Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қайтсек тыйым болады?

0 157

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның ең өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселелерінің бірі. Ол тек отбасындағы жанжал немесе түсініспеушілік емес, адам құқығын өрескел бұзу, денсаулыққа, жан дүниеге және кей жағдайда өмірге тікелей қауіп төндіретін әрекет. Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға он мыңдаған хабарлама түседі екен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш тек «мұзтаудың ұшы» ғана көрінеді.

Құзырлы органдардың мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жылына шамамен 100 мың шақырту тіркеледі. Бірақ бұл – тек полицияға хабарлаған азаматтардың саны. Сарапшылардың пікірінше, көптеген жәбірленуші әлі де үнсіз қалуға мәжбүр: біреуі қорқады, біреуі қысым көреді, енді бірі отбасылық абырой мен стигмадан қауіптенеді.
Соңғы жылдары отбасылық жанжалдан туындайтын қылмыстардың үлесі төмендемей отыр. Кей деректер бойынша, әрбір төртінші кісі өлтіру дерегі – отбасылық жағдайда жасалады. Зорлықтың зардабы тек дене жарақатымен шектелмейді: ұзаққа созылған психологиялық қысым, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, балалардың психикасына тиетін ауыр әсер – бұл көрінбейтін, бірақ өте қауіпті салдары.

Осыған орай елімізде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы жарияланған. Осы шараны негізге ала отырып, «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының мәжіліс залында «Сен жалғыз емессің!» мейірімділік жолы акциясы аясында «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тетіктері» тақырыбында жиын өтті.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы құқықтық және психологиялық сауаттылықты арттыру, мамандар арасында тәжірибе алмасу, қолдау көрсету тетіктерін талқылау және отбасындағы қауіпсіз ортаны нығайту мақсатында өткен шараны «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры, ҚХА жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали жүргізді. Алдымен сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман шараның маңыздылығына тоқталып, отбасы институтының ерекшелігін тілге тиек етті.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес. Бұл – бүкіл қоғамның денсаулығына әсер ететін фактор. Зорлықты көрген балалардың көбісі есейгенде осы үлгіні қайталайды, ал бұл өз кезегінде зорлықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына әкеледі. Әрбір азамат зорлыққа немқұрайлы қарамауы тиіс. Құрбандарға қолдау көрсету, көмек сұрауға мүмкіндік беру, қажет болса органдарға хабарлау – бұл адам өмірін сақтап қалуы мүмкін қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер. Соңғы жылдары Қазақстанда заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерістер жасалды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң күшейтіліп, қорғаныс ұйғарымдарын беру тәртібі жетілдірілді.
Күрес тек мемлекеттік шаралармен шектелмеуі тиіс. Қоғамдық сана мен мәдени түсінікті өзгерту, ерте профилактика, мектептер мен университеттердегі ақпараттық жұмыстар – зорлықты азайтудың маңызды бағыттары, – деді облыс әкімінің кеңесшісі.
Өңірде «Отбасының цифрлық картасы» деректеріне сәйкес, 338,9 мың отбасы бар болса, оның 87,5 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады екен. Осындай отбасылармен мақсатты жұмыс жүргізу үшін облыстың барлық өңірлерінде мобильді топтар құрылған. Бұл топтардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлері, полиция, пробация қызметі, әкімдік өкілдері, ішкі істер органдары енеді. Олар кешенді түрде жұмыс жүргізіп, отбасыларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті көрсетіп келеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндады.
– Биыл өңір бойынша 890 маман оқытылып, олардың бір бөлігі цифрландыру бағытындағы «FCM Social» және «Enbek skills» платформалары арқылы біліктілігін арттырды. Орталықтарға жыл басынан 217 отбасы жүгінсе, мобильдік топтар қосымша 761 отбасын анықтады. Оның ішінде 225 отбасыға жеке жоспар жасалып, 125-сі сәтті аяқталды. Қазіргі таңда 63 отбасы сүйемелдеуде.
Пробация қызметінен 405 сигнал түссе, оның ішінде орындалғаны – 376, қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде. Отбасылық жанжалдарды реттеу бойынша 174 отбасы өтініш білдіріп, 142-сі татуласты.
Сонымен қатар орталықтар ата-аналық мәдениетті арттыру, құқықтық және психологиялық сауаттылықты күшейту мақсатында 365 іс-шара ұйымдастырылып, оған 28 299 адам қамтылды.
Облыста жалпы 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ шара барысында «Жаңару» РҚБ ЖОФ директоры Қасымхан Төлендиев қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері жайлы, Жамбыл облысы Полиция Департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Күләнда Садырова «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдері мен практикасы» тақырыбында сөз сөйлеп, ерте профилактика тетіктері, тәуекел топтарымен жұмыс әдістері және тұрмыстық зорлықтың жасырын белгілерін анықтаудың маңызын атап өтті. Ал акцияға арнайы Түркістан облысынан шақырылған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және балаларға қатысты буллингті болдырмау және алдын алу бойынша «Ел ертеңі-жас ұрпақ», «Баланы қорғау-болашақты қорғау», «Ойынқұмарлықсыз дені сау ұлт» әлеуметтік жобаларының авторы, тренер-коуч, отбасылық психолог Ақбаян Жақыпова «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық: жасырын аспектілер және жанама салдарлар» тақырыбын ашып, зорлықтың қоғамда жиі байқалмайтын, бірақ өте қауіпті психологиялық формалары туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ шара барысында арнайы қонақтар мен сала мамандары күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде баяндама жасады.
Дөңгелек үстел отырысынан бастау алған «Сен жалғыз емессің!» мейірімділік жолы акциясы «Отбасы – бақыт мекені» атты квест-танымдық байқауымен жалғасын тапты. Квест-ойынның негізгі мақсаты – отбасы институтының қоғамдағы орнын күшейту, ата-аналардың құқықтық және тәрбиелік сауаттылығын арттыру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызын насихаттау болды. Байқау басталмас бұрын қатысушылар үшін жеңіл кофе-брейк ұйымдастырылып, еркін әңгімелесуге жағдай жасалды. Кофе-брейктен соң Ұ.Жанкелдіқызының 200 жылдығына арналған «Таңдайында өлеңнің ұясы бар…» атты жаңа жинақтың таныстырылымы өтті. Бұл квест-танымдық байқау «Анаға тағзым» орталығының курс жетекшілері мен курс қатысушылары арасында командалық форматта ұйымдастырылып, қатысушылар 5 топқа бөлініп, төрт кезең бойынша өзара сайысты. Байқау қорытындысында әділ қазылар алқасы барлық кезеңнің ұпайларын жинақтап, жеңімпаз командаларды анықтады. Нәтижесінде үздік шыққан топтарға I, II, III орындар бойынша диплом мен қаржылай сыйлықтар, ал байқауға қатысқан қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Ал келесі күні «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті» атты тақырыптық семинар-тренинг Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының мәдениет үйінде өтті. Бұл күнгі бағдарлама да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы отбасылық тұрақтылықты нығайту және тұрғындардың психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Отбасылық шиеленістердің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың таралуына жол бермеу, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы шақырылған білікті мамандар қатысып, тұрғындарға практикалық кеңестер мен нақты әдістемелік бағыттар берді.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.