Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл деп, ұлт деп өткен өмірден

0 2  008

Биыл ана тілінің жанашыры, сонау сексенінші жылдардың ортасында астанамыз Алматы қаласындағы мектептер мен балабақшаларды қазақыландыруға айтулы үлес қосқан Шона Смаханұлының 100 жылдығы. Қазан айында аталып өтетін бұл датаға дайындық қазірден басталып кетті.

Халықшыл қаламгер

Атадан жалғыз тұяқ, жетім өскен Шонаның тағдыры да талайлы. Балалығы өткен ғасырдың басында, яғни 1932 жылы ашаршылықтың екінші толқынымен қатар келген ақын Талас ауданындағы Тамды ауылының маңында ұйымдастырылған Ақшұқыр жетімдер үйінде өседі. Шона өзінің әр шығармасында жиі айтатын нағашысы Дағайдың оған жасаған жақсылығы көп. Оу бастан сол кездегі саясаттың шоқпарына іліккен Дағай жиенінің болашағына алаңдап, жетімдер үйіне өткізген екен. Жалпы осы жетімдер үйінде Шонамен бірге Сейілбек Әбдиев, Смағұл Молдабековтер де бірге болған. Сол жетімдер үйінде өскен осы азаматтар кейін елге белгілі тұлғалар болды. Соғысқа қатысып, қан кешті, одан кейін қалпына келтіру жылдары бейбіт өмірде еңбек көркін қыздырып, ел құрметіне бөленген жандар.
Бұл Таластың топырағы текті ғой. Талайлардың табанын қыздырған киелі өлке. Кімдер түлеп ұшпады бұл өлкеден?! Батыр да, ел таныған ақын да, шешен де. Қоғам мүддесін ел үдесіне жаратуды мұрат еткен қайраткерлердің өзі бір төбе. Мен Шөкеңді – Шона Смаханұлын үш рет көрдім. Онда да өзі сағынып келетін туған жері Ойығында…
1974 жылы Шона Смаханұлының 50 жылдық мерейтойы өзінің туған елінде аталып өтті. Сейілбек ауылы (Бестам) маңындағы Ілебай сайына бірнеше киіз үй тігіліп, ақынмен бірге келген атақтары дардай ақын-жазушылардың барлығы дерлік құрметтің төрінде болды. Сонда мен бесікте жатқан сәби екенмін. Әбді әкем (атамды солай атайтынмын) мен Дәмен әжемнің үйіне түнейді бірқатар қонақтар. Қоңыр күздің салқын таңында ерте тұрып, бие сауған әжем бесікті жанына әкеліп қояды. Ерте тұрған Шона биенің бауырында отырған жеңгесінің жанына жақындап: «Паһ, шіркін, мынаның буы бұрқырап тұр ғой», – деп шикі сүттен тартып салыпты. Таңғы салқынмен бойына сіңген саумалдың буына рахаттанып тұрып, бесікте жатқан маған жақындап: «Мына бала жаурамай ма? Тіпә, тілім тасқа, үлкен азамат болсын!», – деп аузыма түкірген екен…
1987 жылы қазақ документалистері Шөкең туралы деректі фильм түсірді. Талас, Көктал өзендерінің жағасында Шона аға өлең оқыды. Сейілбек атам мен Мадира анамның сүйегі асыл, ақ шағаладай аппақ киіз үйі тігілді аулаға. Әйтеуір сол жолы жарық аз болды ма, әлде басқа себептер ме, киіз үйдің жарты жабуы түсірілді. Керегені жағалай отырған ауыл ақсақалдары. Шәкір, Ірге, Сейілбек, Шона төрде отыр. Шөкеңнің бойы аласалау. Бір кезде бір пысықай жігіт: «Аға, сіз көрінбей қалдыңыз», – деп Шона ағаға орындық әкеліп берді. Қолына домбырасын алған Шона аға ән салып отыр. Тағы әлгі пысықай жігіт маған қарап: «Қолыңдағы сағатыңды шеш, камераға шағылысып жатыр», – дегені. Әйтеуір, түсіру жайы ұзап кетті ме, Шона ағам шорт кетіп, әлгі жігіттің біраз «сыбағасын» бергені есімде.
Сол жылы қыста Алматыға бардым. Алғаш баруым, жанымда Гүлжан әпкем бар. Қали ағаның үйіне түстік. Ертесіне ағам мен әпкем қаланы аралатты. Орталық алаңнан өтіп барамыз. «86-ның сойқаны осы жерде болған. Жастар мына көпқабатты үйлерге қарай қашып, паналаған. Әй, сонда қаракөздеріміздің өзі есіктерін ашпай қойған ғой. Шона аға да осы оқиғаның ортасында болды ғой», – деді Қали ағам. «Достық» алаңымен (Ленин көшесі) төмен түсіп келеміз. «Мына Калинин көшесінде Шона ағам тұрады» деді ағам. Кейін Қали, Болат ағаларыммен барып амандасып қайттық Шөкеңе.
1988 жылдың көктемі. Мектептен келсем, үйде Шона отыр. Жанында Аманкүл апам, қызы Құралай. Дастарқан мол жайылып, әңгіме-дүкен қызған. Түстеніп болып, ауладаға өз шаруама кеткенмін. Сейілбек атам шақырды: «Жүр, Шөкеңді шығарып салайық», – деді. Бұл сағат төрттер шамасы, Кеңестен Қаратауға қатынайтын автобустың келетін уақыты.
