Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Ең үлкен жауапкершілік – халықтың сенімін жоғалтпау»

0 160

Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтарына 20 жыл толып отыр. Осы екі онжылдықта ХҚКО еліміздің мемлекеттік қызметтер жүйесіндегі ең маңызды буындардың біріне айналды. Азаматтардың өтінішін қабылдап, қызмет көрсету сапасын арттырып, цифрлық мәдениетті дамыту жолында еңбек етіп жүрген мыңдаған мамандардың еңбегі осы саланың тұрақты дамуына негіз болды. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмыстың алдыңғы шебінде қызмет атқарып жүрген білікті мамандар жетерлік. Олар күнделікті тұрғындармен жүзбе-жүз жұмыс істеп, қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Осы орайда кәсіби жолын ХҚКО-да бастаған, тәжірибесімен шыңдалып, ұжымның сеніміне ие болған білікті мамандардың бірі – Индира Алимбековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Индира Бауыржанқызы, өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Халыққа қызмет көрсету саласындағы қызметіңіз қалай, қашан басталды?
– Менің Халыққа қызмет көрсету орталығындағы еңбек жолым 2009 жылы Жамбыл облысының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып басталды. Ол кезде небәрі 20 жаста едім. 2015 жылы Тараз қалалық №3 бөлімінің инспекторы болып ауыстым. Сол уақыттан бері аталған бөлімде қызмет етіп келе жатырмын. Қазіргі уақытта осы бөлімнің реттеу залының басшысы қызметін атқарудамын. Жалпы алғанда халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етіп келе жатқаныма 16 жыл болды.
– Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл. Бұл дата Сіз үшін және сала үшін нені білдіреді?
– ХҚКО-ның 20 жылдығы – еліміздегі қызмет көрсету мәдениетінің қалыптасуы мен азаматтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілуін білдіретін маңызды кезең. Бұл – үлкен эволюция жолы, сан мың қызметкердің еңбегі мен азаматтардың сенімінің нәтижесі. Мен үшін бұл дата – жауапкершілік, мақтаныш және үздіксіз даму қажеттігін еске салатын ерекше белес.
– Өткен 20 жыл ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандай үлкен өзгерістер болды?
– Әрине, 20 жыл ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы үлкен жүйеге айналды. Өзгерістер өте көп. Басты өзгеріс мемлекеттік қызметтердің заман талабына сай цифрландырылуы болды. ХҚКО жаңадан ашылған уақытта 30-ға жуық қызмет түрі көрсетілсе, қазір мемлекеттік корпорация арқылы 1 200-ден астам мемлкеттік қызмет түрі қолжетімді. Қазір көптеген қызмет түрлерін электронды форматта алуға болады. Мысалы ЦОН мобильді қосымшасы арқылы алдын ала электронды талон алып, ХҚКО-ға келгенде сол талонмен қызмет алуға мүмкіндік бар. Бұдан өзге онда 79 түрлі қызмет түрі қолжетімді.
Одан бөлек, қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңғыртылған халыққа қызмет көрсету орталықтары – «NEW CON» жұмыс істеп тұр. Заманауи техникамен және жайлы жиһазбен жабдықталған бұл орталықтар қызмет көрсету сапасын арттырып, қызмет алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Цифрлық кеңселердің арқасында бір мезетте көптеген азаматтарға қызмет көрсетуге жағдай жасалды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы бұл жаңғырту тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, цифрландырудың озық үлгісіне айналды.
– Сіздің ойыңызша, ХҚКО-ның басты мақсаты мен миссиясы қандай?
– Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басты мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді, түсінікті және тиімді форматта ұсыну. ХҚКО-ның негізгі миссиясы – «бір терезе» қағидаты арқылы халықтың уақытын үнемдеу, қызмет алудағы бюрократиялық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтердің сапасын үздіксіз жақсарту.
ХҚКО – мемлекеттің азаматтарға деген қамқорлығының көрінісі. Оның миссиясы – әрбір тұрғынға жедел, нақты және сапалы қызмет көрсету, цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметтерді барынша жеңіл әрі ыңғайлы ету.
Қысқаша айтқанда, ХҚКО-ның басты миссиясы – халық пен мемлекет арасындағы сенімді көпір болу.
– Қызметкерлер үшін ХҚКО-дағы жұмыс несімен ерекше?
– ХҚКО-да жұмыс істеу – тек қызмет көрсету емес, бұл адамдарға күн сайын нақты көмек көрсету мүмкіндігі. Әр қызметкер өзін қоғамға пайдасын тигізіп жүрген маман ретінде сезіне алады.
Біріншіден, адамдармен тікелей байланыс – қызметкерлер күн сайын түрлі азаматтардың мәселесін шешуге атсалысып, алғысын естиді. Бұл жұмыстың әлеуметтік маңызын арттырады.
Екіншіден, үздіксіз даму – ХҚКО жүйесі үнемі жаңарып, цифрландырумен дамып отырады. Қызметкерлер жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби тұрғыда өседі.
Үшіншіден, жауапкершілік пен сенім – мемлекеттік қызметтердің сапасы тікелей қызметкердің кәсібилігіне байланысты. Бұл салада жұмыс істеу үлкен сенім мен жауапкершілікті талап етеді.
Сондай-ақ командалық рух – ХҚКО-дағы жұмыс бір-біріне қолдау көрсететін, ортақ мақсатқа жұмылған ұжымдық еңбекті қажет етеді. Сондықтан ХҚКО-да жұмыс істеу – тек мамандық емес, қоғамға қызмет ету миссиясын орындау деп есептеймін.
– Осы 20 жылда ХҚКО жүйесі қалай өзгерді? Алғашқы кезең мен қазіргі кезеңнің ең үлкен айырмашылығы қандай?
– Алғашқы жылдары негізгі міндет – қызметтерді бір терезе қағидатымен жинақтап, халықтың уақытын үнемдеу болды. Ал бүгінде басты басымдық – азаматтың орталыққа келмей-ақ, үйде отырып қызмет алу мүмкіндігі. Яғни, құжат қабылдаудан цифрлық сервистерді дамытуға көштік. Бұрын орталыққа ұзын-сонар кезекке келетін халық болса, қазір қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта қолжетімді.
– Қазір көп қызмет онлайн форматқа көшті. Халықтың цифрлық сауаттылығы қалай?
– Жалпы алғанда халықтың цифрлық сауаттылығы артып келеді. Дегенмен егде жастағы азаматтарға, ауылдық аймақ тұрғындарына қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі әлі де бар. ХҚКО- ға көптеген азаматтар әлі де цифрлық қызметтерді алу үшін келеді, біздің мамандар тиісінше көмектесіп, қызметалушының келген мәселесін шешіп беруге тырысады.
– Жұмысыңыздағы ең үлкен жауапкершілік неде деп ойлайсыз және қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Ең үлкен жауапкершілік – халықтың сенімін жоғалтпау. Әрбір азаматтың мәселесі біз үшін жеке әрі маңызды. Сондықтан қызметтің уақытылы, сапалы және ашық көрсетілуі – басты міндет. Мен ұстанатын қағидалар – ашықтық, әділдік және кәсібилік. Қандай жағдай болмасын азаматпен сыпайы, түсіністікпен сөйлесу, оның мәселесін шынайы шешуге ұмтылу – біздің басты қағидамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.