Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жырдың жампоз жүйрігі Жансүгіров

0 1  912

Биыл қазақтың үш арысының бірі, қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің туғанына – 125 жыл. Жүйрік журналист, жалынды ақын, білікті аудармашы, баспасөздің сыр-сипатын жақсы игерген қаламгер Жансүгіровтің өмір жолы тауқыметке толы болғанымен, шығармашылықтың шыңына шыққан қаламгер еді.

Қазақтың суреткер ақыны 1894 жылы 14 мамырда бұрынғы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Болашақ тау тұлғаны тағдыр сәби шағынан сынап шынықтырған екен. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсіпті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Ақын өз естелігінде балалық шағы туралы: «Менің жылымды «жылқы» дейді, онысы 1894 жыл болатын. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнді, сағатыңды қайдан табарсың?! Анамды аз білемін, төрт жасымда жетім қалдым. Әліпбиден әкем өзі оқытты. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді», – деп жазыпты.
Құлагер ақыны 1912 жылы Қарағаштағы «Мамания» мектебіне қабылданып, аз уақыт оқыған соң, түрлі себептермен оқуын жалғастыра алмайды. Десе де, құйма құлақ бала ауылдағы ақсақалдардың айтқан әңгімесін тыңдап өскені өзіне үлкен мектеп болғанын өз естелігінде: «Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң, өлең, кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек», хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым», – деп жазған екен.
Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Ұлтына адал азамат оқуын жалғастыра жүріп, Алаш баласын ағарту мақсатында «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығаруға белсене атсалысады. Журналистика саласында өзіндік жолын қалыптастырған Жансүгіров оқуын үздік нәтижемен аяқтаған соң ауылына аттанып, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы «Тілші» газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген «Жетісу әйелі», «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған.
«Жансүгіровтің журналистік жолы – өскелең ұрпаққа үлгі» дейді белгілі жазушы, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Түркі әлемі әдебиеті» сыйлығының иегері Дәурен Қуат.
– Ілияс журналистикаға нақтылықты алып келді. Жоғары оқу орындарында Ілиястың журналистикасын оқытса деген ұсынысым бар. Басылымдарда қызыл сөз көбейіп кетті. Осыдан қашуымыз керек.
Журналистердің ұстазы Темірбек Қожакеев Ілиястың қаламға деген адалдығын бағалап, «Ірілік» деген мақала жазған еді. Сонда Жансүгіровтің журналистік шеберлігіне ерекше тоқталып: «Губерниялық газеттерді жабайық дегенше, жамайық дейік, жаңаларын шығарайық. Шыққандарын шынықтырайық! «Бостандық туы», «Тілші» газеттері нашар болса, партия орындары, «Еңбекші қазақ» көмектесіп, оңалтудың жолдарын көрсетейік. «Еңбекші қазақ» Сырдарияда шығады, ол өңірге сол да жетеді деу де қате. Ол губернияда да бір шаруа газетін шығару керек. Газеттерімізді нашар десек те, олардың атқарып отырған жұмыстары, жұртшылықты түзеуге сіңіріп отырған, қара халықты тәрбиелеп, мәдени тілектерін өсірудегі маңызы, тындырғаны өте көп. Солардың арқасында өсіп келеміз, партия тамыры ауылға жайылып келеді, – деп Ілекең газетті қысқартсақ дегендердің пікіріне біржолата тойтарыс берді», – деген еді мақаласында. Ілиястың журналистік ұстанымын жоғары бағалаған Темірбек Қожакеев: «Ілияс жүйрік журналист, баспасөздің сыр-сипатын жақсы игерген қаламгер болғаны анық. Әрбір ағат пікірді аңғара біліп, оның терістігін түсіндіре, қоғам пайдасы үшін түзете қоюға, ол жөнінде сындарлы да әділ пікір айтуға даяр тұратын ел ағасы болғанын байқаймыз. Бұл – Ілиястың ірілігі», – дейді Д.Қуат.
Талабы таудай талантты жас Ілияс Талдықорғанда тұрақтап қалмай, 1925 жылы Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі. Бүгінде аталған институттың мұрағатында Жансүгіровтің: «Саяси дамуы орташа. Тәртіпті және ұстамды. Белсенділігі орташа. Парттапсырмаларды қанағаттанарлық орындайды», – деп жазылған мінездемесі әлі күнге дейін сақталған екен. Мәскеуден білімін толықтырып оралған ол 1932 жылы Жазушылар одағының ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңірді. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.
Жыр дүлдүлі Жансүгіров өз дәуірінде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды. Ақынның алғашқы жырлары – «Сарыарқаға», «Тілек» атты өлеңдері. 1917 жылы Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде басылған. 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі жарияланды. 1928 жылы «Сағанақ» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, «Жетісу суреттері», «Күй», «Күйші» сынды классикалық шығармалары – қазақ әдебиетінде өзіндік орын алған кесек шығармалар қатарында. Ал ақын қаламынан туған, кейін қазақ фильмінің алтын қорын толықтырған атақты «Құлагер» поэмасы көпшілікке жақын таныс. Кесек шығарма туралы белгілі әдебиет зерттеушісі Мұхамеджан Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғырлаған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады», – деп баға берген екен.
Жалпы қазақ әдебиетінде Абайдың алар орны ерекше. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлы ойшыл туралы «Қазақтың бас ақыны» деген мақала жазғаны бәрімізге мәлім. Ілиястың да Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде: «Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым», – дейді.
Шынымен, Ілияс Жансүгіров – қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары – қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.

Айгерім САУҚЫМБЕКОВА,
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ
«Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және мониторинг» бөлімінің маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.