Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алихан Айтбаев, кәсіпкер: «Жастарға тұрақтылық керек»

0 413

Ол тегеуріні мықты, өз ісінде көшбасшы, қаржы мен кәсіптің көзін таба білген азамат. Ол басқаратын дәмханалар қаламыздағы халық сүйіп баратын орындарға айналған. Бар болғаны 23 жасында палау орталығы мен жұртшылыққа нағыз түрік дөнерін ұсынатын кафе ашқан кәсіпкердің есімі – Алихан Айтбаев. Кейіпкеріміз өз бизнесін қалай бастағаны турасында және кездескен қиындықтары жөнінде кеңінен баяндап берді.

Ең алдымен кәсіпкерлікке басқан алғашқы қадамдарыңыз турасында айтып берсеңіз.

– Кәсіп ашып, бизнесмен болу – бала кездегі арманым болатын. Ең алғаш рет осыдан тоғыз жыл бұрын, 16 жасымда «Дәмдес» мейрамханасының жанында орналасқан шағын павильонды алып «I love doner» деген атау беріп, донер сатумен айналыстым. Айналымға жұмсаған ақшаны қайта өндіріп алса, ол сәтті бизнес деген сөз. Бұл іс мен үшін өте сәтті болды. Жұмсаған 150 мың теңге мен донер дайындайтын құрал-жабдықтардың ақшасын шығарып алдым. Бұл бизнесті басқа кәсіпкерге 2000 долларға саттым. Сол кезеңде бұл қомақты қаражат болатын. Осы ақшаға Түркияға демалуға бардым. Ол жақтан жаңа идеялармен келдім. Елге оралған соң оқуға көбірек мән бердім. Қазақ-түрік колледжін тәмамдап, Малайзияға оқуға түстім.

Лимвквокинг университетінде «Халықаралық бизнес» мамандығын үш жыл оқып, диплом алдым. Халықаралық кәсіпкер мамандығы бойынша Алматыда көп жұмыс ұсынылды. Таразда да бірнеше фирмалар жұмысқа шақырды. Тіпті 3 апта уақыт жұмыс істеп көрдім. Кеңседе бір орында тапжылмай отырғаннан жалығып, кейін мән-жайды түсіндіріп өз еркіммен жұмыстан шықтым. Еркіндік керек болды. Осыдан кейін 1,5 жыл бұрын «Изюм» палау орталығын аштым. Бұл істі бастарда қолымда дайын концепция болған жоқ. Қазақ-түрік колледжінде білім алған, қазіргі таңдағы мықты мотиватор Қуаныш Шоңбайдың «Rumi» асханалар желісін көріп, Таразда соған ұқсас дәмхана ашудың қадамдарын жасай бастадым. Негізі «Изюмді» ашқанда мейрамхана бизнесінің қыр-сырын жеткілікті меңгермеген болатынмын. Бұл істі бастау маған үлкен тәжірибе болды. Әр күніміз сабақ болғандықтан, әлі күнге дейін тәжірибе жинап жатырмыз.

– Белгілі бір кәсіпті бастарда жастар көбіне қандай кедергілерге ұрынады? Сіз қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Әр жас ақшаны басқарудың тетіктерін жақсы білуі керек. Бұл аса маңызды. Мысалы біреу бірнеше адамға қарыз делік. Барлығы одан өз ақшасын сұрай береді. Ол бере алмайды. Негізі қолында ақшасы бар. Мұның басты себебі оның өз қаржысын басқара алмайтынында. Сосын кәсіпкер болам деген жастың кезігетін тағы бір қиыншылығы – тұрақсыздық. Бұл мәселе менің де басымда болған. Адамдар жас кезінде барлығына үлгергісі келеді. Әр істің басын бір шалады. Ойлары шашыраңқы болады. Осыған байланысты ісінде нәтиже болмайды. Мысалы әлемге әйгілі «KFC» компаниясының басшысы Харланд Сандерс өз ісін 53 жасында бастаған. Осы жасқа дейін ол бір нысананы көздеп, соның қыр-сырын меңгерді. Бұл істің нәтижесі жақсы болатынына көзі жеткен соң барып кәсібін бастады. Осыған қарап жастарға өз мақсатына беріктік пен айтқанынан қайтпайтын қайсарлық қажет екенін аңғаруға болады. Мысалы қарапайым ғана шәй сататын компаниялар барлық дәмханаларға градусы бірдей бойлер ұсынады. Жас кәсіпкер келісімшарт жасасқан компаниядан градусы жоғары бойлер сұрауға жүрексініп, қонақтарына сапасы орташа шәй ұсынуға мәжбүр болады. Демек, жастарға батылырақ болу керек. Батыл әрі өзіне сенімді кәсіпкер ғана өз ісін дөңгелете алады.

