Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқорлықпен күрес жүйелі жүргізілуде

0 2  374

Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оны жою – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз осы әлеуметтік дертке бірге батыл қарсы тұруымыз қажет. Менің түбегейлі ұстанымым: мемлекет сыбайлас жемқорлықпен оны түп-тамырымен жойғанға дейін күресуі қажет», – деп атап өткен болатын. Сондықтан да қоғам дертіне айналған бұл індеттің алдын алу – ортақ міндет.

Бұл бағытта Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, бүгінгі күні қала әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Аталған комиссияның отырыстары тоқсан сайын өткізіліп, онда ішкі талдау жұмыстарының нәтижелері, сыбайлас жемқорлық бағытындағы зерделеу жұмыстарының қорытындылары мен мекеме басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарған жұмыстарының есептері қаралады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді жоспар құрылған.
Ағымдағы жылы әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша кешенді шараларды ұйымдастыру» жобасына қалалық бюджеттен 1 миллион теңге бөлініп, «Нығмет Нұры» қоғамдық бірлестігімен ілкімді істер қолға алынуда. Бұл жұмыстарға бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан да қолдау өте көп. Мәселен, баспасөз құралдарында мақалалар, әлеуметтік желілерде материалдар жарияланып, халық көп шоғырланатын орындарда буклеттер таратылуда және қаланың негізгі көшелеріне баннерлер орналастырылған. Бұған қоса мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдың 7 айында 718 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек тұрғын үй және жер телімдеріне кезекте тұрған азаматтардың тізіміне өзектендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Соның жарқын мысалы – бүгінгі күнге дейін жер телімдерінің кезегіне қатысты 5 891 азаматтың тізімі өзектендірілді. Игерілмеген жер телімдері бойынша да жер қатынастары және қалалық прокуратура қызметкерлерімен талдау жүргізіліп, нәтижесінде 138 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары атқарылуда.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым болуына байланысты мемлекеттік сатып алу жұмыстары да тұрақты бақылауда. Атап айтсақ, ағымдағы жылы қала әкімдігінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысы – экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі тарапынан жалпы сомасы 10,3 млрд теңгеге 429 лот бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Сонымен қоса мемлекетті сатып алу шаралары бойынша бөлім басшыларымен 3 рет семинар-кеңес ұйымдастырылып, бір көзден алу фактілері орын алған жағдайда жауапкершілігі қаралатындығы ескертілді. Соның нәтижесінде мұндай фактілер әлі күнге тіркелген жоқ. Биылға арналған іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 51 азаматқа консультациялық көмек көрсетілді.
Қала әкімдігінде білікті кадрларды қолдау, іскер қызметшілерді көтермелеу мақсатында меритократия қағидаты кеңінен қолданылуда. Мысалы, биыл меритократия қағидатына сүйене отырып 9 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалса, 5 жылдан аса қала әкімдігінде келісімшарт негізінде жұмыс істейтін 2 азамат мемлекеттік қызметке өтті.
Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түру мақсатында әр аптаның жұмасы күні тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеміз. Сонымен қатар орынбасарларым мен бөлім басшылары да бекітілген кестеге сәйкес қабылдау жүргізуде.
Айталық, ағымдағы жылдың 7 айында өзім және орынбасарларым жалпы 659 азаматты жеке сұрақтарымен қабылдадық. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың есепті мерзімен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Сонымен қатар қала әкімдігіне шұғыл мәселелерімен жүгінген азаматтарды дер кезінде қабылдау жүйесі қалыптасқан. Мұның да сыбайластықпен күреске серпін берері сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру барысында оның туындау себептерін анықтау және жою мақсатында нақты шаралар қабылданып, ішкі талдау жүргізу механизмі әкімдікте кеңінен қолданылуда. Осы орайда барлық мекеме басшылары тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы жоспар түзу және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, ішкі бақылауды жандандыру бойынша шаралар қабылданған.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс. Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайластық көріністерінің алдын алуды азаматтық ұстанымына айналдырған жағдайда ғана жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижелі болары анық. Сол себепті, қоғамымыздың дамуына кері әсер ететін, әлеуметтік шиеленістер туындататын келеңсіз жағдайларды болдырмауға бағытталған жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғасады.

Бақытжан Орынбеков,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.