Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол жобасы сәтті жүзеге асып жатыр

0 259

Биыл Жамбыл облысында жол саласы бойынша 1145 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оған 30,2 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Атқарылған жұмыстардың ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасының үлесі 23 жобаны құрап отыр. Оған бюджеттен 8,3 миллиард теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жүзеге асып жатқан 84 жобаға 2,4 миллиард теңге, «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша 843 жобаға 15,2 миллиард, Үкімет резерві бойынша 96 жобаға 1,9 миллиард, жергілікті бюджеттерден 99 жобаға 2,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Өңірде 1 346,2 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жоспарланған десек, оның 180,5 км – облыстық маңызы бар, 139,3 км – аудандық маңызы бар, 1026,3 км – елді мекен көшелері. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен 3 ірі жоба іске асып жатқандығын айтып өту керек. Олар: «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық автомобиль жолдарын қайта жаңарту және Қырғыз Республикасының шекарасына қарай ұзындығы 16,1 км болатын Тараз қаласының оңтүстік айналма автожолының құрылысы.

– Ағымдағы жылдың аяғына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайыздан 90 пайызға, елді мекен көшелерін 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Автожолдарды салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапаны бақылауды тапсырыс берушімен бірлесіп «Жол активтерінің сапа орталығы» ШЖҚ РМК тұрақты түрде жүзеге асырады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандар 53 нысанды тексеріп, 17 бұзушылықты анықтаған. Автомобиль жолдарының құрылысы, қайта құру және күтіп ұстауды бақылау бойынша мониторингіні «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі арқылы жүргізуде. Сонымен қатар жөндеу-құрылыс жұмыстарын «Nur Otan» партиясы, «Jas Otan» жастар қанаты белсенділерінен, облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармалары мен бөлімдерінің мамандарынан құрылған мобильдік топ өкілдері де қадағалап отырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.