Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл жастарының болашағы жарқын

0 86

Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық әлеуеті, қоғамның қозғаушы күші әрі ел болашағының кепілі. Бүгінгі таңда елімізде жастар саясатын жүйелі жүзеге асыруға, олардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, шығармашылық және рухани дамуына кең мүмкіндіктер жасалуда. Әсіресе, өңірлердегі жастармен тікелей жұмыс жүргізетін орталықтардың қызметі жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, азаматтық ұстанымының қалыптасуына және әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне үлкен ықпал етуде.

Осы бағытта Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудан жастарын қолдау мен дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Биыл орталық тарапынан жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, құқықтық сауаттылығын арттыру, психологиялық қолдау көрсету, жұмыспен қамту және волонтерлық қозғалысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жобалар іске асырылып, заманауи бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда.
Бүгінде аталған орталықта 39 штаттық бірлік қарастырылған. Орталық құрамында директор, директордың орынбасары, бөлім басшылары, заңгер, теолог, психолог және жастармен жұмыс жөніндегі мамандар қызмет атқарады. Бұл құрылым жастармен кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге, олардың түрлі әлеуметтік мәселелеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.
Жастарды жұмыспен қамту – ауданның негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 150 жас тартылды. Оның ішінде 105 жас тұрақты жұмысқа орналастырылса, 9 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Сонымен қатар 5 жас «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, 23 жас онлайн оқудан өтті. Ал 8 жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алды. Бұл жұмыстар жастардың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіби біліктілігін арттыруына және кәсіпкерлікке бет бұруына оң ықпал етуде.
Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастарды маусымдық жұмыспен қамту шаралары жалғасуда. Наурыз-сәуір айларында 70 жас жұмыспен қамтылып, жаз мезгілінде тағы 30 жасты тарту жоспарланған. Аталған бағдарлама жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына мүмкіндік беруде.
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да тиімді жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға бюджеттік несиелер беріліп, елді мекендерге білікті кадрлардың келуіне оң әсер етіп жатыр.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Биылғы қаңтар айынан бастап кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 11 іс-шара, 17 кездесу ұйымдастырылып, 12 әлеуметтік бейнеролик дайындалды.
«Қоғам сақшысы» акциясы аясында апта сайын рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Үш ай ішінде 14 түнгі рейд өткізіліп, 184 әкімшілік хаттама толтырылған. Қазіргі таңда 12 жасөспірім есепте тұрса, 12 жайсыз отбасында 30 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар 6 жасөспірім мен 7 ата-ана арнайы есепке алынған. Жастар арасында лудомания, есірткі, киберқылмыс және заң алдындағы жауапкершілік тақырыптарында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Биылдың І тоқсаны бойынша пробация есебінде 27 жас тіркелген. Оларды қоғамға бейімдеу мақсатында 10 іс-шара ұйымдастырылды. Пробация есебіндегі жастардың әлеуметтік жағдайына тоқталсақ, 20 жас жұмыспен қамтылған, 2 жас – бала күтімінде, 2 жас – жұмыссыз, 2 жас студент болса, 1 жас – тергеу изоляторында. Пробация қызметімен бірлесіп рейдтер, кездесулер және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, мерекелік күндерде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қайта қылмысқа жол бермеу және оларды қоғамға бейімдеу.
Ауданда NEET санатындағы жастармен жұмыс та жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 18-35 жас аралығындағы NEET жастар саны – 11. Жастар ресурстық орталығы тарапынан жұмыссыз жастарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамту мақсатында кеңес беру алаңдары, қоғамдық қабылдаулар және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдас- тырылды. Сонымен қатар әр жаспен жеке байланыс орнатылып, адрестік жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл жастардың психологиялық саулығын сақтау бағытында да маңызды жұмыстар атқарылды. Суицидтің, ерте жүктіліктің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен лудоманияның алдын алу бойынша тренингтер, кездесулер және «дөңгелек үстел» отырыстары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, суицидтің алдын алу бойынша 10 тренинг өткізіліп, 175 жас қамтылды. Репродуктивтік денсаулық мәселелері бойынша 3 «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылып, оған 140 жас қатысты. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 5 кездесу өткізіліп, 114 адам қамтылды.
Құқықтық бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүргізілді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып, жастар арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды насихаттау, некенің маңыздылығын арттыру және жастар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы неке куәлігін табыстау жобасы жүзеге асырылуда. Неке және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында 23 іс-шара ұйымдастырылып, 46 адам қамтылды.
Аудан көлемінде волонтерлық қозғалыс та қарқынды дамып келеді. Мәселен, осы жылдың басынан бері 296 волонтерлық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 3 856 жас ерікті қатысты. Волонтерлық жұмыстар медицина, білім беру, экология, спорт, гуманитарлық көмек, этноволонтерлық және медиаволонтерлық бағыттарын қамтыды. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, қарттарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсету жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылдың халықаралық «Волонтерлар жылы» болып жариялануына байланысты Жамбыл ауданында еріктілер тобы құрылып, белсенді жастар азық-түлік қораптарын таратуға, көшет отырғызуға, тазалық акцияларын өткізуге және тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге белсенді қатысуда. Бұл жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, еріктілік мәдениетінің дамуына ықпал етуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануына байланысты орталық өз жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолдануды қолға алды. Биылдың І тоқсанында жасанды интеллект көмегімен психологиялық, құқықтық, танымдық және ақпараттық бағыттағы бейнероликтер дайындалды. ЖИ технологиялары арқылы бейнероликтердің сценарийлері жазылып, визуалды және дыбыстық өңдеулер автоматтандырылып, контент сапасы арттырылды.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен орталықта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың да қоғам үшін маңызы зор. Атап айтсақ, «Шаштараз» әлеуметтік жобасы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға және тұрмыстық қиындықтарға байланысты өзіне уақыт бөле алмайтын әйелдерге арналған. Жоба аясында орталықтың қабілетті жастары тегін шаш қию және сәндеу қызметтерін көрсетіп келеді. Ал «Qazaqy bolmys» жобасы ауыл келіндерінің бір күндік өмірін, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді және ұлттық тәрбиені жаңа форматта насихаттауға бағытталған. Қазіргі таңда жобаның екі шығарылымы жарық көрді. «MedVolunteer: Салауатты ұлт» жобасы қоғам денсаулығын жақсартуға және аурудың алдын алуға бағытталса, «Таңғы шай» жобасы жастар мен қоғам өкілдеріне арналған рухани-танымдық алаң ретінде ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуға және пайдалы ойлармен бөлісуге мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, орталығымыз жастарды жұмыспен қамту, олардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, рухани-мәдени дамуын қолдау және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі қызмет жүргізіп келеді. Жастарға арналған жаңа жобалар мен бастамалар аудан жастарының белсенділігін арттырып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беруде. Алдағы уақытта да біздің мекеме жастардың жан-жақты дамуына бағытталған ілкімді істерін жалғастырып, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына өз үлесін қоса береді.

Жандар ТОҚСАБА,
Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.