Қазіргі ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда жас ұрпақтың уақытын интернет пен түрлі гаджеттерге тәуелді өткізуі жиі байқалады. Мұндай кезеңде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың рухани дүниесін байыту – білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі.
Мектепте «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында жас оқырманның рухани дамуына бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Осыған орай, кітапханада оқушыларды кітаппен достастыруды басты мақсат ететін түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Осы мақсатпен мектепте кітап оқу айлығы жарияланды. Оның аясында 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай мектеп кітапханасында мазмұнды да мағыналы шаралар ұйымдастырылды. Балаларға арналған әдеби кітаптар көрмесі, үздік оқырмандар байқауы өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Аталған шаралардың басты мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу ғана емес, сонымен қатар олардың бойында ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, рухани мәдениетті қалыптастыру болды.
Ал 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесіне орай «Әдебиет – бала жүрегінің шамшырағы» тақырыбында кітап көрмесі, 5-6 сынып оқушылары арасында «Мен таңдаған кітап» атты оқырмандар байқауы, «Отбасымен кітап оқу – игі дәстүр» атты ата-аналармен кітап оқу уақыты, «Шығармашылық интеллигенция – Қазақстан балаларына» тақырыбында сынып сағаты, «Гаджет пен рухани даму» атты дебат секілді түрлі шаралар өтті. Кітап оқу белсенділігімен ерекшеленген оқушылар арнайы марапаттарға ие болып, олардың жетістіктері өзгелерге үлгі ретінде ұсынылды. Мұндай ынталандыру шаралары балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, білімге деген құштарлығын оятады.
Оқу ағарту министрлігінің бастамасымен жолданған «Мен ұсынған 7 кітап» атты челленджден де мектеп кітапханасы тыс қалмады. Осылайша оқушылар кітапқа жаранама ретінде өз таңдауларымен кітаптарды оқып, челлендж өткізді. Бұл бастама оқушылардың оқу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, олардың ойлау қабілетін, тіл байлығын, өз пікірін еркін жеткізе білуін дамытуға ықпал етті.
Кітап – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол ашатын алтын көпір. Ал рухани бай, саналы ұрпақ – ел болашағының кепілі. Сондықтан жас ұрпақты кітап оқуға баулу – әрбір ұстаз бен кітапханашының басты міндеті.
А.ШЕРИМОВА,
М.Жұмабаев атындағы № 21 орта мектептің кітапхана меңгерушісі