Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желіде танысқан жігітпен кездеспей жатып, некелесуге рұқсатын берген: Әйелдердің жат ағымға еріп кетуіне не себеп?

0 703

Теолог мамандар балалар мен жасөспірімдерден бөлек, әйелдер де теріс діни ағым өкілдеріне сенуге бейім болатынын айтады. Олардың сөздеріне сүйенсек, бұған себеп – нәзік жандылардың табиғатынан сезімтал әрі эмоционалды болуы. Дінтанушы қыз-келіншектердің жат ағым өкілдеріне еріп кетуінің себептерін тізіп берді.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» маманы  Мөлдір Әшірбек орталықтың деструктивті діни ағымның жетегінде кеткендерге теолог, психолог, заңгерлер көмек беретінін атап өтті.

“Бізге әртүрлі тағдыр тауқыметін бастан өткерген нәзік жандылар келеді. Орталықтың маманы ретінде түрлі оқиғаларына куәміз. Біз барынша олардың жағдайларын түсіне отырып қол ұшын созуға дайынбыз”,- деп бастады әңгімесі Мөлдір Әшірбек.

Орталық қызметкері әйелдердің теріс діни ағымдар өкілдеріне тез еріп кетуін бірнеше себебін атады.

“Біріншіден, отбасынан жылулық көрмеуінің салдары. Адам ата-анасынан, бауырларынан мейірім көрмесе, жылулықты сырттан іздей бастайды. Салдарынан түрлі ағымдардың арбауына түсіп, жетегіне кетіп жатады»,- дейді маман.

Сондықтан ол діни білімнің болуында тәрбиенің де алар орны маңызды екенін тілге тиек етті. Сарапшының сөзіне сүйенсек, көбіне отбасылар заманауи ұстанымдармен жүріп, баланың білуі керек дүниелерін оған жеткізбей жатады екен.

«Тағы бір себеп салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жақсы білмегендіктен немесе діни сауаттылығы болмағандықтан, адамдар өзге ағымға оңай сенуі мүмкін. Оның үстіне қыз-келіншектер көбіне еліктегіш болып келеді. Көзге көрінген жылтыраққа қызығып, діни сауатсыздықтың салдарынан қателесіп өзгенің жетегінде кетуі ғажап емес”, – деді Мөлдір Әшірбек.

Теолог әйелдердің теріс діни ағымдарға еріп кетуіне ер азаматтар себепші болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, отбасылы келіншектер отағасының айтқанына көніп, артынан еруге мәжбүр болады.

“Нәзік жандылар тұрмысқа шыққан соң ер азаматына тағдырын сеніп тапсырып жатады. Сол себептен де олар отағасының дегенін жасап, қандай жолда жүрсе де жанынан табылуға тырысады. Осы тұста орталығымызға келген бір әйелдің оқиғасы есімізге түсіп отыр.

Бес уақыт намазын күнделікті оқып жүрген алматылық келіншек басқа қаланың тұрғынымен танысқан. Екеуінің әңгімесі жарасып, араға біраз уақыт өткен соң олар мұсылманша некелерін қиған. Тіпті тұрмысқа шыққан соң жұбайының айтуымен киім киісін, жүріс-тұрысын өзгертіп, ең ақыры теріс діни ағымның жетегіне ілескен. Алайда балалы болған соң ол күйеуінің басқа қалада тағы бір отбасы барын біледі. Өзінің адасып жүргенін баласы дертке шалдыққан кезде түсінген. Қазір бұрынғы күйеуі оларға материалдық жағынан жәрдемдесіп отырады. Өзі болса біздің орталықтан психологиялық көмек алды”, – деп қосты маман.

Мөлдір Әшірбектің сөзінше, мұндай жағдайға ұрынбау үшін отанасының өзіндік пікірі мен ішкі ұстанымдарының да маңызы зор. Орталық маманы қыз-келіншектердің оң мен солын ажырата алмай қалуына ғаламтордың үлкен әсері барын айтады. Оның сөзіне сенсек, көптеген бойжеткендер интернетті таныстықтың кесірінен кейін опық жеп жатады екен.

“Тағы бір себеп – әлеуметтік желілер мен интернет. Қыздардың көпшілігі, үйде отырған аналар кей сұрақтардың жауабын ғаламтордан табамын деп жүріп, мүлде ойға сыймайтын ақпараттардың шырмауына ілінуі мүмкін. Мұнымен қоса түрлі таныстықтың орын алатын әлеуметтік желілер де бар. Тағы бір оқиға:

Бойжеткен Instagram желісі арқылы бір жігітпен танысқан. Екеуара сөйлесіп жүріп, бір күні қыз желідегі сүйіктісінің жүзін көрместен, кездеспестен, бірден онымен некелесуге бел буған. Қайта анасы мұны дер кезінде біліп қойған. Кейін ол жігіттің теріс ағымда екені белгілі болды. Ал қыздың ойын дұрыс жолға қайта бұру үшін анасы біздің орталыққа әкелген еді. Міне, осындай оқиғалар кейбір жастардың басынан өтіп жатады”,- деді Мөлдір Әшірбек.

Сөз соңында теолог мұндай жағдайларға тап болмау үшін қыз-келіншектерге өз кеңесін айтты.

«Жоғарыда айтылған оқиғаларға қарап, әйелдердің эмоционалдық бейімділігіне байланысты деструктивті діни ағымдардың ықпалына тез түсуі мүмкін екенін көреміз. Мұндай кезде жеке бастағы психологиялық өзгерістерді байқап, оларға көңіл бөліп, алдын алу  өте маңызды»,- деп түйіндеді  маман.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.