Қалалық қоғамдық-саяси газет

Электронды төлем жүйесі енгізіледі

0 183

Осыдан екі ай бұрын тараздық тұрғындар қоғамдық көліктерге «Tulparcard» электронды төлем жүйесі енгізіледі деген жаңалықтан хабардар болған еді. Бүгінде жүйенің толықтай жүзеге асуына байланысты нақты шаралар жүргізіліп жатыр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев, Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков және «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директорының орынбасары Мирас Сәдуақасов толық баяндап берді.

Тараз қаласында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктерге электрондық жол жүру картасы арқылы төлем жасау үшін төлем қабылдау валидаторлары мен терминалдары орнатылуына байланысты 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап жол жүру ақысы электрондық төлем карталары арқылы жүргізілетін болады. Бұл ретте жолақысын электрондық жол жүру картасы арқылы төлеу кезінде барлық жолаушылар үшін – 65 теңге, мектеп оқушыларына – 30 теңге, ал жолақысын қолма-қол ақшамен төлеу кезінде барлық жолаушылар үшін – 130 теңге, мектеп оқушыларына 65 теңге мөлшерінде сараланатын тариф белгіленген. Электрондық жол жүру төлем карталары белгіленген мекенжайларда орналасқан пунктерден және ірі сауда орындарынан сатып алуға және толтыруға болады. Аталған төлем жүйесі, әсіресе, қала мектептерінде бала оқытып отырған ата-аналар үшін тиімді болып отыр. Картаның көмегімен олар балаларының жүріс-тұрысын, барған жерлерін бақылай алатын болады.

– Мектеп оқушыларының көлік карталары бойынша аты-жөні, тегі және фотосуреті көрсетілмеген дайын карталар алынып, осында, яғни Тараз қаласында қажетті ақпарат енгізіледі. Арнайы принтерге тапсырыс беріліп, сатып алынды. Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімімен көлік карталарын пайдаланатын қала аумағындағы мектеп оқушыларының тізімі әзірленуде. Сонымен қатар оқушылар пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығына келіп, ТК-ға тапсырыс бере алады. Дайындалу мерзімі – 1 күн. Сондай-ақ tulparcard.kz сайты арқылы карталарға онлайн режимде тапсырыс беруге болады. Ол үшін барлық қажетті ақпарат ұсынып, банктік карта арқылы төлем жасау қажет. Дайын болған картаны қызмет көрсету орталығынан алады, – деді Асхат Қамқабайұлы.

Сондай-ақ «Qiwi» төлем терминалдары арқылы карталарға теңгерім толтыру мүмкіндігі іске қосылған. Алдағы уақытта «Касса-24» терминалдары және бірқатар банктердің мобильді қосымшалары арқылы теңгерім толтыру мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр. «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-мен көлік карталарын сату және толтыру пунктеріне 20 агент және бақылау-ревизиялық қызметке 21 жұмысшы қабылданған. Қазіргі таңда бағдарламалық қамтамасыз ету, «Tulparcard» жүйесінің серверлік жағын күйге келтіру және іске қосу жұмыстары аяқталды. Жүйенің ресми ақпараттық веб-сайты әзірленіп, қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта жүйенің атауы «Tulparcard» деп өзгеруіне байланысты веб-сайтта қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Андройд және Айос смартфондарға арналған мобильді қосымша әзірленуде. Бұл қосымшада жеке кабинет ашу, QR-код арқылы жолақысын төлеу, жасалған операциялардың тарихын қарау сынды мүмкіндіктер қарастырылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.