– Екі дәмхананы да ашуға инвесторлардың көп септігі тигенін айтып жүрсіз. Олармен қандай талап бойынша жұмыс істейсіз?

– Негізінде инвесторларды қандай да бір ерекшеліктермен таңдандыру қиын. Алған қаржының қашан да сұрауы болады. Ивесторлар да берілген ақшаны өз маңдай терлерімен тауып отыр. Олар әрдайым өздеріне ыңғайлы тұстарын сұрайды. Мысалы сіз кассаны 300 мың теңгемен жабасыз. Сол соманың белгілі бір пайызын инвесторға беріп отырасыз. Ал мен өз қағидам бойынша кассаның 10 пайызын инвесторға қалдырып отырамын. «Turkish» кафесінің инвесторына айына 800 мың, «Изюм» палау орталығының инвесторына айына 1 500 000 теңге сомасында қаржы беріп келемін.

Бизнесмен мен кәсіпкердің айырмашылығы қандай?

– Бизнесмен мен кәсіпкердің үлкен айырмашылығы бар. Бизнесмен жүйені өзі жасап, сол жүйені қарамағындағы адамдарға тапсырып еркін жүреді. Ал кәсіпкер кәсіп жасайтын орнын өзі бақылауда ұстап, тапқан пайдасын есептеп, таңертең ашып, кешке кілттеп кетеді. Қазіргі таңда мен – кәсіпкермін. Бірақ бизнесмен болуға талпынып келемін. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай: «Кәсіпкер болуға талпыныңыздар» деп жиі айтады. Бір азамат одан: «Барлығы кәсіпкер болса кім жұмыс істейді?» деп сұрағанда «Кәсіпкер болу үшін ең алдымен өзіңіз жұмыс істейсіз, кәсіпкер дегеннің өзі жұмыс істейтін адам» деп жауап берген екен. Сол сияқты ресторатор болғыңыз келсе бірінші даяшы болыңыз, құрылыс компаниясын басқарғыңыз келсе алдымен құрылысшы болып көріңіз.

– Жас болсаңыз да бас болып жүрсіз. Басшы ретінде алдыңызға келген маманға қандай талап қоясыз?

– Мен алдыма келген маманға бірнеше сұрақтар қоямын. Ең алдымен күніне қанша ақша тапқысы келетінін сұраймын. Сұраған қаржысына келісемін. Одан кейін қанша сатылым жасайтынын сұраймын. Мысалы ол адам мекемеге 100 мың теңге көлемінде пайда әкелсе, ол сол қаржының 10 пайызын алуға лайықты. Менің жұмысым пайыздық жүйемен жүреді. Егер мен көп ақша тапсам, олар да көп айлық алады. Тапқан пайданың 50 пайызы қайтадан тауар алуға кетеді. 10 пайызы инвесторға, 10 пайызы коммуналды төлемдерге, 10 пайызы жұмысшыларға беріледі, 10 пайызы өзіме, қалған 10 пайызы алдын ала жоспарланбаған шығындарға кетеді.

– Қазақстандағы қандай бизнесмендерді үлгі тұтасыз?

– Мен үлгі тұтатын ең бірінші бизнесмен – әкем. Есімі Алтай Айтбаев. Бүгінде әкемнің ауылшаруашылық саласында өз ісі бар. Қандай да бір қиындыққа тап болсам, ең алдымен әкеммен ақылдасамын. Осы кезеңге дейін бір байқағаным, әкемнен алған ақылым көп жерде өз септігін тигізіп келеді. Тараз қаласында «Тәтті себет» дүкендер желісінің иесі Алмас Төлтаевтан да жақсы кеңестер аламын.

– Мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрдіңіз бе?

– Мемлекетке тұрақты түрде салық төлеймін. Бірақ ешқандай қолдау сұраған емеспін. Себебі бұл істі бастарда мен өз-өзіме сенімді болдым. Менің ойымша кәсіп жасап, іс қылып жатқанымыздың бәрі мемлекеттің арқасы. Өзіміздің сатып алған орнымыз бар, еркін ақша айналымы бар. Қызметімізді тұтынатын халық бар. Заманымыз тыныш. 50 адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Жастар жылынан қандай жаңалықтар күтесіз?

– Бұл жыл өз замандастарыма мол мүмкіндіктер сыйлайтынына сенімдімін. Еліміздің алға жылжып, экономикасының қарыштап дамуы үшін бизнес қауымдастықтар ашып, жастардың қаржылай сауаттылығын үлкен деңгейге көтеруге көбірек мән берілсе деймін. Себебі, қазір кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін, талпынысы мол жастардың саны көп.

