Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар театрында жаңа маусым

0 268

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында «Дулати жастары» халық театры 14-ші маусымның шымылдығын түрді. Бұл жолы жас өнер ұжымы қалың көпшілікке Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын ұсынды.

Арайлы Жақсылық

Премьера шымылдығы түрілмей тұрып университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы мен қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану. Бұл бағытта қос тарап кешенді жұмыстарды бірге атқармақ.

Жеңіл әзіл, қағытпа қалжыңға құрылған қызықты қойылымды оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбеков көпшілікпен бірге тамашалады. «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы – бұған дейін бірнеше рет сахналанса да, өз көрерменін жоғалтпаған қойылым. Өйткені әзіл-қалжың мол, көруге жеңіл. Ауылдың белсенді жастарынан жасақталған шағын ансамбль Астанада өтетін фестивальге қатысып, мұнан әрі шетелге жолдама жеңіп алу керек болады. Ол үшін ансамбль құрамында тек қана қыздар болуы тиіс. Амалы таусылған музыкалық топтың жетекшісі ауылдың учаскелік полицейін қыз етіп киіндіріп, сахнаға шығаруға мәжбүрлейді. Алтынбек өзінің ғашығы үшін ғана қызметтік формасын қыздың киіміне ауыстыруға келіседі. Астанаға келген қыздарды композитор жігіт фестивальге дайындап, жолдаманы алып беруге келіседі. Тек бір ғана шартпен: ол қыздың образына кірген Алтынбекке ғашық болып, үйленбекші болады. Көрерменді күлкіге қарық қылған тұсы да осы. Спектакль соңында Алтын атты бойжеткеннің рөлін жоғары деңгейде алып шыққан Алтынбек өзінің әскери формасын киіп, сүйгенімен қосылады. Ал мұны көріп абдырап қалған композитор жігітке ансамбль жетекшісі ауылдан қыз тауып беруге уәде етеді. Бір сағаттан астам уақыт бойы езу жимай күлген көпшілік театр актерлеріне тік тұрып қошемет көрсетті.

Пьесада ТарМУ-дың 1-4 курс студенттерінен құралған «Дулати жастары» театрының жас актерлері өнер көрсетті. Аталған өнер ұжымы осымен 14-ші маусым өз көрермендерін жаңа туындыларымен қуантып келеді. Аталмыш комедияда өнер көрсеткен Абылай Абдықали, Ақбота Тлепиева, Нұрғиса Зұлпыхаровтар қойылымнан соң көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Бұл театр ұжымында бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп келемін. Бүгінгі Ыбырай Жарылғапұлының образы ауылдағы аңғал кісілердің мінезін көрсетеді. Өзім ауылда өскендіктен, бұл рөлді алып шығу қиынға соққан жоқ. Болашақта еліміздің үлкен сахналарында өнер көрсетуді армандаймын. Бүгінгі рөлім осы мақсатымның алғашқы сатылары деп білемін, – дейді жас актер Нұрғиса Зұлпыхаров.

Айта кету керек, бұл екі актілі шығарма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен биылғы Жастар жылы аясында ауыл мәдениетін көтеру және білімді, дарынды жастарды ауыл өміріне тарту мақсатында көрермен назарына ұсынылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.