Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға тың мүмкіндік береміз!

0 639

№25 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат

Маймышев Бекбол Баянғалиұлы

Менің аты-жөнім Маймышев Бекбол Баянғалиұлы, Жамбыл облысы, Талас ауданының тумасымын. Бүгінде Тараз қаласында тұрамын. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегімін, мамандығым – педагог. Еңбек жолымды ауыл мектебінде тарих пәні мұғалімі болып бастап, бірнеше жыл мемлекеттік қызметте болдым, қазіргі уақытта Тараз сервис және технология колледжінде жастарды мамандыққа даярлау мақсатында еңбек етемін. Жолдасым екеуміз төрт бала тәрбиелеп, ата-анаммен бірге үлкен отбасында тұрамыз. Өздеріңізге мәлім, биыл елімізде алғаш рет мәслихат депутаттарын тікелей сайлау өткізіледі. Мен жылдар бойы жинаған тәжірибем мен біліктілігімді ел игілігі үшін жұмсау мақсатында сайлауға қатысу туралы шешім қабылдадым. Тараз қаласының және оның тұрғындарының проблемаларын жақсы білемін. Әсіресе шұғыл шешуді қажет ететін әлеуметтік саладағы, оның ішінде білім беру мекемелерінің жай-күйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жағдайы, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, жастар жұмыссыздығы туралы мәселелер. Сіздермен бірге осы өткір мәселелерді біз шеше аламыз деп ойлаймын. Күшімізді біріктіре отырып, әр тұрғынның тұрмыс сапасын едәуір арттыруға және тарихы терең көне қаламызды дамытуға ықпал ететінімізге сенімдімін. Осы ретте өзімнің сайлауалды бағдарламаммен таныстырғым келеді. «Қазақстанға терең тарихымен танымал және фосфорымен даңқы шыққан қаламызда бүгінгі күні 400 мыңнан астам адам тұрса, оның 16 мыңы осы біздің округтен. Тұрғындардың 16,1% өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 15,4% шағын және орта бизнесте, 15,4% медицина саласында, тағы 15,0% білім саласында, өнеркәсіпте 9,0%, 8% құқық қорғау органдарында жұмыс атқарса, қалған 21%-ды студенттер мен қамқорлықты қажет ететін зейнеткерлер, үй шаруасындағы көпбалалы аналар мен 100-ден аса мүгедектігі бар жандар құрайды екен, ал 1,5%-ы жұмыссыздар. Әлеуметтік нысандарға тоқталсақ, 3 жалпы білім беретін мектеп, 2 емдеу мекемесі және балабақшалар бар. Көпқабатты үйлердің алдында балалар алаңшалары, футбол алаңдары салынған. Күнделікті қажеттілік үшін дүкендер, дәріханалар, шаштараз салондары, көліктерді жөндейтін станциялар бар. Алайда әлі де шешуді талап ететін мәселелер көп. Атап айтсақ, 5-ші және 11-ші шағынаудандар арасынан өтетін «Қарасу» каналына көпір салу, ол каналды қоқыстан тазарту мәселесі. №25, 42-ші мектептерге болашақта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыну, аулаларды жөндеу, жарықтандыру, көпқабатты үйлер арасында спорт алаңшаларын салу және т.б. өзекті мәселелер.

Егер мені сайлап жатсаңыздар, мен мынандай бағыттарда жұмыс істеуге ықпал жасаймын:
1. «Саналы тәрбие – сапалы білім»:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын қала жастары арасында насихаттай отырып, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандығында білім алатын жастардың санын арттыруға ықпал ету;
– Қазақи салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жастарға дәріптейтін рухани бағыттағы үйірмелердің көптеп ашылуына үндеу қосу.
2. «Бар жақсылық – балаларға»:
– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік қолдау көрсете отырып, сапалы біліммен қамтылуына жағдай жасау;
– Толық емес отбасынан шыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастарға қолайлы орта қалыптастыру.
3. «Бұқара мен биліктің арасына алтын көпір»:
– Сайлаушылардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, көкейлерінде жүрген түйткілді мәселелерінің түйінін тарқату;
– Сайлау округіндегі тұрғындармен жиі жүздесіп, әлеуметтік мәселелеріне атқарушы биліктің назарын аудару.
4. «Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту»:
– Сайлауға түсіп жатқан округім бойынша шағын, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету;
– Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың барысын түсіндіріп, жобаларының жүзеге асуына ықпал ету.
5. «Инфрақұрылым – ел игілігіне»:
– Жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында округтегі спорт алаңшаларының санын арттыруға демеушілерді тартып, мәдени һәм демалыс пен спорт жарыстарын жиі ұйымдастыруға ықпалдасу;
– Округ бойынша абаттанбаған аулалар мен ағын су жүйелерін жаңғыртып, көпір салу, көшелерге жарық шамдарының көптеп орнатылуына және жолдарды жөндеуге билік өкілдерін шақырып, оңтайлы шешілуіне септігімді тигізу.
Құрметті жерлестер!
Қаламыздың, сіздер мен біздің болашағымыз өзімізге байланысты! «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – дейді түгел сөздің төресі Төле би. Сондықтан алда келе жатқан сайлауға округ тұрғындары белсене қатысып, ынтымағы мен бірлігін көрсетеді деп сенемін. Сіздерді үстіміздегі жылдың 19 наурызында өтетін сайлауға келіп, дауыс беруге шақырамын!

 

Тапсырыс беруші:№25 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат МАЙМЫШЕВ Б.Б.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.