Шона елге келгенде өзгелер секілді обкомның немесе аудандық партия комитетінің есігін қағып, волгасын мініп жүрмейтін. Қарапайым автобуспен жүретін. Сонда ауылдағы ағалары «Атың бар, ел адамысың, волга мінсең болады ғой» дегеніне, Шөкең: «Менің автобуспен жүргенім жақсы, шығармамның кейіпкерлерін көрем», – деп жауап береді екен.
Шөкең мен Секең алдымызда, біз соңында ілесіп келеміз. Ол кезде ауыл көшелері қайбір оңсын, шұқыр-шұқыр. Аялдамаға жақындап қалғанымызда Шөкең сондай бір шұқырды аңдамай басып, тобығын тайдырып алды.
– Ойбу, Шөке, байқамадыңыз ба? – деп әлек болып жатыр Секең.
– Сәке, түк қылмайды. Тобықтың тайғаны түк емес, ауырар да қояр, тіліңнің тұғырынан тайғаны қиын, жаныңа батады, – деді Шөкең.
Сөйтіп, екі асыл ағаның әңгіме ауаны қоғам, тіл, ел, ұрпақ мәселесіне көшкен еді. Автобус та уақытында келіп, Шөкеңдерді Қаратауға шығарып салдық. Ал сол жылдың күзінде Шона Смаханұлын мәңгілік сапарға шығарып салдық.
Шона Смаханұлы елге келген сайын ауыл түгел аралайтын. Ол кісінің өмірінің соңында ауылға аңсары қатты ауды. Тіпті сол жылдары Ойық кеңшарының директоры болған, марқұм Ералы Дадабаевқа 12 беттік оқушы дәптерін толтырып, өлең де жазған екен. Сондағы тілегі – «елге келсем, далаға келгендей болмайын, үй салып беріңдер» деген тілек екен. Өкінішке орай, сол оқушы дәптерін таба алмадым.
Шона Смаханұлы мен Сейілбек Әбдиев – өмірде жақсы сыйласып, бір-бірінің қадірін білген жандар. Балалық, қала берді жастық шақтары қатар өткен. Қуаныш, қайғыларын тең бөлісіп, тағдырдың маңдайға жазғанын азаматтық болмыстарымен көтере білді. Оның дәлелі – араларындағы сыйластық, сырластық. Өмірдің әр кезеңінде бір-бірін қолдап отырған. Секеңнің мұрағатында Шонамен екеуінің жазысқан хаттар әлі күнге дейін сақтаулы.
1994 жылы Шона Смаханұлының 70 жылдығына орай туған жері Талас ауданында жыр мүшәйрасы ұйымдастырылады. Ауылдағы Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде өткен шараға қатысқан ақындар – Есалы Қырықбаев, Серік Томанов, Шорабек Айдаров, Сабырғали Рысбаев, Асқарбек Айдаровтар жеңіс тұғырынан көрініп, ақын Серік Томановтың «Көктен түс! Көке, көктен түс…» деген өлеңі бас жүлдені жеңіп алады. Сонда жыр додасына қатысқан ақындардың барлығы дерлік өзінің шәкірті екенін мақтан еткен ұстаз Есалы Қырықбаев: «Бұл додада менің мерейім үстем болды», – деп бір марқайған екен. Өмір көші тоқтамайтыны анық. Бүгінде Есалы аға да, жыр додасында бас жүлдені жеңіп алған Серік Томанов та жоқ ортамызда.
Сол тоқсаныншы жылдардың басында елімізде бірнеше мектептерге Шона Смаханұлының есімі берілді. Өзі ортасында жүріп, қазақтілді мектептердің ашылуына үлес қосқан Алматы қаласындағы №62 лингвистикалық қазақ гимназиясы, Тараз қаласындағы №44, Талас ауданы Сәду Шәкіров ауылындағы орта мектептер мен Сейілбек ауылындағы негізгі мектепке ақынның есімі берілді. Ақкөл ауылы аудан орталығы болып тұрған жылдары осындағы кинотеатрға да Шона есімі берілген болатын. Өкініштісі, тоқсаныншы жылдардың ортасындағы тоқыраудың салқын лебі осы ғимаратқа тиіп, жермен жексен болып бұзылып кетті.
Шона Смаханұлының шығармалары насихатталып-ақ келеді. Ақынның шығармашылығын зерттеп-зерделеуде елімізге белгілі ғалымдар – Жанғара Дәдебаев, Рахымжан Тұрысбеков, Сәмен Құлбарақ «Шонатану» ғылымының негізін қалады деуге толық негіз бар. Сондай-ақ Шона шығармашылығы хақында сол кездегі «Әулиеата» Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Раушан Ордабаева кандидаттық диссертация қорғаған болатын.
Шона Смаханұлының 90 жылдығында Тараз қаласындағы бір көшеге ақын есімін беру туралы дабыл қаққан болатынбыз. Иә, бүгінде облыс орталығында ақын атындағы көше бар. Тек, өкініштісі, елеусіз, қала аумағына қосылған саяжайлардың біріндегі ұзындығы бір шақырымға жетпейтін көшеге есімін бергенін қалай түсінуге болады?

