Қазір көпшіліктің газдалған су, тез пісетін тағамдар және тәттілерге әуес екені жасырын емес. Әсіресе, жастар оның адам ағзасына қандай зиян келтіретінін ескере бермейді деп хабарлады turkystan.kz.
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов қазір жастар тез дайындалатын тағамдарды көп тұтынатынын айтып, алаңдаушылық білдірді.
«Жастарымыз неше түрлі пицца, гамбургер сынды тез пісетін тағамдардан шыға алмай жатыр. Егер халқымыздың денсаулығын жақсартамыз десек, ұлттық тағамдарымызды, соның ішінде құртымызды, шұбатымызды, айранымызды, ірімшігімізді, бауырсағымызды дәріптеуіміз керек. Бұл тағамдар қасиетінің кереметтілігі соншалық, сол арқылы біз талай қиыншылықтан аман қалғанбыз. Осы тағамдар арқылы ұлан-байтақ даламызға қол жеткіздік, алапат жауды жеңдік, араны кең аштыққа қарсы тұрдық…», – деп жазды ғалым Facebook-тегі парақшасында.