Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жыр алыбына құрмет

0 206

Биыл еліміз қазақ пен қырғызға ортақ ақын, ғасыр жасаған абыз, әйгілі айтыскер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтеді. Ақын есімімен аталатын жалғыз өңірде айтулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі басталып кетті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қара домбыраны қолға алып, алаштың ұлық өнерін бар ғұмырына арқау еткен, батырлықты, асқақ рухты жыр еткен тұлғаның есімін әуелгілердің бірі болып «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейі ұлықтады.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өңірдегі белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы-драматург Елен Әлімжан, «Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры Қуаныш Дәуренбеков, айтыскер ақын Есет Досалы, ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаманның қатысуымен «Ұлыстың мақтанышы– Ұлы Жамбыл» атты дөңгөлек үстел өтті.

Басқосу барысында алғаш сөз бастаған қаламгер Елен Әлімжан көкейінде жүрген өз ойларын ірікпей айтып, жыр алыбы Жамбылдың Мәскеудегі онкүндікке барған сапары хақында ой қаузады.

– 1970 жылдарға дейін хакім Абай туралы төрт мыңнан астам мақала жазылған болатын. Міне, жыр алыбы Жамбылды тереңірек зерттеп, оның болмысы мен шығармашылығын жаңа қырынан ашатын уақыт жетті деп есептейміз. Абайды «ақындардың пайғамбары» деп атаған да сол Жамбыл Жабаев емес пе еді! Ал ондай бағаны беру үшін өре керек, сауатты болу қажет. Жамбылды ешкімнен жеңілмеген дейміз. Бірақ Жәкең ұзақ жыл айтысқанда, ақын қыздардан жеңілген сәті болған деседі. Ол туралы шәкірті Кенен Әзірбаев баяндағанда, қыздармен айтысу ерекше қиын екенін алға тартқан, – деді жазушы.

Елен Әбдуатұлы сондай-ақ сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында ресейлік қаламгерлердің бірі «Ленинград – Жамбыл көшесі» атты әңгімені аударғанын айтты. Мұнан соң жиынға қатысқан меймандарға жас Жамбылдың (Бақытжан Байкүшіков) ұстазы Сүйінбайдан (Әнапия Ахметов) бата алған сәтінен көрініс ұсынылды.
Басқосу барысында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәуренбеков те өз ойын ортаға салды.

Ол 1937-1938 жылдары қазақ халқының қаймақтары қуғын-сүргінге ұшырағанда қарт Жамбылдың Мағжан, Сәкен, Бейімбеттерге болысып, оларды қорғауға ниетті болғанын, сол үшін жазаға да іліккенін баяндады. «Ақсақалда нелерің бар?» деп Сталиннің өзі қорғап қалғаны туралы деректерді алға тартты. Ол өз сөзінде аталған басқарма тарапынан алдағы ақпан айында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық мүшәйра, республикалық ақындар айтысын, республикалық конференция өткізуді жоспарлап отырғандарын тіліне тиек етті.

Бұдан кейін айтыскер ақын Есет Досалы биылғы республикалық «Жамбыл– менің жай атым, халық – менің шын атым» айтысына өңіріміздің мықты деген айтыс ақындары жолдама алып отырғанын айта келіп, жамбылдық жыр дүлдүлдерінің әр айтыста Жамбыл туралы айтқан үздік шумақтарын оқып берді. Мұнан соң ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман жыр алыбының 175 жылдығына орай республикалық деңгейде шығармалар байқауын (проза, поэзия бойынша) өткізу туралы ұсынысын жеткізіп, Жамбыл туралы өміршең дүниелер жазылса деген тілегін айтты.

Құнды пікірлер ортаға салынған бұл шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік мәдени-тарихи қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев қорытындылап, аты аңызға айналған Жамбыл бабамызға деген құрметтің жыл бойы толас-тамайтынын айтып, қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ меймандарға жыр алыбының бір шумақ өлеңі жазылған арнайы статуэтка мен тарихи кітаптарды сыйға тартты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.