Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Волонтер жастар – қоғамның қозғаушы күші

0 70

2026 жыл – Халықаралық волонтерлар жылы. Волонтерлық – бұл уақытша тренд емес. Бұл – ұлттық сана, азаматтық жауапкершілік, және ұрпаққа үлгі болатын өмірлік ұстаным. Президент өз сөзінде ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жас ұрпаққа саналы түрде жеткізудің маңызын атап өтті. Ал бұл жолда волонтерлар – қоғамның қозғаушы күші.

Бүгінгі еріктінің еңбегі – ертеңгі бірліктің, берекелі қоғамның негізі. 2026 жыл – жүрек қалауымен қызмет ететін, елге адал ниетпен үлес қосатын азаматтардың жылы. Жамбыл ауданының Жастар ресурстық орталығы да осы бағытта жүйелі жұмыс істеп, жастардың белсенділігін арттыруға үлес қосуда.
Биыл орталық ұйымдастырған «30 күн – 30 игі іс» акциясы аудан жастарының белсенді қатысуымен өтті. Бір ай бойы жалғасқан шара аясында жалғызбасты қарттарға, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға азық-түлік, тұрмыстық заттар, көрпе-жастықтар жеткізілді. Акцияның қорытынды күні жастар көпбалалы анаға толық азық-түлік пен тұрмыстық заттар беріп, шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсетті. «Бұл тек материалдық көмек емес, жүректен шыққан қолдау», – дейді орталық мамандары.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 наурыздан бастап іске қосылған «Қамқоршы шаштараз» жобасы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың ер балаларына бағытталған. Аудан бойынша 40 астам бала тегін шаштараз қызметін алды. Әйел азаматшаларға арналған сұлулық салондары арқылы 20-дан астам көпбалалы және тұрмысы төмен анаға бет әрлеу қызметтері ұсынылды.
Жастар тек әлеуметтік бастамалармен шектелмей, кәсіпкерлікке де белсенді қатысуда. Сонымен қатар аудан жастары мәдениет, спорт, өнер салаларында да белсенді. Жастардың белсенділігі – тек өз болашағын қалыптастыру емес, қоғамға үлес қосудың нақты көрінісі. Олар жаңа идеялар әкеліп, оны жүзеге асыруға қабілетті, қоғамдағы өзгеріс бастаушылары.
Волонтерлық, әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамалар арқылы жастар қоғамдағы ізгілік пен бірліктің дамуына септігін тигізуде. Әрқайсысымыз өз үлесімізді қосып, жастарға сенім артып, қолдау көрсетуіміз қажет. Себебі бүгінгі еріктінің еңбегі – ертеңгі берекелі қоғамның, күшті елдің кепілі. Жастардың қуаты мен жігері – Қазақстанның нық қадамы мен жарқын болашағының негізі.

Нұржамал КЕРІМЖАНОВА,
Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ жастармен жұмыс жөніндегі маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.