«Анамның тілі, аяулы үні» әні қалай жазылды?

Шона Смаханұлы елде жүргенде Талас аудандық «Екпінді колхозшы» газетінде жауапты хатшы болып еңбек еткені бар. Сатираның сардары жазған біраз әжуә өлеңдері биліктегілерге ұнамасы анық. Дегенмен әдеби шығармашылық ортаға жақындап, таза творчествомен айналысуды мұрат еткен ақын 1959 жылы Алматыға келеді. Алғаш Алматы маңындағы «Өжет» ауылында пәтер жалдап тұрады. Келгеннен-ақ ақын астана жұртшылығының, әсіресе қаракөздеріміздің ана тілге деген құрметі төмендеп, орыстанып бара жатқанын сезіп, бұған жүрегі ауырады. Ұлтжанды азаматтық қайраткерлік жорығы осы кезден бастау алды десек артық айтқандық емес. Ақынның «Анамның тілі, аяулы үні…» өлеңіне ән жазған композитор Әбиірбек Тінәлі өз естелігінде былай дейді:
– 1975 жылы Жамбыл ағарту училищесіне түскен кезім. Бір күні бөлмеде жалғыз қалдым. Қолымда Шона Смаханұлының «Қоңыраулы шеңгел» кітабы. Актер болғандықтан сатирасын жаттаймыз. Жинақтағы өлеңдердің 97 пайызы сатиралық өлеңдер. 3-4 лирикалық өлең жүр. Бірінші өлеңі «Анамның тілі, аяулы үні» деп тұр. «Мына өлең тіл туралы екен-ау» деп ойладым. Бір жағынан өзі қайырма, өзі ән сұрап тұр. Ыңылдап біраз күн жүрдім. Өзім бірінші курстамын. Содан ән шықты. Дәріс беретін Күлән Шілдебаева деген ақын апайымыз бар еді. Әнді тыңдап, мақтады. Содан арада жеті-сегіз жыл өтті. Біреулер әнді Әсеттікі, Шәмшінікі, Нұрғисанікі деп жүрді. Тіпті радиода авторын дұрыс айтпай жүрді. Енді, әркім өз баласын іздейді ғой. Сонымен, тәуекел деп Жүніс Әлімбеков екеуміз Алматыға тартып кеттік. Мақсатымыз – әннің сөзін жазған Шона ағамен кездесу. Ақынға жолықтық. Қонақжай кісі екен. Келген мақсатымызды, әннің қысқаша тарихын баяндадым. Бұл ән менің тұңғыш әнім болатын. Шона аға да әннің авторын іздеп төрт облысқа хат жолдағанын айтты. Содан біраз әңгіме-дүкен құрып қайттық. Елге келгенде автормен кездескенімізді мақтанып айтып жүрдік. Бірде театрға кіреберісте Мағзұм Бақытжанов ағам жолығып қалып: «Сүйінші, Әбеке! Сенің әнің шығыпты», – деп қарсы алды. Қарасам, «Қазақстан пионері» газетіне «Сүйінші, халқым! Сүйінші!» деген айдармен «Анамның тілі» әні нотасымен беріліпті. Ұмытпасам, бұл 1984 жыл болу керек. Кейін бұл әнді үйде қонақ болған Шәмші ағама орындап беріп, батасын алғаным бар. Шона Смаханұлының жүрегі ұлт деп соққаны анық. Ол кісімен жүздесіп, пікірлескен уақыт та тарих қойнауына кетті-ау.

Ерман ӘБДИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.