тұрақты жұмысы бар жас – елдің ертеңіне сеніммен қарайтын, өз болашағын нақты жоспарлай алатын және қоғам дамуына үлес қосатын белсенді азамат. Ал жұмыссыздық жастардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, олардың психологиялық ахуалына, қоғамдық белсенділігіне және өмірге деген көзқарасына да әсер етеді. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту, оларға кәсіби бағыт-бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі болып саналады.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу, оларды оқыту, қайта даярлау, тұрақты жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікке баулу бағытындағы бағдарламалардың маңызы зор. Жастарды еңбекке тарту арқылы олардың қоғамдағы белсенділігі артып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына да ықпал етеді. Сонымен қатар жұмыспен қамтылған жастардың түрлі теріс әрекеттерден аулақ болып, ел дамуына үлес қосуға ұмтылысы арта түседі.
Осы бағытта Қордай ауданында да жұмыссыздықты азайту және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бағытында да жүйелі шаралар қолға алынған. Айталық, жыл басында аудан бойынша аталған санаттағы 4 928 жас анықталып, олардың әрқайсысымен адрестік жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде кейбір жастардың өзге өңірлерде тұратыны, шетелде еңбек ететіні, студент екені немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғаны нақтыланды. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлескен түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жастарды еңбек нарығына тарту жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша, 367 жас жұмыспен қамтылып, оның ішінде 298-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, жастар қоғамдық жұмыстарға, мемлекеттік мекемелерге және жастар тәжірибесі бағдарламаларына тартылып, олардың кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасалды. Бұл – жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың болашаққа сенімін нығайтатын маңызды қадамдардың бірі.
Қордай ауданында отбасы инс- титутын нығайту мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарға да айрықша көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жастар арасында некені сақтау, отбасылық татулықты насихаттау мақсатында түрлі кездесулер мен тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, аудандық АХАТ бөлімі, мешіт имамдары және сала мамандарының қатысуымен «Берік отбасы – берекелі қоғам негізі», «Біз бақытты отбасымыз» секілді тақырыптарда кездесулер өткізіліп, жас отбасыларға психологиялық әрі рухани қолдау көрсетілуде. Мұндай шаралар отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, жастардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.
Әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі де аудан жастары арасында кеңінен қолға алынған. Әскерге шақыру науқаны аясында жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Отан алдындағы борыштың маңыздылығы кеңінен насихатталуда. Жыл басынан бері бұл бағытта ондаған іс-шара ұйымдастырылып, мыңнан астам жас қамтылды. Мұндай жұмыс- тар жастардың патриоттық рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға оң әсерін тигізуде.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру да негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Аудан көлемінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кездесулер, түнгі рейдтер, түсіндіру жұмыстары, семинарлар мен акциялар ұйымдастырылды. Әсіресе, құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше басымдық берілуде. Бұл шаралар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтып, жастардың заңға құрметпен қарауына ықпал етуде.
Сонымен қатар жастардың психологиялық саулығы мен әлеуметтік бейімделуіне бағытталған жұмыс- тар да қарқынды жүргізілуде. Төрт ай ішінде психологиялық-танымдық бағытта жүзден астам іс-шара ұйымдастырылып, мыңдаған жас қамтылды. Бұл бастамалар жастардың эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастырып, олардың өмірлік дағдыларын дамытуға оң әсерін тигізіп отыр. Психологиялық қолдау көрсету арқылы жастардың қоғамдағы өз орнын табуына және түрлі өмірлік қиындықтарды еңсеруіне көмек көрсетілуде.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да аудан жастарының белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ондаған жас абаттандыру жұмыстарына тартылып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде тазалық жұмыстары, түсіндіру шаралары мен акциялар ұйымдастырылып, жастар қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысып келеді. Бұл – жастардың табиғатқа деген жанашырлығын қалыптастырып, еңбекке баулудың тиімді тетігіне айналып отыр.
Биылдың маңызды бастамаларының бірі – еріктілік қозғалысын дамыту. Халықаралық «Волонтерлар жылы» аясында Қордай ауданында қайырымдылық, әлеуметтік көмек көрсету, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында ондаған іс-шара өткізілді. Жүздеген ерікті жас қоғам игілігі жолындағы жұмыстарға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Волонтерлық қызмет арқылы жастар мейірімділік, жанашырлық және қоғамдық жауапкершілік секілді құндылықтарды бойына сіңіріп келеді.
Жалпы, осы жылдың алғашқы төрт айында аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан 1 068 іс-шара ұйымдастырылып, 34 мыңнан астам жас қамтылды. Оның ішінде рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық, экологиялық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары толық қамтылған. Бұл көрсеткіштер Қордай ауданында жастар саясатының жүйелі жүзеге асырылып, жастармен жүргізілетін жұмыстардың ауқымы кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Тоқетерін айтсақ, Қордай ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Әсіресе, жастардың әлеуетін арттыру, олардың қоғамдық белсенділігін күшейту, әлеуметтік мәселелерін шешу және ел дамуына үлес қосатын белсенді ұрпақ қалыптастыру ең басты міндеттердің бірі болып қала бермек. Себебі бәсекеге қабілетті, білімді, отаншыл әрі белсенді жастар – елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі.
Айқаныш ИСРАИЛОВА,
Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры