Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – делінген.

Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан табылады. Ата Заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Ата Заңымыздағы осы айтылған қағидалар – мемлекетіміздің зайырлы сипатта екендігінің басты нышандары.

Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адам өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығы еліміздің барлық азаматтарының діни сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Оған азаматтарымыздың өз діни нанымдары себебінен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығының жоқтығы дәлел. Зайырлы мемлекетте азаматтық құқық пен заң алдындағы теңдік маңызға ие. Өйткені бүгінгі таңда елімізде теріс пиғылды діни топтардың (әсіресе, ислами теріс пиғылды топтар) теократиялық немесе клерикалды мемлекет құруға деген талпынысы зайырлылықпен тығыз байланыстағы құқықтық мәселелеріне, адамсүйгіштікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекет тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.

Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем артық айтқандық болмас.

Біздің республикамыздың діндераралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін хал-қадірінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз.

Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры әрі қамқоры Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің төрт съезі – соның жарқын көрінісі. Съездерге қатынасқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын.

Зайырлы мемлекет – мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде пайда болған, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген. «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы), яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады.

Жалпы адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.

Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Конституцияның 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады.
«Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз». Бұл – Елбасының зайырлылық пен дінсіздік ұғымын шатыстырып, адасқан қандастарымызға қарата айтқан кесімді сөзі. Десе де, келер күндерде кемшіліктер түзеліп, әлемдік деңгейдегі танымдық өлшемдердің барлығы жүзеге асады деп сенеді. Біз де үміттенейік!

Жуаныш Асанбаев,
Жамбыл облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған