Тамыры терең Тараз – тек көне шаһар ғана емес, қазақ руханиятының қайнар көзінің бірі. Шығыс шайырлары жырға қосқан бұл топырақтан елге сөзі өтімді талай ақын-жазушы, жырау мен қаламгер шыққаны белгілі. Алайда сол асыл мұраны ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттайтын заманауи, жүйелі кеңістік бізде әлі толық қалыптаса қойған жоқ.
Қала көшелерінде жеке-жеке ескерткіштер мен атаулы нысандар бар болғанымен, әдебиет өкілдерін бір арнаға тоғыстыратын, рухани тұтастықты танытатын арнайы орынның жоқтығы сезіледі. Осы тұрғыдан келгенде Таразда «Қаламгерлер аллеясын» ашу уақыт сұранысынан туындап отырған маңызды бастама екені даусыз.
Бүгінде еліміздің кейбір өңірлері бұл бағытта нақты қадам жасап үлгерді. Мәселен, 2019 жылы «Ақындар шаһары» атанған Алматы қаласындағы «Гүлдер» саябағында «Тұлға-достық» қоғамдық қорының демеушілігімен «Поэзия аллеясы» ашылған еді. Бұл туралы идея авторы ақын Мұратхан Шоқан: «Бұл – өмірін өлеңмен өрнектеген, өлеңмен ғұмыр кешкен халқымызға, ақын-жазушыларға құрмет көрсету. Адамдардың бір-біріне, ұлы жаратылысқа сүйіспеншілікпен қарап, мейірім- махаббатпен, қайырым-шапағатпен ғұмыр кешуге тәрбиелеу», – деген болатын.
Ендеше, осындай игі бастамадан Тараздың тыс қалуы көңілге қаяу түсіреді. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Асанов Тараз қаласында «Қаламгерлер аллеясын» ашу туралы бастама өте орынды әрі мәдени тұрғыдан маңызды идея деп санайды.
– Әдебиет, мәдениет, саясат – мемлекет үшін ошақтың үш бұтындай, бір-бірінен бөліп қарауға келмейтін маңызды салалар. Әдебиеті мен мәдениеті дамымаған жұрттың өркениетті елге айналуы қиын. Сондықтан да елімізде «Қаламгерлер аллеясының» ашылып жатқаны көңіл қуантады. Соңғы жылдары облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қаламгерлер қауымына айрықша көңіл бөліп келеді. «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауы, өткен жылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы – сөзіміздің дәлелі. Сондықтан да аймақ басшысы «Қаламгерлер аллеясының» ашылуына ықпал етеді деп сенемін, – дейді ақын.
Ал белгілі журналист Фариза Әбдікерімованың пікірінше, бұл жобаны іске асыруда сапаға да ерекше мән берген жөн.
– Тараз – тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін рухани мұрасы бай қала. Жамбыл жерінде өмірге келіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері атанған, оқырманға өзін дәлелдеген шебер қаламгерлерімізді қалай дәріптесек те артық етпейді. Аллея ашып, оның сәулеттік тұрғыда безендірілуіне де айрықша мән берілсе, нұр үстіне нұр. Мысалы, облыстан шыққан, бүгінде арамызда жоқ сөз зергерлері – Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, Күләш Ахметова және басқа да тұлғалардың ескерткіштері немесе нақыл сөздері қойылса, бұл қала тұрғындары мен қонақтарына сөзсіз ерекше әсер қалдырар еді.
Аллея жай ғана формалды ескерткіштер жиынтығы болып қалмай, заманауи дизайнмен, интерактивті элементтермен толықтырылғаны дұрыс. Мәселен, QR-код арқылы жазушылар туралы ақпарат алу деген сияқты мүмкіндіктер қарастырылса, ол орынның құндылығы даусыз арта түседі. Жалпы айтқанда, «Қаламгерлер аллеясын» ашу Тараздың мәдени келбетін байытатын, рухани дамуына серпін беретін маңызды қадам болатын еді, – дейді журналист.
Әрине, мұндай орын әдеби кештер өтетін, поэзия оқылатын, жаңа кітаптар таныстырылатын мәдени алаңға айналары айқын. Сондықтан да бұл нысан қаланың рухани тынысын кеңейтеді. Мәселен, елордамыз – Астана қаласында 2019 жылы халық- аралық деңгейдегі қаламгерлердің қатысуымен арнайы «Қаламгерлер аллеясы» ашылып, әдеби ортаға жаңа тыныс берілген болатын. Аталған нысанда екі мүсіндік композиция орнатылған. Оның біреуінде қазақ әдебиетінің алыптары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлин бейнеленсе, екіншісі Алаш қозғалысының көшбасшылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовқа арналып жасалған.
Осыдан 5 жылға жуық уақыт бұрын Қызылорда қаласында да өңір қаламгерлерін ұлықтайтын тағылымды орын қалыптасты. Аллея аумағында қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – Қалтай Мұхамеджанов, Әбділда Тәжібаев және Зейнолла Шүкіровтердің ескерткіштері алыстан менмұндалайды.
Осы ретте журналист, жазушы Ардақ Үсейінова мұндай аллея ашылса, оның ішінде «Жазушылар галереясы» орналасуы керек екенін айтады.
– Аллея дегеннің өзі, ең алдымен, көрген кісіге эстетикалық әсер сыйлауға тиіс. Көркем табиғат пен адам жасаған туындының нәзік үйлесімі сезіліп тұрса, міне, сонда өз атауын ақтап алады. Ал ішін тас-ескерткіштерге толтырып тастаса, ол басқа дүние болып шығады. Айталық, Жамбылдан шыққан әр жазушының ескерткіш-бюстін қойса, бәлкім, рухты көтерер, өткен мен бүгіннің өнегесі менмұндалап тұрар. Дегенмен, гармониясы солғын тартып қалады. Ал жазушының өшпес мұрасы – оның шығармалары, қаламынан туған кесек образдары ғой. Сондықтан мұндай аллея ашылса, оның ішінде міндетті түрде қайталанбас туындылардың галереясы тұруы керек деп ойлаймын. Мәселен, Шерағадан бастасақ, жазушының түсінен шықпаған «Шолпанкебісі» немесе интернаттың құнарсыз сорпасынан өзегі талғанда талғажау болған «Қара наны». Қара нан аштықтан баудай түскен қазақ үшін ертеңге деген үміттің символы емес пе?! Сондай-ақ Несіпбек Дәутайұлының қаламынан туған бөлек образ – «Айғыркісінің» ескерткіш белгісі тұрса… Бұл идеяны жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те көтерген еді, – дейді қаламгер.
Сонымен бірге сөз арасында Ардақ Үсейінова сол аллеяға Жамбылдан шыққан ақын-жазушылармен бірге композитор, күйшілердің қайталанбас дүниелеріне арнап ескерткіш белгі қойылса деген пікірін жеткізді.
– Мысалы, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымына» қойылған ескерткіш белгі Тараз төрінде де қасқайып тұрса, несі айып?! Тіпті, кезінде еліміздің түкпір-түкпірінен комсомол жастарды дүр көтеріп, өлкемізге табан тіреткен «Жайлаукөл кештеріне» арналған үлкен мемориал қойылса, қандай жарасымды?! Айта берсе, ондай кесек туындылар баршылық. Тек қана осы топырақта туып-өскендерді емес, елге белгілі қаламгер, өнер иелерінің Әулиеата өңіріне келгенінде туған шығармасындағы бөлек картиналар (әңгіме, повест, роман, өлең, әнге арқау болған) да осында бой көрсетіп тұрса, бұл тұтас қазаққа арналған өзгеше аллея болмай ма?! – дейді А.Үсейінова.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін тарта отырып, «Таразға тарту» жобасы қолға алынған еді. Аталған жоба аясында шаһар көркін айшықтайтын бірқатар сквер мен аллея салынды. Сол игі бастамалардың қатарында «Қаратау» (2) шағынауданында «Қаламгерлер аллеясының» іргесі қаланған болатын. Алайда белгісіз себептермен бұл нысан толық аяқталмай қалған еді. Алдағы уақытта осындай жобалар жалғасын табатын болса, «Қаламгерлер аллеясының» ел игілігіне берілетін күн де алыс емес деген сенім бар.
Қорыта айтқанда, Таразда «Қаламгерлер аллеясын» ашу – жай ғана сәулеттік нысан салу емес, ұлт руханиятына қызмет ететін, өткен мен бүгінді жалғайтын, келешекке бағыт-бағдар беретін іргелі мәдени жоба болары даусыз. Тамыры терең тарихтан нәр алған Әулиеата өңірі ежелден сөз қадірін ұққан, өнер мен өркениеттің ордасы атанғаны баршаға мәлім. Ендеше, сол рухани мұраны бүгінгі заман талабына сай жаңғыртып, жүйелі түрде ұлықтау – уақыт еншісіндегі маңызды міндет.
Жұматай КӨКСУБАЙ