Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жер-ананың жағасын кірлетпейік!

0 236

Халықаралық тазалық күніне орай «Тектұрмас» этнокешені, Талас өзенінің жағалауында «Бір өзен, бір тағдыр» атты халықаралық экологиялық акция өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Бауырлас екі ел – қырғыз бен қазақтың ерікті жастары Жер-ананың иін қандырып, Талас өзенінің көзін қоқыстан ашып, сенбілік өткізіп, жағалауын тазалауға кірісті.

Маңайдағы жасыл желек, тал-дарақты нәрлендіріп, қос елге ортақ айнадай сәуле берген өзеннің сарқырап ағуына, көзі кірлемеуіне үлес қосып, білек сыбана кірісті. Табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық проблемалардың өзекті маңыздылығын жиналған қауымға түсіндірумен қатар, жастардың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырған шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қатысып, жастарды құттықтап, акцияның өтуіне үлес қосушыларға алғыс білдірді.

– Қазіргі таңдағы бүкіл әлемде туған қиыншылыққа қарамастан, барлығыңыз бірігіп экологияны, тұрғылықты жерді таза ұстауға атсалысып жатқандарыңызға рақмет. Мұндай сенбіліктер бұрыннан қалыптасқан, жастардың сол үрдісті жалғастырғандары – құптарлық іс. Жастар осы істі қолға алғанын көрген басқа тұрғындар да қолдау білдіріп, айналаны таза ұстауға атсалысады деп ойлаймын. Болашақ жастарда. Бәріміз бірге тек жақсы істің басында жүрейік, – деп ізгі ниетін білдірген Берік Болатұлы «Таза Қазақстан» бағытында жұмыс жасаған волонтерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Акцияға қатысушы жастар даланы әнге бөлеп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Жастардың арасында осы акцияға атсалысуға арнайы келген Самат Асқарұлы өз сөзінде:

– Өзен – біздің жұтатын ауаны нәрлендіріп, жан-жануардың, тал-дарақтың тынысын ашып, шөлін қандырып отырған тіршілік көзі. Ерікті жастардың атқарып отырған бұл ісі – көпке үлгі. Қаланың тынымсыз тірлігінен шаршағанда, табиғат аясына, осы өзеннің гүріліне құлақ түріп, жанына тыныштық іздеген қала тұрғындары мұнда түрлі қоқыстарын тастап кете барады.

Енді сондай кісілер осы сенбілікті ескеріп, ойланар деген ниеттеміз. Жан-жағымызды қоқыстан тазартып, өз айналамызға тек жылылық сыйлағанда ғана болашағымыз жарқын болатыны анық, – деді.
Мұндай жан сергітер игілікті іс – көпке үлгі. Жер-ананың жағасын кірлетпейік!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.