Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зиянды әдеттен қалай арылуға болады?

0 146

БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан алкоголь салдарынан болған өлім деңгейі ең жоғары елдер рейтингінде 10-шы орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, жыл сайын әлемде алкогольдің әсерінен болатын аурулардан 3 миллионнан астам адам қайтыс болады. Жер шарындағы әрбір 20-шы адам алкогольді тұтыну салдарынан қайтыс болады, олардың 75 пайызы – ер адамдар.

Елімізде маскүнемдікпен күрес жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында кезең-кезеңмен келелі жұмыстар жүргізіп келеді. Алайда мемлекет алкогольге тәуелділікпен күреске қанша жерден күш салса да, бұл мәселенің бәрібір әлі де өте өткір түйткіл болып отырғаны бар.
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Ондағы басты міндеттер – халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту. Ал ең бір маңызды жоспарлы индикаторлардың бірі – 2025 жылға қарай елімізде азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі және 18 жастан асқан адамдардың таза спирт литрімен тіркелген алкоголь тұтынуын 6,5 литрге дейін азаюы.
Алкогольді ішімдіктер адам ағзасына тигізетін тікелей зияндарын айтпағанда, мастарды неше түрлі қылмыстарға итеріп жатады. Теріс әлеуметтік салдары мол. Қоғамдық тәртіпті бұзатындар, қылмысқа барғандар арасында мас тұлғалар көптеп кездесіп жатады. Мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік апаттарынан қаншама жазықсыз отандастарымыздың өмірі қиылып, денсаулығына зардаптар келіп жатыр.
Алкогольге тәуелділіктен отбасылар ажырасып, оның зардабын балалар тартуда. Тіпті маскүнем ата-анасынан, ішкіш ересектерден көргенін қайталап, жасына жетпей ішімдікке үйір болатын балалар да кездеседі. Алкогольге тәуелді отбасыларда физикалық және психикалық денсаулығы кеміс балалар дүниеге келіп жатады. Осының бәрін қорыта келгендегі айтпағымыз, бұл мәселеге барынша зор мән берілуі тиіс.
Алкоголь тұтыну – Қазақстан-дағы аурулардың жалпы ауыртпалығындағы негізгі қауіп факторларының бірі. Бауыр циррозынан және жарақаттанудан болған еліміздегі еркектер мен әйелдер өлімінің елеулі себебі ішімдік ішу екен. Бұл – бірінші кезекте ойланатын, мән беретін мәселе.

Бақытбек ЖҰМАЛИЕВ, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.