Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Автокөлікті лизингке алу тиімді ме?

0 74

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар нақты шаралар әзірлеген болатын. Солардың бірі – халықты темір тұлпармен қамтамасыз етуге бағытталған автолизинг бағдарламасы.

Бұл туралы ел Президенті «KIA Qazaqstan» зауытының салтанатты ашылу рәсімінде: «Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде «KIA Qazaqstan» зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз», – деген болатын.
Автолизинг бағдарламасы 1 желтоқсаннан бастап пилоттық режимде іске қосылды. Жобада жеке тұлғалар үшін бірыңғай шарттар қарастырылмаған. Яғни әрбір лизингтік компания жылдық пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарнаның көлемін өз бетінше белгілей алады. Алайда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес, жылдық шекті мөлшерлеме 36 пайыздан аспауы керек.
Аталмыш министрліктің ресми мәліметінше, автолизингтің автонесиеден өзгешелігі – көлік тұтынушыға біржола емес, тек ұзақ мерзімге жалға беріледі. Яғни, келісімшарт аяқталған соң тұтынушыда бірнеше таңдау болады. Нақтырақ айтсақ, лизинг мерзімі аяқталған соң көлікті жалға берген компанияға қайта тапсырады немесе қалған қарызын толық өтеп, көлікті сатып ала алады. Сондай-ақ кез келген уақытта бір көлікті басқасына ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылған.

– Бұл жүйе тек салоннан шыққан жаңа көліктерге ғана қолданылады. Бұрын қолданылған автокөліктер бағдарламаға кірмейді. Сонымен бірге бұл – мемлекеттік субсидияланатын жоба емес, нарықтық коммерциялық өнім.
Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – көлік барлық төлемдер аяқталғанға дейін лизинг компаниясының меншігінде болады. Ал тұтынушы көлікті пайдаланғанымен, оған қатысты барлық тәуекелдер үшін жауапты. Егер көлік зақымданса, ұрланса немесе жойылса, шығынды өз қалтасынан өтейді. Сол себепті міндетті түрде сақтандыру рәсімделуге тиіс. Сонымен қатар шарт талаптарына сәйкес, төлем екі айдан артық кешіксе, лизинг компаниясы көлікті қайтарып алуға құқылы. Бұған қоса тұтынушы қандай да бір қаржылай қиындыққа тап болса, жалға алу мерзімі аяқталмаса да көлігін кері қайтарып, келісімшартты тоқтата алады. Ал автонесиелерде мұндай мүмкіндік мүлде жоқ. Жалпы, бұл жоба қазақстандықтарға көлік алу мүмкіндігін арттырып, нарықтағы бәсекені де күшейтеді деп күтілуде, – дейді вице-министр Олжас Сапарбеков.
Тағы бір айта кетерлігі, лизингтен өткен адамдардың келісімшарты несие тарихына еш әсер етпейді. Бастысы, өтінім берер кезде ай сайынғы тұрақты табысын растай алса жеткілікті.
Осы ретте аталған талаптар жобаның түпкілікті әрі нақты шарттары емесін де атап өткен абзал. Себебі алдағы уақытта халықтың сұранысына орай бағдарлама талаптары тағы да жетілдірілмек.
Автолизинг отандық көлік нарығындағы бәсекелестікті арттырып, халықтың темір тұлпарға кеңінен қол жеткізуіне жол ашады деп көзделгенімен, оған сенімсіздікпен қарайтын жандар да жоқ емес. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Берікбол Қасым.
– Жалпы, автолизингтің іске қосылуын халық үшін пайдалы бастама деп қабылдауға болады. Қазіргі экономикалық жағдайда автонесие алу көп адамға ауыр. Несиеде пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы, бастапқы жарнаның қомақты талап етілуі қарапайым азаматтардың көлік алуын шектеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда бұл бағдарлама көп адамның үміт отын жағуда. Әсіресе тұрақты табысы бар, бірақ ірі несие алуға жүрексінетін адамдарға бұл мүмкіндік қолайлы сияқты.
Дегенмен, жобаның кейбір тұстары ойландырмай қоймайды. Ең басты күмән – көліктің келісімшарт аяқталғанға дейін лизингтік компанияның меншігінде қалуы. Яғни, адам бірнеше жыл бойы ай сайын төлем жасап, сақтандыруын төлеп отырса да, көлік заң жүзінде өзіне тиесілі болмайды. Бұл психологиялық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да белгілі бір сенімсіздік тудырады. Төлем екі айға кешіксе, көлікті тартып алу құқығының бар екені де жұртшылықты алаңдатуы мүмкін. Себебі қазіргі заманда ешкім қаржылық тұрақтылыққа толық кепілдік бере алмайды.
Сонымен қатар бұл бағдарлама мемлекет тарапынан субсидияланбай, тек нарық заңымен жұмыс істейді. Демек, «Ертең пайыздық мөлшерлемелер өсіп, тағы да қосымша талаптар қойылмай ма?» деген заңды сауалдар да туындауы мүмкін. Әр лизинг компаниясы шартты өз бетінше белгілейтіндіктен, халықтың барлығы бірдей тиімді ұсынысқа қол жеткізе алмауы да ықтимал. Қаржылық сауаты төмен азаматтар үшін бұл да тәуекелді арттыра түседі.
Тағы бір күмәнді жайт – барлық тәуекелдің тұтынушыға жүктелуі. Көлік бүлінсе де, ұрланса да шығынды толығымен пайдаланушы өтейді. Бұл да лизингтің елеулі кемшілігі. Өйткені, көлік өз меншігің болмаса да, жауапкершілігі толықтай сенің мойныңа артылады.
Соған қарамастан, бағдарламаның оң тұстары да баршылық. Мәселен, көлікті мерзімінен бұрын қайтарып, келісімшартты бұзу мүмкіндігі бар екені автонесиемен салыстырғанда үлкен артықшылық. Сондай-ақ несие тарихына әсер етпейтіні де көп адамға тиімді. Бұл – болашақта баспана немесе басқа мақсатқа несие алғысы келетін азаматтар үшін маңызды фактор.
Тоқетерін айтқанда, автолизинг – халық үшін жаңа әрі баламалы мүмкіндік болғанымен, бар үмітті тек соған артудың қажеті жоқ. Сол үшін бұл бағдарламаны таңдар алдында әр азамат өз табысын, тәуекелін, келісімшарттың барлық талаптарын мұқият зерделеуі керек. Ал мемлекет пен лизинг компаниялары тарапынан ашықтық пен түсіндіру жұмыстары күшейсе, халықтың сенімі де арта түсер еді, – дейді Берікбол Есдәулетұлы.
Қорыта айтқанда, автолизинг бүгінгідей әлеуметтік-экономикалық жағдайда бұқараның көлікке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені белгілі. Алайда оған қатысты үмітпен қатар күдік те жетерлік. Сондықтан жаңа жобаның жұртшылыққа қаншалықты тиімді болатыны алдағы уақыттың еншісінде.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.