– Болашақ бизнесмен ретінде өз кәсібіңіздің негізгі үш құпиясымен бөлісе аласыз ба?

– Ең алдымен қызметкерлерімен өте жақсы қарым-қатынаста болу керек. Аспаздан бастап еден жуушыға дейін есімдерін жатқа білсеңіз, бұл сыйластықтың белгісі. Гарвард университетінің ғалымдары «Бизнес бұл – қарым-қатынас» деп бекер айтпаған. Жақсы қарым-қатынас жемісті бизнестің кепілі. Кез келген бизнес өзінің иесі сынды болады. Егер иесі салақ болса оның жұмыс орны да лас болады. Ол өз мінін көрмейді. Өзіне қандай қарым-қатынас жасаса, бизнесіне де сондай қарым-қатынас жасайды. Екінші құпиясы – сөз, яғни уәде. Мысалы желіде тауарға жеңілдіктер болатынын хабарлап, келесі күні тұтынушы алдында жерге қарап, жеңілдік туралы ұмытып кетсек, халықтың бізге деген сенімі жоғалады. Сол үшін біз өз уәдемізге берік болуымыз керек. Үшінші құпия – ынта. Мысалы сіздің міндетіңіз үстелдің үстін сүртіп алу ғана болса, сіз оның астын да жинап алатын болсаңыз бұл кәсібіңізге деген ынтаны көрсетеді. Өзіңіздің жұмысқа деген күшіңізді әдеттегіден көбірек жұмсасаңыз соның тиісінше жемісін жейтін боласыз.

– Сізді Таразда қандай мәселелер қынжылтады?

– Маған ұнамайтын бір ғана жәйт бар. Ол – халықтың дөрекілігі. Әлбетте барлығы емес. Бірақ қызмет көрсету саласында жүргендіктен дөрекілікті көп көремін. Қоғамдық орындарда көп былапыт сөйлейтіндер бар. Қарапайым ғана мысал, даяшы сәл нәрседен қателессе жекіп, жер-жебіріне жетеді. Бұл бір жағынан мәдениетсіздік те шығар. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, әдемі орындар ашылып жатыр. Мысалы жақында ашылған саябақтарды алайық. Пайдалануға берілгеннен кейін келесі күні орындықтардың сынғанын, шамдардың қирап қалғанын көрдік. Алдағы уақытта үлкен сауда орындары іске қосылмақ. Жаңа мәдениет ошақтары халыққа есігін ашпақ. Халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар жұмысын бастамақ. Осының бәріне халық дайын ба? Мені осы сауал жиі мазалайды. Сонымен қатар қазақ баласының бір-бірімен жаға жыртысуы, бос уақытын текке кетіруі, қылмысқа баратын жастардың көптігі алаңдатады. Туристерге саусағын шошайтып, нұқып көрсететіні аздап ұялтады. Елу жылда ел жаңа демекші, уақыт өте келе бәрі түзеледі деген сенімдемін. Сондай-ақ халықтың жақсылықтан әбден үміт үзгенін жиі байқаймын. Сондай әлсіз жандарға көмек көрсетуді парызым деп санаймын. Егер белгілі бір жетістікке жеткен азаматтар бірігіп өз қоғамына пайда келтірудің әрекетін жасаса, біз тәрбиелі, интеллигент тұлғалардың қалың шоғырын қалыптастыра алар едік. Халық оларға қарап бой түзеуге талпынар еді. Кейде Астана, Алматы сынды ірі мегаполиске кетіп қалғым келеді. Бірақ осы шағын ғана, шағын болса да тарихы тереңде жатқан туған қаламның сервис сапасын көтеру маған әлдеқайда көбірек қуаныш сыйлайды.

Әлеуметтік желіден сіздің Елбасымен бірге түскен суретіңізді байқап қалдық. Бүгінгі жетістікке жетуіңізге сол оқиғаның әсері бар деп ойлайсыз ба?

– Әбден мүмкін. Елбасы менің нағашы апамның қолына пәтердің кілтін табыстаған. Апам 14 бала тапқан батыр ана. Ол кезде мен бар болғаны 11-12 жастағы баламын. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы бізбен бірге бір дастарқан басында отырды. Ол кездесу менің есімде қалатын оқиғалардың бірі. Бұдан кейін Елбасымен 9-мамыр Жеңіс күнінде кездестім. Үшінші рет Хазірет Сұлтан мешітінің ашылуында көрдім.

– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан
Арайлы Жақсылық
Суреттерді түсірген К.Бердецкий

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.