Қалалық қоғамдық-саяси газет

8 айдан бері ірің ағып жатыр: Шымкентте қарапайым ота жасатқан қыздың ауруы асқынып кетті

0 663

Шымкентте шағын ота жасату үшін пышаққа түскен қыз 8 айдан бері ауруханада жатыр. 24 жастағы Әсел Қоқанова өкпесінен өскін шығып, соны алдырту үшін қалалық клиникалық ауруханаға барған. Хирург 20 минутта бітеді деген ота төрт сағатқа созылып, содан бері қыздың хәлі нашар,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Әселдің өкпесінде өскін бар деп учаскелік емхана сәуір айында оны 1-ші ауруханаға жөнелткен. Айдар Шалабаев есімді кеуде хирургы ары кетсе 20 минуттық операция деп дереу ота жасапты. Бірақ 20 минут дегені 4 сағаттан асып, содан бері Әселдің хәлі нашарлап кеткен. Ауруханаға күнде келіп, жарақатын байлатып жүргенде туберкулез таяқшасы түсіп, соңғы 5 айдан бері тубдиспансерде жатқан қыз енді анасына жылап хабарлама жіберіп жатыр.

Қыздың көз жасына шыдай алмаған туыстары бұл жолы ауруханаға келді. Операция жасаған хирургтен бастап, бас дәрігерге дейін шақырған. Бірақ басшының орынбасарларынан басқа ешкім шықпады.

“20 минуттың аяғы міне өкпеде өскін бар деген. Сол кистаға диагнозды жөнді қоймаған. Диагнозды қоймағандықтан, өзінің жұмысына салғырт қарағандықтан менің қызым 8 айдан бері бір қарыс ашық бітпейді. 8 айдан бері ірің ағып жатыр”, – деді науқастың анасы Әсем Қадырова.

8 айда 30 килограмм тастаған Әселдің құр сүлдері ғана қалған. Ота кезінде пышақ тиген тұсы қарыс сүйем болып бітпей қалған. Дәрігердің салғырттығынан қызым жарымжан болды деген анасы Шымкентте ем табылмаса басқа ауруханаға жіберіңдер деп шырылдап жүр.

“Ешкімнен көмек жоқ. Облыстық департаментке де жаздым, министрлікке де хабарластым, бүгін таңертең қызыма порталмен квотамен жіберіңдер, ұшақпен жіберіңдер, қыз жарамайды ғой дедім. Олар: “Портал туралап жатырмыз, порталмен қалай апарсаң солай апар”, – дейді. Менің қызым жүруге жарамайды. Олар әшейін қағаз жүзінде журуге жаратып қойған. Қызым әжетханаға әрең барып келеді”, – деді науқастың анасы Әсем Қадырова.

Аурухана басшылығы болса ота жасаған Айдар Шалабаевтың операцияны шала жасағанын мойындайды. Тіпті, тексеріс болып қатаң сөгіс жарияланғанын айтады. Тек осыған дейін қыздың денсаулығына атүсті қараған дәрігерлер енді көмекті аямаймыз деп отыр. Естемісов, Шымкент қалалық №1клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары: –

“Келесі аптада науқастың туыстары келісім беретін болса біз қайтадан сол жаққа шығып, емделуге жіберуге әрекет жасаймыз.  Қажет болса шығындарын көтереміз”, – деді Шымкент қалалық №1клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Естемісов

Дәрігерлерге сенсек квотаны айлап күткен науқас келесі аптадан қалмай Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласындағы емдеу орталығына жіберіледі. Ал квотаны бөлдіріп, барлық шығынды көтерем деген ота жасаған хирургтің өзі екен. Әзірше сөзге сенген Әсел Қоқанованың туыстары ақхалаттылар уәдесінде тұрмаса аурухана басшысынан бастап, хирурге дейін сотқа сүйремекші.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.