Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жыламай тыңдау мүмкін емес»: Қытай түрмесінде жатқан Ақжарқын Тұрлыбайға арналған бейнебаян шықты

0 233

Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға арналған бейнебаян жарыққа шықты. «Анаға хат» әнін жас әнші Арайлым Маханбетжанова орындаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аталған әннің алғашқы орындаушысы – марқұм Ажар Түзелбекқызы. Оның бейнебаянында да есірткімен ұсталған қыздың оқиғасы көрсетіледі. Осы ретте туындының авторы Жәудір Артықбаева әншінің бастамасына сәттілік тілеп, алғашқы клиптің тарихы туралы айтып берді.

«Ажар ең алғаш осы әнді клипімен көрсеткенде, неліктен соншалықты криминалға айналдырып жібергенін сұрап едім. Онда да жігіті тексерісте анашасын қыздың сөмкесіне салып үлгереді де, түрмеде отырып анасын сағынады.

Мен бұл әнді бірінен соң бірін босанып, төркініме, яғни анашыма үш-төрт жыл бара алмай, сағынған сәтте туылған ән еді. Студент те, алыста тұрмыстағы қыз да, жұмыспен шетте жүрген жан да ең бірінші анасын сағынады. Өмірдегі шынайылықтармен байланыстырса ғана жүректен шыққан ән жүрекке жетеді ғой», – дейді Жәудір Артықбаева.

Ал желі қолданушылары әннің жүрекке жеткенін айтып, әншіге алғыс білдірді.

«Жыламай тыңдау мүмкін емес. Анасының бауырына, құшағына тезірек келсінші. Алла сабыр берсін. Сырт елде не көріп жатқаны белгісіз», «Ақжарқын Тұрлыбайға бостандық. Аллаһ Тағала тезірек елге оралуына, анасымен қауышуына жол салсын», «Өте әсерлі орындау, рахмет. Соңында жүрегім толқын кетті», – деп пікір білдірді тыңдармандар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.